Accessibility links

"Сайлау туралы заң Конституциядан жоғары". Белсенділер неге сенат депутаттығына үміткер бола алмады?


Қазақстан кезектен тыс президент сайлаған күні "бәсекесіз сайлауға" наразылық білдіріп тұрған Oyan, Qazaqstan қозғалысы белсенділері. Көп ұзамай оларды полиция әкетті. Алматы, 20 қараша 2022 жыл
Қазақстан кезектен тыс президент сайлаған күні "бәсекесіз сайлауға" наразылық білдіріп тұрған Oyan, Qazaqstan қозғалысы белсенділері. Көп ұзамай оларды полиция әкетті. Алматы, 20 қараша 2022 жыл

24 желтоқсанда Қазақстанда сенат сайлауына үміткер тіркеу аяқталады. Кандидат болып тіркеле алмаған кемі үш белсенді конституциялық құқығы бұзылғанына шағымданып, сайлау комиссиясын сотқа берді. Айтуларынша, кандидат болуға Конституцияда құқығы бар, бірақ басты заңнан төмен "Сайлау туралы" заңда шектеу қойылған. Ал барлық талапқа сай келгендер соңында мәслихат депутаттарынан қолдау таппаған.

"БЕЛСЕНДІЛЕР ҮНЕМІ КЕДЕРГІГЕ ТАП БОЛАДЫ"

Азаматтық белсенді Әлнұр Илияшев – 14 қаңтарда өтетін сенат сайлауына кандидат болып тіркеле алмағандардың бірі. Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясы "Сайлау туралы" заңға сүйеніп, "сотталып, жазасы өтелмеген немесе алып тасталмаған адам кандидат бола алмайтынын" айтып, оны тіркемеген. Орталық сайлау комиссиясының да жауабы сондай.

– Билік азаматтық белсенділер, оппозиция лидерлері туралы "елдің дамуы үшін ештеңе істемейді, тек сынауды біледі, әрекет етпейді" деп жиі айтады. Бірақ белсенділер үнемі кедергіге тап болады. Өйткені елдегі құқық жүйесі оларға қарсы жасалған, – дейді ол.

Сенат сайлауына белсенділерді тіркемеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:11 0:00

Конституцияның 51-бабының 4-тармағында ел "аумағында кейінгі он жылда тұрақты тұрып жатқан адам парламент депутаты бола алады. Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам сенат депутаты бола алады" деп жазылған.

Тек "әрекетке қабілетсіз және бостандығынан айырылған адам ғана сайлауға қатыса алмайды" делінген.

Бірақ "Сайлау туралы" заңда депутат болатын адамға тағы екі талап бар. Мәселен, "сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңды бұзған адам және сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген не алып тасталмаған адам" кандидат болып тіркеле алмайды.

– Олай болса кем дегенде негізгі заңда "Конституциялық заңда кандидатқа қосымша талаптар қойылуы мүмкін" деп жазылуы керек. Президент сайлауы туралы мұндай ескерту жазылған. Бірақ парламентке қатысты ондай ештеңе көрсетілмеген. Осылайша сайлау комиссиялары ең бірінші негізгі заңды басшылыққа алмай, одан төмен тұрған заңға сүйеніп отыр. Конституцияда сотталған адамның өтелмеген жазасы туралы сөз жоқ. Ал мен, көріп тұрғаныңыздай, бостандықтамын. Бұл – абсурд. Төменгі дәрежелі "Сайлау туралы" заң Конституцияға сәйкес келмейді, – дейді Илияшев.

Әлнұр Илияшев Конституциядағы құқығын алға тартып, Алматы қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына сайлау комиссиясының үстінен арызданған еді. Сот та "Сайлау туралы" заңға сілтеме жасап, жазасы толық өтелмеген адам кандидат бола алмайды деп, Илияшевтың арызын қанағаттандырмады.

Азаматтық белсенді Әлнұр Илияшев аумақтық сайлау комиссиясы ғимараты жанында тұр. Алматы, 22 сәуір 2022 жыл
Азаматтық белсенді Әлнұр Илияшев аумақтық сайлау комиссиясы ғимараты жанында тұр. Алматы, 22 сәуір 2022 жыл

Әлнұр Илияшев 2020 жылы биліктегі "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясын Facebook-те сынағаны үшін "көпе-көрнеу жалған ақпарат таратты" деген айыппен жауапқа тартылып, сот үкімімен үш жылға бостандығы шектелген еді. Ол бұл шешімнің "саяси астары бар" деп санайды. Оның соттылығы толық жойылуына дейін әлі үш жылдай бар.

Атыраулық белсенді Макс Боқай да Конституцияда жазылған құқығын алға тартып, депутат болуға құжат тапсырған. Бірақ өтелмеген жазасының кесірінен тіркеле алмады.

Ол да Илияшев сияқты, сайлауға қатысуға толық хақы барын айтып, Атырау аумақтық сайлау комиссиясының үстінен сотқа арыз жазды.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Боқайдың өзін сенат депутаттығына үміткер етіп тіркеу туралы талабын қанағаттандырмады. Судья да белсендінің өтелмеген қылмыстық жазасы бар екенін, оны толық өтеген соң ғана сайлауға қатысуға құқылы болатынын айтты.

Макс Боқайдың соттылығы 2027 жылдың ақпанында толық жойылмақ.

Ол 2016 жылы қарашада жер реформасына қарсы Атырауда өткен митингіге қатысқаны үшін және көрінеу жалған ақпарат таратты деп сотталған еді. Бірақ адвокаты да, өзі де бұл айыппен келіспеді. Белсенді жазықсыз сотталғанын айтады.

– Қоғамдық жұмыспен айналысып жүргеніме 20 жыл болады. Азаматтық белсендінің де өсу сатысы болады. Соның бірі – сенат, мәжіліс, мәслихат сияқты мемлекеттік органда жұмыс істеу. Атырауда жүріп, коммуналдық шаруашылық мәселелерімен айналыстым, қордаланған біраз мәселені көріп, естіп жүрмін. Шамам келгенше соны шешуге атсалыстым. Бірақ одан да жақсы нәтиже шығару үшін адамның қолында билік болуы керек екен. Сол үшін кандидатурамды ұсындым, – дейді ол.

Макс Боқай "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін" деген талаппен акция өткізіп тұр. Атырау, 10 желтоқсан 2021 жыл. Оқырман жіберген сурет.
Макс Боқай "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін" деген талаппен акция өткізіп тұр. Атырау, 10 желтоқсан 2021 жыл. Оқырман жіберген сурет.

Макс Боқай алты жыл бұрын да мәслихат депутаты болуға талпынған. Бірақ ол әрекеті де сәтсіз болды.

Алматыда азаматтық белсенді, дәрігер Қайырғали Көнеев те аумақтық сайлау комиссиясының үстінен сотқа арыз берді. Оны комиссия "бір жарым ай көлемінде еш мекенжайда тіреуде болмағансың" деп тіркемей тастаған.

– Кейінгі үш жыл Алматыда тұрақты тұрғаныма осы жердегі емханада жұмыс істегенім де дәлел. Комиссия "мүмкін сіз басқа қалада тұрып, қашықтан жұмыс істеген шығарсыз" деген уәж айтады. "Мен дәрігермін, ондай мүмкіндік жоқ" десем, түсінбейді. Заңда "тіркеуде тұрған" емес, "тұрақты тұрған" делінген. Орталық сайлау комиссиясы да арызымды қанағаттандырмады, – деді ол Азаттыққа.

Белсенді Әлнұр Илияшев енді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылатын Конституциялық сотқа шағымданбақшы.

"БҰЛ – БЕЛСЕНДІЛЕР МЕН ОППОЗИЦИЯҒА ҚАРСЫ ЕНГІЗІЛГЕН НОРМА"

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев жаңадан құрылатын Конституциялық соттың да бұл норманы өзгертуге шамасы келмейді деп ойлайды. Өйткені Конституциялық кеңес бұл дауға әлдеқашан түсіндірме беріп тастаған.

