Шамамен 150 мың халық тұратын Павлодар облысындағы Екібастұз қаласы қақаған аязда жылусыз қалды. Жергілікті жылу электр станциясының хабарлауынша, 27 қарашада түнгі сағат 1:20 шамасында құбырлар ажырап, соның салдарынан №11 қазанагрегат істемей қалған. Одан кейін тағы үш агрегат жұмысы тоқтаған.
Жергілікті тұрғындар үйлерінің тастай суық екенін, пальто мен куртка киіп отырғанын хабарлады. Компания өкілдері жағдайды тұрақтандыру үшін қолдан келген нәрсенің бәрін жасайтынын айтты.
"Қазіргі кезде №8 және №14 қазанагрегаттарды іске қосып жатырмыз. Жөндеу бригадасы жасақталды. Жақын арада параметрлер қалпына келеді. Жағдай ушықпас үшін қала тұрғындарынан желідегі суларды ағызбай тұруын сұраймыз. Тек құбырлар суып, үй жылу жүйесінен толық ажыратылған жағдайда ғана суды ағызуға болады" деп хабарлады жылу электр станциясының өкілдері.
Жергілікті тұрғындар What’sApp'тағы +7 701 705 49 57 нөміріне апаттар жөнінде хабарлай алады.
Қараша айында Шығыс Қазақстан облысындағы 55 мың халық тұратын Риддер қаласы аязда жылусыз қалған. Жылу маусымы басталғалы бері жергілікті жылу электр станциясындағы тозған қазандықтар бірінен соң бірі жұмысын тоқтата бастаған.