Accessibility links

Атырау соты сенат сайлауына кандидат ретінде тіркеле алмаған белсенді Макс Боқайдың өтінішін орындамады


Макс Боқай.
Макс Боқай.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2016 жылғы жер шеруінде елге танылған жергілікті азаматтық белсенді Макс Боқайдың облыстық аумақтық сайлау комиссиясына қарсы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты.

Макс Боқай 12 желтоқсанда 2023 жылы 14 қаңтарға белгіленген парламент сенаты депутаттарының сайлауына өз кандидатурасын ұсынып, тиісті құжаттарын тапсырған. Алайда облыстық сайлау комиссиясы 14 желтоқсанда оның кандидатурасын тіркеуге соттылығы кедергі деп жауап беріп, құжаттарын кері қайтарған. Бұл туралы Боқай 15 желтоқсанда Фейсбуктағы парақшасында да жазған болатын.

Ол онда 2012 және 2016 жылдары мәслихат сайлауына өз кандидатурасын ұсынған кезде Назарбаев билігі тіркемегенін, енді Тоқаев билігіне сенбегеніне қарамастан сайлауға түсуге ниетті екенін жазған.

Боқай аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен келіспей, оны заңсыз деп санап, сотқа талап-арыз берген. Ол талап-арызында соттан комиссияның хаттамалық шешімін парламент сенатының депутаттығына кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкес деп тануға мәжбүрлеуді сұраған.

Боқай аумақтық сайлау комиссиясының шешімі Конституция, конституциялық заң және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге сай болуы тиіс екенін айтады. Сол себепті, ол мемлекет істерін басқаруға өзінің тікелей қатысу құқығын іске асыруға бас тартқан комиссияның шешімі Конституцияға қайшы келеді деп санайды және оның адам ретінде де, азамат ретінде де мемлекет істерін басқаруға тікелей қатысудағы конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзып отыр деп есептейді.

21 желтоқсанда істі қараған сот "Сайлау туралы" заңның 4-бабының 4-тармағының 1-тармақшасын алға тартып, Боқаевтың соттылығы оның сенат депутаттығына кандидат ретінде тіркелуіне кедергі келтіретінін атап өтіп, арызын қанағаттандырмады.

Шешіммен келіспеген белсенді апелляциялық шағым түсіретнін айтты.

Макс Боқай 2016 жылғы "Жер митингілері" кезінде белсенділігімен көзге түскен. Ол жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға рұқсат беретін ережелерге қарсы топты бастап, наразылық ұйымдастырған. Көп ұзамай тағы бір белсенді Талғат Аян екеуі "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен қамауға алынып, бес жылға сотталған. Құқық қорғаушылар "істің саяси астары барын" айтқан.

Талғат Аян 2018 жылы түрмеден уақытынан бұрын босап шықты. Ал Боқаев кесілген мерзімді толық өтеп, былтыр ақпанда қамаудан шықты. Бірақ оған көп шектеу қойылған.

Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, Боқайдың соттылығы әлі өтелмеген.

Бұған дейін алматылық белсенді Әлнұр Илияшев те сенат сайлауына кандидат ретінде тіркеле алмаған еді. Жергілікті сайлау комиссиясы оған да сотталғаны кедергі деген. Дегенмен мұндай шектеу сайлау заңы мен Конституцияда бұрын сотталғандарға емес, қазір түрмеде отырғандарға қатысты екені жазылған.

Билік әзірге тіркеле алмаған белсенділердің өтініштеріне байланысты реакция білдірмеді.

Қазақстанда сенат депутатарының сайлауы 2023 жылы 14 қаңтарда өтеді. Жоғарғы палатадағы 50 депутаттың жартысына жуығы жаңарады. Сенат депутаттарын жергілікті мәслихат депутаттары сайлайды. Тағы 10 депутатты президент тағайындайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG