Accessibility links

Тоқаев билігін күшейтіп, байлықты қайта бөле ме? Кремль бастаған одақтар ыдырап жатыр ма?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда жастармен кездесу кезінде сөйлеп тұр. 16 қараша 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда жастармен кездесу кезінде сөйлеп тұр. 16 қараша 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада қайта сайланған Тоқаев саяси экономияны өзгертетін реформаларды іске асыра ма, әлде билігін күшейтіп, байлықты қайта бөлумен шектеле ме деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар Кремль бастаған Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы мен Еуразия экономика одағы ыдырап жатқанын талдап, Ресейдің әлсіреуі посткеңестік дәуірдің соңын көрсететінін жазды.

ҚАЙТА САЙЛАНҒАН ТОҚАЕВ ЖӘНЕ ЕСКІ САЯСИ ЭКОНОМИЯ ЖҮЙЕСІ

АҚШ-тағы Bloomberg ақпарат агенттігі сайлауда жеңіске жеткен Тоқаев құрылымдық реформаларды іске асыра ма, әлде билігін күшейтіп, байлықты қайта бөлумен шектеле ме деген сұраққа жауап іздеді.

Мақала авторы Нариман Гизитдинов 69 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа мерзімге сайлануын көпшілік күткен нәтиже екенін, сайлауда кампания мен пікірталас жоққа тең болғанына назар аударады.

«Бұл еркін және шынайы сайлаудан гөрі коронацияға ұқсас», − дейді Лондондағы Prism Political Risk Management консалтинг компаниясының негізін салушы Кейт Маллинсон.

Автор Тоқаев инфляция он жыл бұрын болған жоғары көрсеткішке жақындап, 200 миллиард долларға тең экономика тәуекелдерді өткеріп жатқан тұста жаңа мандатқа қол жеткізуге тырысқанын жазады.

Қаңтар айында сұйытылған газ бағасының қымбаттауынан басталған қарсылықтың арты жаппай тәртіпсіздікке ұласып, Тоқаев «ескертусіз оқ атуға» бұйрық берді, кемі 238 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланды. Bloomberg қаңтар айында халықты көшеге алып шыққан экономикалық проблемалар әлі де күн тәртібінде тұрғанын келтіреді.

«Кезектен тыс сайлау Тоқаевты Назарбаевқа тәуелді емес, өз бетінше әрекет ететін тәуелсіз басшы ретінде заңдастырды», − дейді Парижде орналасқан қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыруға қарсы күрес мамандары қауымдастығының (ACAMS) сарапшысы Джордж Волошин.

Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев Назарбаев мұрасын жоюға кірісіп, оны Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметінен алды, артынша оның одақтастарын шеттетті. Тоқаев құрылымдық реформаларды іске асыруға шақырып, экс-президент отбасының активтерін нысанаға алды, Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысы мен Назарбаевтың немере інісін қамауға алды.

Қарай отырыңыз: Дауыс беруге келген Назарбаев Кәрім Мәсімов пен Қайрат Сатыбалды ісі жөнінде айтты (Астана, 20 қараша 2022 жыл).

Дауыс беруге келген Назарбаев Кәрім Мәсімов пен Қайрат Сатыбалды ісі жөнінде айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:29 0:00

Тоқаевтың сыншылары ол ескі жүйені біржолата жоя ма, әлде билігін күшейтіп, байлықты қайта бөлумен шектеле ме деген сұраққа кесімді жауап айта алмайды. Мемлекет активтерімен байланысты кей мәміле бойынша ашықтық әлі де аз.

«Тоқаев патрон-клиент қарым-қатынасының жаңа жүйесін құратын тәрізді. Бастапқы белгілер ол қазақ халқы үшін саяси экономияны өзгертуден гөрі экономиканы бұрынғы адамдар мен оларға қосылатын бірен-саран жаңа адам басқаратын жүйе қала беретінін көрсетеді», − дейді Маллинсон.

"КРЕМЛЬ БАСТАҒАН ОДАҚТАРДЫҢ ЫДЫРАУЫ" ЖӘНЕ "ПОСТСОВЕТТІК ДӘУІРДІҢ СОҢЫ"

Мәскеу бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен Еуразия экономика одағындағы ішкі қайшылық пен алауызық күшейіп жатыр. Бұған себеп – Ресейдің Украинадағы соғысы. Постсоветтік кеңістіктегі саяси және әскери оқиғаларды зерттеуші Эмиль Авдалиани Eurasia review басылымындағы мақалада осылай дейді.

Зерттеушінің пайымдауынша, Ресейдің Украинадағы соғысы бұл ұйымдарда әу бастан бар әлсіздік пен қатысушы елдердің тек жеке мүддесін ғана көздейтін өзімшілдігін ушықтыра түсті.

Биыл күзде Армения мен Әзірбайжан арасында Таулы Қарабақ аймағындағы қарулы қақтығыс кезінде Ереван Ұжымдық қауіпсіздік күштерінен көмек сұраған. Авдалиани ҰҚШҰ жарғысына сәйкес, ұйымға қатысушы мемлекетке басқа мемлекет немесе мемлекеттер тобы басқыншылық жасаса, бұл ұйымға мүше елдердің бәріне жасалған басқыншылық болып есептеледі деген бапты еске салады. Келісімшартқа сәйкес, мұндай жағдайда басқа қатысушы мемлекеттер көмек көрсетуі керек. ҰҚШҰ-ға қатысушы елдер Таулы Қарабақ Арменияның аумағы болмағандықтан, бұл міндеттеме қолданылмайтынын алға тартты.

Ресейдің көмекке келмеуі Арменияның ұйымға күмән келтіруіне түрткі болды. 23 қарашада Ереванда өткен ҰҚШҰ саммитінде Армения премьер-министрі Никол Пашинян ҰҚШҰ-ны Әзірбайжанмен соғыста Арменияны қолдаудан бас тартқаны үшін сынады. Пашинян оқиғаға байланысты ҰҚШҰ реакциясы жөнінде ортақ шешімнің болмауы ұйымның беделіне орасан нұқсан келтіргенін жеткізді. Сонымен қатар ол «Арменияға көмек көрсету бойынша ортақ шаралар туралы» құжаттар жобасына қол қоюдан бас тартты. Оның пікірінше, құжат Әзірбайжанмен қақтығыста Ереванның алаңдаушылығын қамтымаған.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің Еревандағы саммиті. 23 қараша 2022 жыл.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің Еревандағы саммиті. 23 қараша 2022 жыл.

Автор ҰҚШҰ басқа майданда да проблемаға тап болғанын еске салады. Қыркүйекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшелері Самарқанда кездескенде Тәжікстан көрші Қырғызстанға шекарада шабуыл жасады. Екі ел де ҰҚШҰ-ға мүше. Сол жолы да ҰҚШҰ мен Путин реакция білдірмеді. Артынша Қырғызстан өз аумағында жоспарланған ҰҚШҰ жаттығуын өткізуден бас тартты.

Бір-бірінен алшақ жатқан екі аймақтағы оқиғаның себебі бір. «Ресейдің постсоветтік кеңістіктегі орны көмескіленіп жатыр».

Ресей бастаған тағы бір одақ – Владимир Путиннің бастамасы деп есептелетін, 2015 құрылған Еуразия экономика одағы да бірқатар проблемаға тап болды. Автор құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей кіретін ұйымның кемшіліктер 2022 жылға дейін-ақ басталған деп есептейді, ірі қатысушы Мәскеу басқа мүше елдерге өз шарттарын таңатын. Соғыс басталғалы бұл ұйымның ішіндегі қайшылықтар күшейді.

«Мүше елдер Ресей экономикалық «менмендігінің» құрбаны болдық деп шағымданады». Ресейің еш ескертусіз қазақ мұнайын экспорттайтын құбыр жұмысын тоқтатуы, Орталық Азиядан келген мигранттарға Ресейде жасалып жатқан қысым, сауда жасауда кедергілерді алып тастау туралы біржақты талаптар осыған мысал.

Автор Қазақстан Каспий теңізі мен Оңтүстік Кавказ арқылы Ресейді айналып өтетін дәліздерді дамытуға тырысып жатқанына назар аударады. Әзірге бұл дәлізбен өтетін экспорт көлемі аз болса да, бұл Астананың Ресейге географиялық және экономикалық тұрғыдан тәуелділікті азайтуға талпынып жатқанын көрсетеді.

«Еуразия экономика одағы мен ҰҚШҰ ыдырап жатыр, оларға жаңа мүше елдер қосылады деген белгі жоқ... Ресейдің көпжақты ынтымақтастығының әлсіреуі Еуразиядағы постсоветтік дәуірдің соңын көрсетуі мүмкін», − дейді Авдалиани.

