Accessibility links

Бір топ белсенді 29 күннен бері аштық жариялап жатқан Ермек Нарымбаевтан акциясын тоқтатуды сұрады


Алматы Заречный кентіндегі ЛА 155/14 түрмесі. Азаттық архивіндегі сурет.
Алматы Заречный кентіндегі ЛА 155/14 түрмесі. Азаттық архивіндегі сурет.

Дүйсенбі, 31 қазанда қоғам белсенділері мен журналистер Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА 155/14 мекемесінде қамауда жатқан Ермек Нарымбаевқа барды. Кездесуге оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов пен саясаткер Рысбек Сәрсенбай ғана кірді. Екі сағаттан кейін шыққан Рысбек Сәрсенбай Нарымбаевтан аштықты тоқтатуды сұрағанын айтты.

- Адвокатымен кездесуге еш кедергі жоқ. Ермектің жағдайына қоғам назар аударып отырғанын айтып, кездесуге рұқсат сұрадым. Қысқа кездесуге рұқсат берді. Ермек таяққа сүйеніп келді. Әлсіреген, бірақ жағдайы жалпы жаман емес сияқты, өзін жақсы ұстап отыр. Су, көк шай ішеді, тамақтан бас тартқан, 114 келіден 85 келіге дейін арықтапты, - деді Рысбек Сәрсенбай.

Рысбек Сәрсенбайдың сөзінше, Ермек Нарымбаевпен кездесу кезінде алдағы президент сайлауы әңгіме болған. Нарымбаев "президент сайлауының қорытындысын, сайлау хаттамаларын бірден ОСК сайтына шығарса аштықты тоқтататынын, әйтпесе сайлау біткенше аштық акциясын жалғастыратынын" айтқан.

– Ермек осы арқылы күрес үлгісін көрсетіп отыр. Бұл – диванда жатып, не болмаса жалқауланып, сайлауға немқұрайды қарайтын адамдарға сабақ болуы керек. Ермек Нарымбаев сайлау учаскелерінің барлығында тәуелсіз бақылаушылар болуы тиіс, олар биліктің мәліметтерімен салыстыратындай мәлімет жинауы қажет" деп санайды, – деді Рысбек Сәрсенбай.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті түрмедегі белсенді Ермек Нарымбаевтың наразылық акциясынан хабардар екенін, ол аштық бастаған 3 қазаннан бері дәрігерлер "бақылауына алғанын" бұған дейін мәлімдеген.

Құқық қорғаушылар жасаған "саяси тұтқындар" тізіміне енген 52 жастағы Ермек Нарымбаев саяси белсенділігі үшін бірнеше рет қылмыстық жазаға кесілген. 2015 жылы қазанда "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған. Кейін апелляция соты үкімді жеңілдетіп, үш жыл шартты жазаға ауыстырған.

2016 жылы Ермек Нарымбаев өзіне биліктен қатер төнгенін айтып, Украинаға кеткен. Биыл ақпанның басында Қазақстанға оралғанда полиция оны Алматы әуежайынан бірден ұстап әкетіп, қамауға алған. Адвокаттың айтуынша, белсендіге сот кескен жазаның әлі өтелмеген екі жарым жыл мерзімі бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG