Accessibility links

Қаңтарда ұсталған белсенді Айдар Байсағатовтың кассациялық шағымы қаралмады


Белсенді Айдар Байсағатов (ортада) сот залында. Өскемен, 6 маусым 2022 жыл.
Белсенді Айдар Байсағатов (ортада) сот залында. Өскемен, 6 маусым 2022 жыл.

2 қарашада Жоғарғы сот азаматтық белсенді Айдар Байсағатовтың шағымын сот алқасының қарауына жіберуден бас тартты. Бұл жөнінде Азаттыққа адвокат Дәурен Толымханов хабарлады.

—Кеше алдын ала тыңдау өтті, біздің айтқандарымызды тыңдап, "[шағымды] бермейміз" деді. Енді Жоғарғы сот төрағасына шағым жазып, жауап алғаннан кейін [БҰҰ] Адам құқықтары комитетіне өтініш түсіреміз, – деді Толымханов.

Бес беттік өтініште адвокат Байсағатовты ақтауды, сонымен бірге бірқатар полиция қызметкерлерінің әрекетін заңсыз тануды сұраған.

Өскемен тұрғыны Айдар Байсағатов 3 қаңтарда қала орталығындағы алаңда ұсталған. Белсенді ол жерге газдың қымбаттауына наразылық білдірген Жаңаөзен тұрғындарын қолдау үшін барған. Белсендінің адвокатының айтуынша, ұстау кезінде Байсағатовқа заңсыз күш қолданылған. Полиция Байсағатовты медициналық куәландыруға күшпен жеткізуге тырысқан, бұдан соң полиция ғимаратында ас-сусыз 12 сағат ұстаған.

Кассациялық шағым бойынша алдын ала тыңдауға Айдос Байсағатов қатыстырылмады.

—Сот хатшысы оны қоспайтынын айтты. Өтініш жазып, не үшін қоспағанын сұрадым, – деді әпкесі, қоғамдық қорғаушысы Жанар Байсағатова.

Қазіргі кезде Айдар Байсағатов Семей қаласының қоныстандыру колониясында қамауда отыр. Адвокаттың ақпаратынша, белсендінің қамау мерзімі, тергеу изоляторында болған уақытын есептегенде 7 желтоқсанда аяқталады. Адвокат белсендінің құқықтарын қалпына келтіру үшін халықаралық ұйымдарға шағымданатынын жеткізді.

24 маусымда № 2 Өскемен қаласының соты Айдар Байсағатовты "билік өкіліне күш қолдану" бабы (380-бап, 1-бөлігі) бойынша кінәлі тауып, 1 жыл 4 айға бас бостандығынан айырған. Тамыз айында Шығыс Қазақстан облысы сотының апелляциялық алқасы сот үкімін өзгертпеді.

  • Айдар Байсағатов тергеу изоляторынан түрмеге 24 тамызда ауыстырылған. Сот үкімі шыққаннан кейін ол 3 қаңтардан бері қамауда отырған тергеу изоляторына жеткізілген. 10 маусымда қалалық сот оны үйқамаққа шығарған, алайда 23 маусымда қайта тергеу изоляторына қамады. Бірінші инстанциядағы сот кезінде прокурор оны үш жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
  • Өскеменде наразылық 5 қаңтарда өткен. Сол күні облыс әкімдігінің алдына шамамен үш мың адам жиналып, жаңаөзендіктерге қолдау білдірген. Кешкі сағат жеті шамасында наразылар билік өкілдерімен қақтығысып, демонстранттарды тарату үшін күштік құрылым өкілдері құлақ тұндыратын граната, қару қолданған. Үш адам қаза болған.
XS
SM
MD
LG