Кремль ықпалы әлсіреп, саудада санкцияларға ұрынған кезде Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия басқа ойыншылармен қарым-қатынасты жолға қойып жатыр. Ресей − Түркия, Қытай және Иран тәрізді көптеген ойыншылардың бірі ғана болатын жаңа кезең басталды. Автордың талдауынша, бұл сонымен қатар Батысқа Кавказ бен Орталық Азиядағы ықпалын күшейтуге жол ашады.

Канадада шығатын Geopoliticalmonitor басылымы Астана мен Мәскеудің қарым-қатынасы күрделі, қисынға оңай салып түсіндіре салатын дүние емес, сондықтан жан-жақты талдауды қажет ететінін жазады.

Шетелде қуғында жүрген экс-банкир Мұхтар Әблязов 15 қазан күні Facebook-те жазған жазбасында Тоқаевты Путинге тәуелді деп сынаған. Бұған Тоқаевтың ТМД басшыларының кездесуінде орыс тілін дамытуды көздейтін ұйым құруды ұсынған мәлімдемесі түрткі болды.

Вашингтондағы Second Floor Strategies консалтинг компаниясының президенті, Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы геосаяси мәселелерді зерттеуші Уайлдер Алехандро Санчес Әблязовтің осы жазбасына тоқталып, Мәскеу мен Астана қарым-қатынасын қожайын мен оған тәуелді қызметші деп қарастыруға болмайтынын жазады. Қазақстан Ресей бастаған одақтарға мүше болғанымен, Украинаға басып кіруді қолдаған жоқ. Соғыс басталғалы Қазақстан әлемдік нарыққа шығу үшін басқа сауда серіктестерін іздеді. Сондықтан Әзірбайжан, Грузия, Қазақстан мен Түркияны жалғайтын Транскаспий дәлізіне бет бұрды.

Автор елдің солтүстігінде миллиондаған этникалық орыстар тұратынын еске салады. Ал бұл зерттеушінің ойынша, Мәскеу дәл Украинадағыдай әскери операция үшін орыс ұлтының өкілдерін қорғауды сылтау етуі мүмкін деген сөз. Сондықтан Қазақстан «ұлттық тұтастығын сақтау сақтау үшін Ресеймен жылы қарым-қатынас ұстануы керек»

Сауда факторы да маңызды, бұл ретте аймақтағы бірде-бір ел Ресейді алмастыра алмайды, осы себепті Қазақстан Мәскеумен жылы қарым-қатынасқа басымдық береді. Мәскеудің соғысын ескерсек, Астананың агрессияға танытпай, дипломатиялық қарым-қатынас ұстануы қисынды. «Астана Мәскеу соңынан ермейтінін анық көрсетті, бірақ белгілі бір шектен шыға алмайды. Яғни қарым-қатынасты біржолата үзу мүмкін емес», − дейді Санчос.

ЖҰМЫСЫН ТОҚТАТҚАН McDONALD'S ЖӘНЕ САЯСИ ФАКТОР

Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымы АҚШ-тың фаст-фуд желісі McDonald’s компаниясының Қазақстандағы франчайзиі Food Solutions KZ елдегі барлық мейрамханалардың жұмысын тоқтатқанына назар аударды. Компания мұны қажет өнімдерді елге жеткізудің тоқтап қалғанымен түсіндірді.

18 қараша күні елдегі McDonald’s желісінің 24 мейрамханасы жабылды. Food Solutions KZ мейрамханалардың қашан ашылуы мүмкін екенін ашып айтпады. Басылым өнім жеткізу тізбегі Украинадағы соғысқа байланысты бұзылған болуы мүмкін деп болжайды. Қазақстанға импорттың көп бөлігі Ресей арқылы жеткізілетін.

Мәскеу Украинаға басып кірген соң McDonald’s Ресейден кетті. Оның орнын басамыз деп нарыққа шыққан «Вкусно и точка» қаңырап қалған McDonald’s мейрамханаларын бургер сататын орынға айналдыруға тырысты. Бастапқы кезде «Вкусно и точка» McDonald’s -тың фри картобын пайдаланып жүрді, бірақ ол бір күні таусылды. Басылым, бәлкім, Қазақстандағы McDonald’s та осы мәселеге тап болуы мүмкін деп топшылайды.

Қазақстандағы McDonald’s франшизасына Назарбаевтың жақтасы, Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы – Қайрат Боранбаев иелік етеді. Биыл наурызда құқық қорғау органдары оны «казимемлекеттік секторда ірі көлемде қаржы жымқырды» деп қамауға алған. «Қазақстандағы McDonald’s-тың жабылуына саяси факторлардың қатысы бар-жоғы белгісіз».

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG