Accessibility links

Әділет министрлігі Respublica партиясын тіркеуден өткізгенін мәлімдеді


Астанадағы әділет министрлігінің алды.
Астанадағы әділет министрлігінің алды.

Әділет министрлігі Respublica атты саяси партияны тіркеді. Былтыр жазда бірнеше жергілікті кәсіпкер мен блогер партия құратынын мәлімдеген. Алғашқы мәлімдемелерінің бірінде аталған топ өкілдері қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын қолдайтынын айтқан.

Жаңа партияның құрылғаны туралы хабарлама 18 қаңтарда кешке министрлік сайтында жарияланды.

Партияның төрағасы Айдарбек Қожаназаров Facebook-тегі парақшасында тіркеу құжаттарын алғанын хабарлады.

Былтыр тамызда блогер, кәсіпкер Бейбіт Әлібеков Respublica партиясы құрылғанын мәлімдеген. 3 желтоқсанда партия құрылтай съезін өткізіп, 40 күннен соң, яғни 12 қаңтарда бірлестік өкілдері партияны тіркеуге құжат өткізгенін хабарлады.

2019 жылы астаналық белсенділер Respublika атты азаматтық қозғалыс құрылғанын, саяси бірлестік алдына саяси реформа жүргізуді мақсат етіп қоятынын мәлімдеген. "Власть" сайтының жазуынша, содан бері партияны тіркеуге күш салғанмен, тіркете алмаған.

Қазақстан билігі саяси партияны тіркеу процедурасын жеңілдеткенін мәлімдегенмен оппозиция "билікке адал саяси ұйымдар ғана тіркеліп" жатқанын мәлімдеген. Былтыр "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы ұйымды тіркету үшін кемінде сегіз рет құжат тапсырған, алайда әділет министрлігі "құжаттарының дұрыс емес" екенін айтып қайтарып отырған. Белсенділер министрлікті сотқа да берген, алайда жеңіліп қалған. 18 қаңтарда Шымкентте тіркелмеген партия өкілдері әділет департаментіне барып, өздерінің "тірі екенін және өздері туралы мәлімет саяси партия туралы заң талаптарына сәйкес келетінін" айтқан. Осылайша белсенділер әділет министрлігі "дұрыс емес" деп таныған деректердің растығын дәлелдеуге тырысқан.

  • Елде мәжіліс тарап, кезектен тыс парламент сайлауы өтеді деген хабар тараған шақта жаңа партияның тіркелгені хабарланып отыр. Қазақстан билігінің мәліметінше, қазіргі кезде елде ресми тіркелген жеті партия бар. Былтыр қарашада билік "Байтақ" жасылдар партиясын тіркеген. Желтоқсан соңында "Адал" партиясы ресми түрде жұмысын тоқтатты. Былтыр көктемде партия "Аманат" құрамына кіретінін мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG