Accessibility links

"Оқ бар, оқ атқан адам жоқ". Өскеменде Қаңтар құрбандарын еске алды


Өскеменде Қаңтар оқиғасында қаза болғандардың жақындары еске алу шарасына жиналды. 5 қаңтар 2023 жыл.
Өскеменде Қаңтар оқиғасында қаза болғандардың жақындары еске алу шарасына жиналды. 5 қаңтар 2023 жыл.

5 қаңтарда Өскеменнің орталық мешітінде ШҚО-да Қаңтар оқиғасында оқ ұшқан үш адам – Қуаныш Қабылқанов, Жолжарық Есенжолұлы, Айдос Алдашовтың жақындары мен облыс әкімі Даниал Ахметов құран бағыштады. Кейін марқұмдардың туыстары қаланың орталық алаңында еске алу рәсімін өткізді.

Қаңтар құрбандарының жақындары жаңа жылдық безендіру жүргізілген алаңға марқұмдардың суреттері, оларға арналған өлең жолдары жазылған тақтайшалар және гүл шоқтарын қойды. Әйелдер қар ұшқыны қонған үш марқұмның суреттерін қайта-қайта шытпен сүртіп, ұзақ жылады.

Жақынынан айырылғандар кінәлі адамдар әлі табылмағанын айтады.

"Оқ бар, бірақ оны атқан адам кім екені айтылған жоқ" деді Қуаныш Қабылқановтың әйелі Дина.

"Тергеу амалдары жылжып жатыр деп айта алмаймын. Нақты ештеңе айтпайды, тек тергеу жүргізіліп жатыр дейді, болды" деді Айдос Алдашовтың туысы Нәзира Құнапиянова.

"Денсаулығым жоқ, 200 мың теңгеге дәрі алып ішемін. Әйтпесе [президент] Тоқаевтың алдына барып жатып алайын деп ойлаймын. Бүкіл халықтың бастығы бола тұра неге мылтық ұстатады? Ұлым айдан аман жүргенде неге атты? Келінім мен немерем панасыз қалды. Бастарында баспана да жоқ. Әне көмектесеміз, міне көмектесеміз дейді... Бір баспана болса деген тілегім ғана бар" деді Жолжарық Есенжолұлының анасы Авортхан Тоқажан.

Алаңға жиналғандар жарты сағаттан астам уақыт тұрып тарады.

Қала әкімдігінің бір қызметкері алаңға қойылған суреттер, тақтайшалар мен гүл шоқтарын алып кетуді өтінді, алайда марқұмдардың туыстары "тағы да келіп еске алатындар болатын шығар" деп қалдырып, оларды күзетуге бір адамды тастап кетті.

"Тоқаев неге қару берді?" Өскемен мен Шымкентте Қаңтар құрбандарына құран бағыштады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:54 0:00

Облыс әкімі Даниал Ахметов Азаттық тілшісіне "қаңтар құрбандарына материалдық көмек көрсетіп жатырмыз" дегенді айтты.

"Сөзсіз бұл – қайғылы күн. Жаңа ғана құран бағыштадық. Қаза тапқандардың отбасыларына "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қоры мен өзіміздің қорымыздан көмек беріп жатырмыз. Пәтер алып бердік, қаржы бердік. Енді не істейміз? Өмір солай болды" деді Ахметов.

Әкімдіктің ақпараты бойынша, Қуаныш Қабылқановтың жарына арендалық баспана берілген.

Бір жыл бұрын Жаңаөзенде сұйылтылған газ бағасының өсуінен туындаған наразылық бүкіл қалада шеруге ұласты. Өскемен тұрғындары 2022 жылы 5 қаңтарда орталық алаңға жиналып, әлеуметтік және саяси талаптар қойды. Кейін алаңда оқ атылып, ресми мәлімет бойынша, қалада үш адам қаза тапты.

Оқ атқандар әлі күнге анықталған жоқ. Қаңтар оқиғасы бойынша Өскеменде "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген күдікпен 66 адамға 10 қылмыстық іс қозғалған. ШҚО прокуратурасының мәліметінше, жеті іс бойынша 37 адам бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан шартты түрде айыру және бас бостандығынан айыру жазаларына кесілген. Басқа үш қылмыстық іс сот қарауында, нәтижесі әлі белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG