Accessibility links

Сот Ләззат Досмамбетованың амнистия туралы апелляциялық шағымын тағы да қанағаттандырмады


Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған Ләззат Досмамбетова (оң жақта) сотта отыр. Шымкент, 9 қаңтар 2023 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған Ләззат Досмамбетова (оң жақта) сотта отыр. Шымкент, 9 қаңтар 2023 жыл.

Бүгін, 9 қаңтарда Шымкент қаласының сотында Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған белсенді Ләззат Досмамбетованың апелляциялық шағымы қаралды. Ол Еңбекші аудандық сотының өзіне рақымшылық заңын қолданбау туралы қаулысын өзгертуді сұраған еді, бірақ судья қаулыны өзгеріссіз қалдырды.

Досмамбетова сотта "272-баптың 2, 3-бөлімі бойынша ("Жаппай тәртіпсіздікке қатысу және шақыру") айыпталдым. Бұл бапқа "Рақымшылық жасау туралы" заңы қолданылады. Кәмелеттік жасқа толмаған балаларым барын ескеріп, алдыңғы сот қаулысын өзгертуді сұраймын" деді.

Прокурор Бекенбаев белсендінің бұрын Қылмыстық кодекстің 405-бабы ("Тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу") бойынша істі болғанын, экстремистік қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қолданылмайтынын еске салды.

Судья Жамашев кеңес бөлмесіне шығып кетті. Ал залда отырғандар "Судьяның түсі жылы екен, Ләззаттың өтінішін қанағаттандыратын сияқты" деп үміттеніп отырды.

Көп ұзамай судья келіп, "Досмамбетоваға қатысты Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының 2022 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын. Қаулы жарияланған күннен бастап күшіне енеді, түпкілікті болып табылады және кассациялық шағым беруге жатпайды" деген қаулысын оқыды.

Сот өз шешімін "Бірінші сатыдағы сот сізге рақымшылық заңы қолданылмайтыны жөнінде дұрыс тұжырым жасаған. 272-бап бойынша сотталғаныңыз рақымшылық заңына ілінеді, бірақ бұрын 405-баппен істі болған азаматтарға рақымшылық жасалмайды" деп түсіндірді.

– Қазір бізге 405-баптан арылу керек. Ол үшін мерзімінен бұрын шартты босату туралы өтініш беруге тырысамыз. 405-бап алынғаннан кейін 272-бап рақымшылыққа жататын шығар. Сағым сынған жоқ, әлі де күресемін. Заңсыз сотталғандықтан, бәрінен құтыламын деп ойлаймын, – деді Досмамбетова соттан кейін.

Қаңтар оқиғасынан кейін жергілікті белсенділер Ләззат Досмамбетова, Қайрат Сұлтанбек пен Жанмұрат Аштаев "жаппай тәртіпсіздікке қатысты, халықты өздеріне қосылуға үндеді" деген айыппен сотталған. Апелляциялық сот алқасы Досмамбетованың екі баласы 14 жасқа толмағанын, жалғызілікті ана екенін ескеріп, белсендінің 3 жыл 7 ай түрме жазасын өтеу уақытын екі жыл кейінге қалдырған. Күзде белсенді амнистияға өтініш берген, бірақ 5 желтоқсанда Еңбекші аудандық соты Досмамбетоваға "Рақымшылық жасау туралы" заң қолданылмайды деген қаулы шығарды.

Шымкенттегі сот Аштаевтың да бұрын "Тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу" бабымен сотталды деп рақымшылық туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Ал Қайрат Сұлтанбек рақымшылық заңы бойынша бостандыққа шықты.

  • 16x9 Image

    Динара ТІЛЕУБЕК

    Динара Тілеубек Азаттыққа 2019 жылдан бері жазады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған. Бұрын республикалық басылымдар мен телеарналарда жұмыс істеген. Автормен оның Facebook парақшасында пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG