Accessibility links

Нарымбаевтың аштық жариялағанына 26 күн: ҚАЖК түсініктеме берді. Өміріне қауіп төнсе, аштықты тоқтатуға мәжбүрлеуі мүмкін


Полицейлер Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы алаңда өткен оппозицияның наразылық акциясынан белсенді Ермек Нарымбаевты әкетіп бара жатыр. 2010 жылғы 30 қаңтарда түсірілген фото.
Полицейлер Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы алаңда өткен оппозицияның наразылық акциясынан белсенді Ермек Нарымбаевты әкетіп бара жатыр. 2010 жылғы 30 қаңтарда түсірілген фото.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) түрмедегі белсенді Ермек Нарымбаевтың аштық акциясынан хабардар екенін мәлімдеді. Комитеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұтқын Ермек Нарымбаев 3 қазанда өтініш жазып, "сот шешімімен келіспегендіктен тамақтан бас тартатынын" айтқан.

"Мекеме әкімшілігі оқиға жөнінде прокуратура органдарына хабарлады" деп жазылған комитеттің баспасөз қызметінің Азаттыққа жіберген хабарламасында.

ҚАЖК баспасөз қызметі хабарламасында "аштық" деген сөздің орнына "тамақтан бас тарту" тіркесін қолданған. Комитеттің айтуынша, 3 қазаннан бері Нарымбаевты дәрігерлер "бақылауына алған".

"Қазіргі кезде денсаулығының жағдайы орташа. Ермек Нарымбаев 18 килограмға арықтады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазір тұтқын Ермек Нарымбаев шай, су ішеді, витамин, биологиялық белсенді заттар қабылдайды. Күн сайын мекеме психологтары онымен оңаша әңгіме жүргізіп, психодиагностика жасайды" деп жазылған комитеттің хабарламасында.

Бұған дейін адвокат Ғалым Нұрпейісов Ермек Нарымбаевтың 18 килограмға арықтап кеткенін, соған қарамастан аштықты тоқтатпауға бекінгенін хабарлаған еді.

- Өте әлсіз болып қалыпты, 18 килограмға арықтап кетіпті. Менімен кездесуге балдақпен шықты. Бірақ алған бетінен қайтпайтынын, аштығын тоқтатпайтынын жеткізді. Ол аштығының басты мақсаты – оппозицияның бірігуі екенін айтты. Саяси тұтқындарға қатысты мәселе шешілмесе, аштығын одан әрі жалғастырмақшы. Бұл ісімен қоғамды оятқысы келеді, - деді деген еді адвокат 26 қазанда Азаттық тілшісіне.

Ермек Нарымбаевтың жағдайы әлсіз екенін адвокат Жанар Балғабаева да растады.

"Жағдайы қатты мүшкіл деп айта алмаймын. Кейде онда "приступ" болады. Басы ауырады. Өте әлсіз. Энергиясын үнемдеу үшін ақырын қозғалады. Дәрігерлер оның қан қысымын, дене қызуын өлшейді. Қан қысымы 140/110, 140/90 болған. Егер жағдайы нашарлап, дәрігер рекомендация берсе, олар [түрме әкімшілігі] күштеу шараларын қолдануы мүмкін" деді 28 қазанда Жанар Балғабаева Азаттыққа.

52 жастағы Ермек Нарымбаев қазір Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА 155/14 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Ол аштық акциясын 2 қазанда бастаған.

Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп атаған Нарымбаев саяси белсенділігі үшін бірнеше рет қылмыстық жазаға кесілген. 2015 жылы қазанда "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған. Кейін апелляция соты оның жазасын жеңілдетіп, үш жылға шартты жазаға кесті.

2016 жылы Ермек Нарымбаев өзіне билік тарапынан қатер төніп тұрғанын айтып, Украинаға кетіп қалды. Ол биыл ақпан айының басында Қазақстанға оралған. Бірақ Алматы әуежайынан бірден полиция бөлімшесіне жеткізіліп, кейін қамалды. Адвокаттың айтуынша, оның әлі өтелмеген екі жарым жыл жазасы бар.

Қарай отырыңыз: "Құлыптасыма күлімсіреп тұрған суретімді қойыңдар". Диссидент Ермек Нарымбаев түрмеден өсиет-хат жолдады (19 қазан 2022 жыл).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG