Ресей президенті Владимир Путин Ресей азаматтығы туралы заң жобасына бірқатар түзетулер енгізді. Ол мемлекетке "жақпайтын" әрекет жасағандарды, оның ішінде армия туралы жалған ақпарат таратқандарды азаматтықтан айыруға мүмкіндік беретін түзету ұсынды. Бұл түзетудің Ресейде туып, азаматтық алғандарға қатысы жоқ.
Заң жобасын қазір мемлекеттік дума қарап жатыр. Дума оны 5 сәуірде бірінші оқылымда қабылдаған. Путиннің ұсынысы бойынша, егер Ресейге келіп, азаматтық алған адам "мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекет" жасаса, мысалы Ресей армиясы туралы "фейк таратса" азаматтығынан айырылуы мүмкін.
Бұған қоса, Ресейде "жағымсыз ұйым" деп танылған "халықаралық ұйымдардың ісіне араласқандарды", Ресей армиясының "беделіне нұқсан келтіргендерді", Ресейдің территориялық тұтастығын бұзуға шақырғандарды да азаматтықтан айыру ұсынылған.
Одан бөлек, құжатта мемлекет қызметке қатысы жоқ адам ұрлау, тонау, ұрлық, бопсалау, бұзақылық, вандализм және өзге қылмыс жасағандардың да азаматтығын айыру көзделген.
"Ресей азаматтығы туралы" заң жобасын президент былтыр жыл соңында мемлекеттік думаға енгізген. Ресей азаматтығын бұрынғыша орыс тілі мен елдің тарихын білетін (үміткерлер арнайы емтихан тапсырады), қоғамдық тәртіпке қатер төндірмейтін азаматтар ала алады. Олар Ресей Конституциясын орындауы тиіс.
- Ресей Конституциясының 6-бабында Ресей азаматы азаматтығынан айырылмауы тиіс, оны өзгерту құқығы жоқ деп жазылған. Конституцияда туғаннан берілген азаматтық немесе кейін алынған азаматтық деп құқықтық тұрғыда ажыратылмаған.
- Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін 4 наурызда Владимир Путин Ресей армиясының беделіне нұқсан келтіру және олар туралы жалған ақпарат тарату туралы заңға қол қойған. Оған сәйкес, Украинадағы соғыс туралы ресми ақпараттан өзгешелеу пікір айтқан кез келген адам айыпталуы мүмкін. "ОВД-инфо" мәліметінше, 9 ай ішінде елде 4 мыңнан астам әкімшілік іс қозғалып, шамамен 250 қылмыстық іс қозғалған.
ПІКІРЛЕР