Accessibility links

"Бұл ойынымен Елена он финалға шығады". Рыбакина Australian Open финалында ойнайды


Елена Рыбакина жартылай финалда ойнап жатқан сәт.
Елена Рыбакина жартылай финалда ойнап жатқан сәт.

Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакина Australian Open-2023 жарысының финалына шықты. Ол жартылай финалда Виктория Азаренконы (Беларусь) жеңді. Осылайша Рыбакина бұл жарыстың финалына шыққан алғашқы қазақстандық теннисші болды.

МАТЧ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Бірінші сет өте тартысты өтті. Екі теннисші де екі реттен брейк-пойнт жасады. Сеттің аяғында Рыбакинаның бірінші доп асырғаны (first serve) өтпей, көп қателесті. Азаренко да Рыбакинадан соққылар алып, сет 6:6 болды. Кейін сет тайбрейкке ұласып, тайбрейкте Рыбакина 7:4 есебімен жеңді.

Теннис сөздігі

  • Ace ("Эйс"). Бір ойыншы доп асырған сәтте қарсыласы ала алмаса, эйс дейді
  • Break point ("Брейк-пойнт"). Қарсыласының доп асыруын (serve) өз пайдасына шешу.
  • Tie break ("Тайбрейк"). Сет 6:6 болса, сеттегі жеңімпаз тайбрейкте анықталады. Тайбрейк кезінде екі ойыншы кезек-кезек доп асырып, қай ойыншы бірінші 7 ұпайды алса, сол сет жеңімпазы деп танылады.
  • Double fault ("Дабл фолт"). Ойыншы екі рет доп асыра алмаса, қарсыласқа ұпай беріледі.

Екінші сетте Рыбакина үшін оңай болды. Үш рет брейк-пойнт жасап, 6:3 есебімен басым түсті. Матч кезінде Рыбакина 9 эйс асырды. Осылайша ол осы турнирде 44 эйс жасап, бұл көрсеткіш бойынша лидер болып тұр.

Матчтан кейін Рыбакина жеңіске жеткеніне қуанышты екенін айтып, бапкерлеріне алғыс білдірді.

"Әрине, командам қатты қобалжып отырды, олар менің жақсы ойнағанымды қалайды ғой. Бүгінгі ойын қиын болды, себебі күн салқын, доп дұрыс ұшпады. Агрессиялы ойын көрсете алмадым. Дегенмен матч соңында жақсы ойнап, жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Финалда да барымды саламын" деді Рыбакина матчтан кейін.

Рыбакина мен Азаренко матчтан кейін қол алысып жатыр. 26 қаңтар 2023 жыл.
Рыбакина мен Азаренко матчтан кейін қол алысып жатыр. 26 қаңтар 2023 жыл.

Осы матчты корттан тамашалаған қазақстандық жанкүйер Ерік Ілиясов Мельбурнде ауа райы салқындау әрі жел болып тұрғанын, бұл екі теннисшінің ойынына кері әсер еткенін айтады.

– Мельбурнде бүгін +20 градус әрі жел. Осыған дейін күн ыстық болған. Ыстықта доп жеңіл ұшады. Ал желді күні дұрыс ұшпай қалады. Сондықтан болар, Елена доп асырғанда добы дұрыс ұшпай жатты. Жел екі ойыншыға да әсер етті. Шешуші фактор сенімділік пен психология болды. Рыбакина бірінші сетте жеңіліп қалар еді, жинақталып, тайбрейкті өз пайдасына шешті. Ал екінші сетте Рыбакина жинақы ойнады, Азаренконың психологиясы әлсіз болды, – деді Ілиясов Азаттыққа.

Grand Slam жарыстарының жеті дүркін жеңімпазы, швециялық ардагер теннисші Матс Виландер Eurosport телеарнасының эфирінде "Бұл ойынымен Рыбакина алдағы бес жылда Grand Slam жарыстарының он финалына шығады" деп болжады.

Сарапшылар осыған дейін Рыбакинаның доп асыруы өте мықты деп, оның асырған доптарын тоқтату я алу өте қиын екенін бірнеше рет атап өткен.

Wimbledon жарысының 1987 жылғы жеңімпазы, ұлыбританиялық Пэт Кэш ВВС радиосының эфирінде "Рыбакинаның ойыны өте мықты, онымен ойнау өте қиын. Жүйкең сыр бере бастағанда сол сәтті өзіңе қарсы қолданып кетеді" деді.

Рыбакина Australian Open-2023 жарысының финалына шығардан бұрын америкалық Даниела Коллинсті (былтырғы финалист), әлемнің бірінші ракеткасы, польшалық Ига Швентекті, 2017 жылы Франциядағы Roland Garros жарысын жеңген латвиялық Елена Остапенконы жеңді.

Рыбакина сенбідегі финалда әлемнің 5-ракеткасы Арина Соболенкомен (Беларусь) ойнайды.

РЫБАКИНА ӘЛЕМНІҢ ҮЗДІК ОН ТЕННИСШІСІНІҢ ҚАТАРЫНА ЕНБЕК

Осы жеңісінің арқасында 23 жастағы Рыбакина келесі аптада әйелдер арасындағы WTA (Әйелдер теннисі халықаралық қауымдастығы) рейтингінде ТОП-10 теннисшінің қатарына енбек. Бұрын-соңды Қазақстан теннисшілері жекелей сында әлемдік рейтингіде үздік ондыққа енбеген еді. Australian Open жарысы басталғанда Рыбакина 25-орында тұрған. Қазақстандық теннисші былтыр Wimbledon (Ұлыбритания ашық чемпионаты) жарысында жеңіске жеткен соң үздік ондыққа енуі керек еді. Бірақ WTA Ұлыбритания үкіметі жарысқа Ресей мен Беларусь теннисшілерін қатыстырмаған соң, рейтингіге ұпай беруден бас тартқан.

33 жастағы Азаренко қазір рейтингінің 24-орнында. Беларусь теннисшісі 2012- 2013 жылдары осы Australian Open жарысында жеңіске жеткен еді.

Рыбакина финалға шыққан сәт. 26 қаңтар 2023 жыл.
Рыбакина финалға шыққан сәт. 26 қаңтар 2023 жыл.

Рыбакина былтыр жазда Лондондағы Wimbledon жарысында жеңіске жеткеннен кейін жанкүйерлер арасында таныла бастаған. Сол кезде Рыбакинаның "Grand Slam жарысында жеңген алғашқы қазақстандық теннисші" екені де, оның Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстан атынан жарысқа қатыса бастағаны айтылған. Ресей журналистері мен теннис шенеуніктері Рыбакинаны "біздің өнім" дегені Қазақстанда қарсылыққа ұшыраған. Теннисшінің өзі "Қазақстан болмаса, мен қазір бұл жеңіске жете алмас едім" деген. Ресейде туған Рыбакина Қазақстан теннис федерациясының президенті, миллионер Болат Өтемұратовтың шақыруымен Қазақстанға келген еді.

Australian Open, Wimbledon, Парижде өтетін Roland Garros және Нью-Йоркте болатын US Open турнирлері теннистен қаржылық сыйақысы көп беделді Grand Slam жарыстарының қатарына енеді.

Рыбакина: Қазақстан болмағанда қазір қайда жүретінімді білмеймін
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG