Катардағы әлем кубогы басталарда Германия мен Бельгия топтық кезеңнен өте алмай қалады десе ешкім сенбес те еді. Сарапшылар екі елдің құрамасын фавориттердің қатарына да қосқан. Бірақ бұл чемпионат енді екі елдің құрамасынсыз жалғасады. Есесіне Марокко араға ұзақ уақыт салып, әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты. Ал Жапония өз тобындағы екі фаворит – Германия мен Испанияны жеңіп, 1/8 финалға бірінші орынмен өтті.
ГЕРМАНИЯ ЕКІ ӘЛЕМ КУБОГЫ ҚАТАРЫНАН ТОПТАН ШЫҒА АЛМАДЫ
Е тобында 1 желтоқсанда өткен соңғы турда Жапония құрамасы Испанияны 2:1 есебімен жеңсе, Германия Коста-Рикадан 4:2 есебімен басым түсті.
Бұл топта кім озып шығатыны соңғы минутқа дейін белгісіз болған. Алғашқы турда Жапония Германияны 2:1 есебімен жеңіп кеткен еді, ал Испания Коста-Риканы 7:0 есебімен басым түскен.
Екінші турда жапондар Коста-Рикадан 0:1 есебімен жеңіліп қалған. Германия мен Испания 1:1 есебімен тең түскен.
Барлық мәселе үшінші турда шешіліп, Жапония екі жеңіс, бір жеңіліспен алты ұпай жинап (жеңіс үшін үш ұпай, тең ойынға бір ұпай беріледі, жеңілсе ұпай берілмейді), топтан бірінші орынмен шықты. Испания мен Германия төрт ұпайдан жинады, ал доп айырмасы бойынша Испания басым болып, 1/8 финалға өтті.
2014 жылы әлем чемпионы атанған Германия екінші әлем кубогы қатарынан топтан шыға алмай қалды. 2018 жылы Ресейдегі әлем кубогында бұл елдің құрамасы Мексика мен Оңтүстік Кореядан жеңіліп, жарысты ерте аяқтаған еді.
Әлем чемпионатына жетінші рет қатысып жатқан Жапония осымен үшінші рет 1/8 финалға өтті. Бұл елдің құрамасы әзірге ширек финалға шықпаған. Жапон футболшылары 2018 жылы 1/8 финалда Бельгиядан 2:3 есебімен жеңіліп қалған еді.
БЕЛЬГИЯ 24 ЖЫЛДА АЛҒАШ РЕТ ПЛЕЙ-ОФФ КЕЗЕҢІНЕ ШЫҒА АЛМАДЫ
Ал 2018 жылғы әлем кубогында қола медаль алған Бельгия Катардағы әлем чемпионатында топтан шыға алмай қалды. F тобында Бельгия Канаданы 1:0 есебімен жеңгенімен, кейін Мароккодан 0:2 есебімен жеңіліп, Хорватиямен 0:0 есебімен тең түсті. Бұл нәтиже Бельгияның жарысты жалғастыруына жеткіліксіз болды.
Ал Бельгияны, Канаданы жеңіп, Хорватиямен тең түскен Марокко F тобынан алты ұпаймен бірінші орын алды. Хорватия Канаданы жеңіп, Бельгия және Мароккомен тең түсіп, бес ұпаймен топтан екінші орынмен шықты.
Бельгия 24 жылда бірінші рет әлем чемпионатын топтық кезеңнен аяқтады. Бұл елдің құрамасы 1998 жылғы әлем кубогында топтан шыға алмаған. Марокко құрамасы араға 36 жыл салып, әлем чемпионатында 1/8 финалға өтті. Марокко футболдан 1986 жылғы әлем кубогында 1/8 финалға дейін жеткен еді.
Cонымен 1/8 финалдың қазіргі дейін белгілі болған жұптары:
- 3 желтоқсан: Нидерланд – АҚШ
- 3 желтоқсан: Аргентина – Австралия
- 4 желтоқсан: Англия – Сенегал
- 4 желтоқсан: Франция – Польша
- 5 желтоқсан: Жапония – Хорватия
- 6 желтоқсан: Марокко - Испания
Қалған екі жұп G және H топтарында анықталады. G тобынан Бразилия, H тобынан Португалия плей-офф кезеңіне шығып қойған. G тобынан қалған бір жолдамаға Швейцария, Сербия және Камерун таласса; H тобынан Гана, Оңтүстік Корея, Уругвай плей-офф кезеңіне шығуға тырысады.
Катардағы әлем кубогының финалы 18 желтоқсанда өтеді.
ПІКІРЛЕР