25 қарашада Ұлытау облысының әкімшілік орталығы Жезқазғанда "Қазақмыс Смэлтинг" мыс қорыту зауытының ондаған жұмысшысы жуырда компания директоры қызметіне тағайындалған Бексұлтан Қасымбековтің отставкасын талап етті.
—Директор қызметінен алып тастауды талап етеміз, оның саясатына көңіліміз толмайды, – деді Азаттыққа жұмысшылардың бірі.
"Қазақмыс" Телеграм-арнасында бұрын Қасымбековтің сол компанияның Балқаштағы мыс қорыту зауытында жұмыс істегенін жазды.
Ондаған адамның көшеге шығып, жаңа директордың қызметіне қарсылық білдіргені жайлы ақпаратты әлеуметтік желіде жарияланған видеолар да растай түседі. Видеоларды жұмысшылардың өздері түсірген.
Онда жұмыс формасын киген ондаған адамның мыс қорыту зауыты аумағында тұрғаны және кәсіпорын менеджерлеріне талаптарын айтып жатқаны көрінеді. Кейін олардың басшылықпен келіссөз жүргізе бастағаны хабарланды.
Азаттық тілшісі "Қазақмыс" компаниясынан жағдайға түсініктеме беруін сұрады. Компания өкілдері әуелі ақпаратты кейінірек тарататынын айтқанмен бірнеше сағаттан соң ресми сауал жіберуді өтінді. Олар ереуіл жайлы ақпаратты терістеген жоқ.
Азаттық тілшісі сонымен бірге Ұлытау облысы әкімдігіне де хабарласты. Олар "ереуіл жөнінде білмейтінін, талаптардан хабарсыз екенін" жеткізді.
— Мыс зауыты қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. Барлығы жұмыс орнында. Кәсіпорында жағдай өзгерді деуге негіз жоқ, – деді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Азаттыққа.
Кейін зауыт жұмысшылары Азаттыққа басқа директордың тағайындалғанын хабарлады. Әзірге ақпарат ресми түрде расталмады.
Компания сайтындағы ақпаратқа сәйкес, "Қазақмыс" әлемде мыс концентратын өндіру бойынша 20-орында және тазартылмаған және катодты мыс шығару бойынша 12-орында тұр. Компания Балқаш, Жезқазған және Қарағандыдағы өндіріс ошақтарында орналасқан байыту фабрикалары, мыс қорыту зауыттарына ие. Онда 37 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
"Қазақмыс" тобына кіретін "Қазақмыс Смэлтинг" катодты мыс, тазартылған алтын мен күміс өндірумен айналысады.