Accessibility links

Жаңатаста "Қазфосфат" жұмысшылары ереуілге шығып, жалақы өсіруді талап етті


Жаңатастағы "Қазфосфат" ғимараты.
Жаңатастағы "Қазфосфат" ғимараты.

25 қарашада Жамбыл облысы Жаңатас қаласында "Қазфосфат" компаниясының кенішінде ондаған жұмысшы жалақыны 100 пайызға өсіруді, еңбек жағдайын жақсартуды, құрал-жабдықтарды жаңартуды талап етіп, ереуілдетті. Олар жыл бойы кеніште жұмысшылар қаза тапқан, жараланған жазатайым оқиғалар көп болғанын айтады. Бұл туралы Informburo.kz сайты хабарлады.

"Кенішті толық жөндемейінше жұмысқа шығудан бас тартамыз. Жұмыс істеуден тартынбаймыз, бірақ адам өлімі жиілеп кетті. Жалақыны 100 пайызға көтеріп, экологиялық төлемді қайтарып, жас мамандарды үймен қамтамасыз етуді талап етеміз" деді ереуілге шыққан жұмысшылардың бірі.

Жергілікті билік "Қазфосфат" компаниясының "Қаратау" тау-кен кешенінің "Көксу" кен орнында жұмысшылар ереуілге шығып, жалақыны өсіруді талап еткенін растады.

Әкімдік жұмысшылар жұмысқа қайта шыққанын; 20 жұмысшы, цех басшылары, кәсіподақ өкілдерінен арнайы топ құрылғанын хабарлады. Жергілікті билік қазір жағдай тұрақталғанын айтады.

Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, ереуіл орнына "Қазфосфат" компаниясы басқарма төрағасының орынбасары мен бас директордың орынбасары, прокуратура өкілдері барған.

"Олар жұмысшылармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Прокурор қазіргі заңнаманы түсіндірді" деп хабарлады әкімдік.

Қыркүйекте "Қаратау" кенішінде бір адам қаза тауып, үш адам ауруханаға түскен. Сол кезде осы компанияда істейтін фельдшер Жанар Ахатова Азаттыққа кеніште жазатайым оқиғалар көбейгенін айтқан.

Маусымда 34 жастағы жұмысшының басына кірпіш құлап, ол жедел жәрдем ішінде көз жұмған. Шілденің басында 28 жастағы дәнекерлеуші мен 35 жастағы слесарьдың қазасы хабарланды. Шілденің ортасында 45 жастағы жұмысшы биіктен құлап қаза тапты.

23 қарашада Тараздағы "Қазфосфат" компаниясының жүздеген жұмысшысы да жалақы өсіруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп ереуілге шыққан. Билік бұл мәселе бойынша да жұмыс тобы құрылғанын айтқан.

Таразда "Қазфосфат" жұмысшылары неге ереуілдеді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:50 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG