Қазақстандағы 7 мыңнан астам мектептің 7078-і интернет желісіне қосылған. Оның 90 пайызының интернет жылдамдығы талапқа сай келмейді. Бұл жөнінде 1 қарашада үкімет отырысында баяндама жасаған цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин хабарлады.
Министрдің сөзінше, Қазақстанда интернет желісіне қосылған 7078 мектептің 5122-сі ауыл мектебі, 1956-сы қала мектебі. 15 ауыл, 5 қала мектебі интернетке қосылмаған.
– Халықаралық электрбайланыс одағының талабына сәйкес, оқушы саны 400-ден астам мектептерге интернет жылдамдығы 20 оқушыға секундына кем дегенде 1 Мб болуы тиіс. Еліміздегі мектептердің 90 пайызы, яғни 6 мыңнан астам мектеп осы талапқа сәйкес келмейді, – дейді Бағдат Мусин.
Оның сөзінше, бүгінде 664 мектеп қана талапқа сай келеді. Ал 2810 мектеп осы талапқа сәйкес келмесе де, олар орналасқан елдімекендерде талшықты-оптикалық байланыс желісі бар.
2011 жылы Қазақстанның сол кездегі премьер-министрі Кәрім Мәсімов ақпарат және байланыс министрлігіне, білім және ғылым министрлігіне және "Қазақтелеком" мен "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорына интернет жылдамдығы жөнінен АҚШ-ты басып озып, Оңтүстік Кореяға жақындау жөнінде тапсырма беріп, 2012 жылы сол үшін қажетті қаржы бөлуді тапсырған болатын.
ПІКІРЛЕР