Кеңес бұл дауды Конституцияның 39-бабына сүйеніп түсіндірген. Онда "Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары [...] қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін" деп жазылған.

Құқық қорғаушының айтуынша, бұл Қазақстан соттары үшін қалыпты жағдай болғанымен, халықаралық деңгейде мұндайға жол берілмейді.

– Демократия қағидаларын ұстанатын елдерде "қажетті шама" мұқият сақталады. Бірақ Қазақстанда бұл норма белсенді азаматтарды, саясаткерлерді биліктен аластатудың, шеттетудің бір жолы ретінде жиі қолданылады, – дейді Амангелді Шорманбаев.

Айтуынша, "жазасын өтеп жатқандар кандидат бола алмайды" деген норма "Сайлау туралы" заңға 2000 жылдардың басында енген. Сол кезде тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" партиясы құрылып, оппозиция өкілдері бас көтеріп, олардың көшбасшылары сотталып жатты.

– Олардың арасында Мұхтар Әблязов, Ғалымжан Жақиянов және тағы басқа саясаткерлер болды. Соларды билікке жібермеу үшін "Сайлау туралы" заңға осындай қосымшалар енгізді, – дейді Шорманбаев.

Ол мұндай жағдайда БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесіне шағымдану керек екенін айтты.

Конституция ең жоғары күшке ие құжат деп айтылса да, Қазақстанда "Сайлау туралы" заң мен Орталық сайлау комиссиясының қаулылары Конституцияда жазылған азаматтардың сайлауға еркін түсу құқығын жиі шектейтінін тәуелсіз сарапшылар айтып жүр.

Қазақстанда билікті ашық сынайтын белсенділер жиі қудаланады. Көбіне "көрнеу жалған ақпарат таратты" деген айып тағылып, сотталды.

"СЕНАТҚА ӘКІМНІҢ ЖАҚТАСТАРЫ ЕМЕС, КЕРІСІНШЕ ОДАН ТАЛАП ЕТЕ АЛАТЫНДАР БАРУЫ КЕРЕК"

Сенат депутаты болуға ниеттенгендердің бірі – 74 жастағы жазушы, журналист Алпамыс Бектұрғанов. Ол Батыс Қазақстан облысының аумақтық сайлау комиссиясына құжатын өткізіп, қол жинау парағын алған.

Бірақ мәслихат депутаттарының қолын жинауға келгенде қиындыққа тап болған. "Басында келісім беріп, 5 минуттан соң ойынан айныған" депутаттар жиі ұшырасқан.

– Кей депутатқа сенат сайлауына қатысуға ниетім барын алдын ала айтқанмын. Сол кезде "ешкімге қол қойған жоқпыз, аға, сізге қоямыз" дегендер нағыз іске келгенде "аға, біз қол қойып жіберіппіз" деді. Қай үміткерге қол қойғанын сұрағанымда "есімде жоқ" деген жауап естідім. Енді біріне хабарлассам, "бала бағып отырмын, мен үшін өзіңіз қоя салыңыз" дейді, үйіне өзім бардым, – дейді Бектұрғанов.

Ол аудандарда қол жинауды сенімді өкілдеріне тапсырған. Оларға кей депутат "әкімнің тапсырмасы бойынша қол қоймайтынын" айтқан.

– Қазір мәслихат депутаттарының көбі кәсіпкерлер. Олар әкімге бағынышты. Биыл басты үміткер ретінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов ұсынылып жатыр. Оған қарсылас болатын үміткерді тіркегісі келмейді, – дейді жазушы.

Алпамыс Бектұрғанов.
Алпамыс Бектұрғанов.

Айтуынша, жоғарғы палатаға әкімнің жақтастары емес, керісінше одан талап ете алатын, әкімнің қолынан келмейтін істі жасай алатын адамдар баруы керек.

– Депутат болсам, бірінші кезекте 2005 жылы Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов аудандарында жол салуға бөлінген қаржының есебін сұраймын. 17 жыл өтті жол жоқ, қаржы қайда кетті, кім жеп қойды? Осы сұрақты әкімге қоятын батыл депутат қажет, – дейді.

Бұл – Бектұрғановтың депутат болуға екінші талпынысы. 2007 жылы мәслихат сайлауына қатысқан. Онда да жолы болмай, ақыры Орталық сайлау комиссиясына хат жазған. Бірақ мардымды жауап алмаған.

Алпамыс Бектұрғанов – "Сара жол" республикалық қозғалысының төрағасы. Қозғалыс биліктен өзгерістерді жиі талап етіп жүр.

"АБЫРОЙ-БЕДЕЛІҢ БОЛМАСА, КАНДИДАТ БОЛЫП ТІРКЕЛУДІҢ ӨЗІ ҚИЫН"

Сенат депутаттығына үміткер тіркеудің аяқталуына үш күн қалғанда Азаттық Батыс Қазақстан облысы мен аудандардағы мәслихаттың бірнеше депутатына хабарласты. Бірақ бәрі әлі ешбір үміткерге қолдау білдіріп қол қоймағанын, ешқайсысы кандидатурасын таныстырмағанын, өздеріне хабарласпағанын айтты.

Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаты Бағдат Ізмағамбетов "әкімдіктен қысым жасалады" деген пікірді жоққа шығарды. Айтуынша, сайлауда өз еркімен дауыс береді.

Ол осы өңірден сайланған қазіргі сенаторлардың қызметіне көңілі толмайтынын да айтып қалды.

– Жайық мәселесі (өзеннің тартылуы – ред.) туралы ләм-мим демегені ынжылтады, – дейді. Ол қазіргі үміткерлерден ешкіммен таныспаған, ешбірінің қағазына қол қойып үлгермеген.

Осы облыстың Бөрлі ауданындағы кәсіпкер әрі депутат Бақытжан Ғаделшиевтің сенат сайлауынан хабары аз болып шықты. Айтуынша, ол қазір шетелде жүр, елге жаңа жылдан кейін оралмақ.

– Бір адам хабарласты, кандидатурасын таныстырығысы келетінін айтты. Сол Бектұрғанов қой деймін. Бірақ оған мүмкіндігім жоқ. Әкімдердің бізге талап қоюға хақысы жоқ, ешкімнің тарапынан ешқандай пәрмен берілмеді, – деді депутат.

Ал жаңадан құрылған Ұлытау облысынан биыл 24 тамызда сенат депутаты болып сайланып, өкілеті бітетіндіктен қаңтардағы сайлауға өзін қайта ұсынған Советбек Медебаевтың айтуынша, мәслихаттардың қолдауын алу үшін жай белсенді болу жеткіліксіз:

– Абырой-беделің болмаса, кандидат болып тіркелудің өзі қиын. Өзім Сәтбаев қаласында, Ұлытау ауданында әкім болдым. Дегенмен, қанша жыл жинаған беделің болса да, заңнан хабарың болмаса тіпті қиын. Сенатқа барған соң, заң шығаруға атсалысу үшін білім қажет. Қазір "депутатпын" деп кеуде ұратын заман емес, ол – салмағы ауыр қызмет. Сол үшін кез келген адамның заң бойынша толық құқығы болса да, мәслихаттан қолдау таппауы – қалыпты нәрсе, – дейді ол.

Қаңтарда өкілеті аяқталатын және бір сенат депутаты Нұржан Нұрсипатовтың айтуынша, абырой-беделмен қоса, сенат мүшесінің жасы үлкен, білім-білігі жоғары болуы тиіс.

– Сенаттың негізгі міндеттерінің бірі – мәжілістен келген заң жобасын қайта қарау, қате жерін түзету. Сондықтан онда өз саласының білікті маманы, білімді, тәжірибелі, үлкен жастағы адамдар отырғаны орынды. Бізде түрлі елмен парламентаралық қатынастар болады. Сонда олардың жоғарғы палатасымен танысқанда көбі біраз жасқа келген, байсалды, кезінде әскери қолбасшы, министр болған адамдар отырды. Бізде де бұл қызметке салмақты адамдар келуі керек. Негізі сенатта заңгерлер көп болғаны жөн, – дейді сенат депутаты.

65 жастағы Нұржан Нұрсипатов 2017 жылы Павлодар облысынан сенатқа сайланған. "Жасым келді" деген ол келесі сайлауға кандидатурасын ұсынбаған.

"ОЙЫҢ БИЛІКПЕН БІР ЖЕРДЕН ШЫҚПАСА, ДЕПУТАТ БОЛА АЛМАЙСЫҢ"

Парламент сенатының бұрынғы депутаты Уәлихан Қайсаров "қазір парламентке кездейсоқ адам депутат бола алмайды" деп есептейді. Өйткені негізгі талап бойынша, сенат депутаты болатын адам мәслихат депутаттарының қолдауын алуы керек, бірақ "түптеп келгенде парламент депутатын сайлау президент әкімшілігінің тікелей бақылауында. Себебі оларға билікпен ойы бір жерден шықпайтын, оппозициялық көзқарастағы депутат қажет емес".

– Қанша жерден депутаттың бәрі "сізді қолдаймын" деп уәде беріп тұрса да, аяғында бұл ойынан айниды. Себебі оларға әкімдіктен қысым болады, – дейді ол.

Уәлихан Қайсаров биыл да сенат депутаты болуға талпынып жатыр. Алайда депутаттардың қолын жинауда кедергі болғанын айтады.

Бұрынғы сенат депутаты Уәлихан Қайсаров.
Бұрынғы сенат депутаты Уәлихан Қайсаров.

Ол 2005, 2011, 2015 жылдары өзін президенттікке кандидат етіп ұсынған. Соңғы екеуінде мемлекеттік тіл емтиханынан сүрінді. Кемі үш рет мәжіліс депутаты болуға талпынған.

Ал Қызылорда облысынан сайланған қазіргі сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы өзі қатысқан екі сайлау да әділ өтті деп есептейді. Сөзінше, әсіресе, қазір сайлаулар ашық өтіп жатыр. Мәслихат депутаттарының көбі кәсіпкер, ешкімге тәуелсіз, еркін ойлы азаматтар дейді ол.

– Қазір менің орныма 6-7 адам түсіп жатыр деп естідім. Оның ішінде екі аудан әкімі, мәслихат хатшысы, бір кәсіпкер, басқарма басшысы бар екен. Дегенмен депутаттың көпшілігі кәсіпкер, анау-мынауға көнбейтін жігіттер. Менің кезімде де әкімді тыңдамайтын депутаттар болды, қазір де бар деп есептеймін, – деді сенат депутаты.

"Өңірлерде болатын сенат сайлауына президент әкімшілігі араласа ма?" деген Азаттық сауалына Мұрат Бақтиярұлы "білмеймін" деп жауап берді. Айтуынша, бір жыл бұрын қайта сайлауға түспеймін деп шешкен, зейнетке шыққан, сол үшін қазір ештеңеге қызықпайды.

Қазақстанда парламент сенатына депутат сайлау 2023 жылғы 14 қаңтарда өтпек. Сенатқа 17 облыстан, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан жиыны 20 депутат сайланады. Сенат депутатын сайлау жанама сайлау жолымен өтеді, яғни жоғарғы палата депутаттарын халық емес, жергілікті мәслихат депутаттары сайлайды. Орталық сайлау комиссиясы дерегінше, 29 қараша – 14 желтоқсан аралығында 20 өңірден 130 кандидат ұсынылған. Ең көбі Астана мен Алматыда, әрқайсынан 10 адамнан өзін ұсынған. Ең азы Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарынан – 5 үміткерден болған. Қазіргі сенат депутаттарының бесеуі сайлауға қайта түсіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG