Орал қаласының қылмыстық сотының судьясы Роза Сариева 24 наурызда "Халық коррупцияға қарсы" ұйымының заңгері Аслан Өтеповтің тергеу изоляторынан үйқамаққа босату өтінішін қанағаттандырмады.
45 жастағы заңгер Өтепов "алаяқтық жасады", "алақтық жасауға бірнеше рет оқталды", "парақорлыққа себепкер болды" деген күдікке ілініп, желтоқсаннан бері тергеу изоляторында қамауда отыр.
Тергеу құжаттарына сай, Өтепов 2022 жылғы ақпанда жергілікті кәсіпкер Оксана Байсариевадан жергілікті шенеуніктерден жеміс сату үшін сауда учаскесін алып беремін деп, 800 мың теңге пара алған. Тергеу Өтепов істегі екінші жәбірленуші Павловтан да жер телімі үшін пара алды деп отыр.
Аслан Өтепов сотта барлық айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Сотта адвокат Руслан Шағатаев судьядан қорғауындағы азамат Өтеповті үйқамаққа жіберуді сұраған. Шағатаев Өтеповтің кәмелетке толмаған балалары барын, тұрғылықты тіркеуде екенін, оған тағылған айып "зорлық-зомбылық" бабы емес екенін алға тартты. Судья Роза Сариева адвокаттың өтінішін қанағаттандырмады.
Аслан Өтепов – заңгер әрі "Халық коррупцияға қарсы" ұйымының жетекшісі. Ол "Трамадол" дәрісін рецептісіз сатуға қарсы шығып жүрген.
Былтыр 30 желтоқсанда Өтеповті жемқорлыққа қарсы қызмет ұстаған. Заңгер алғашқы сот отырысында "тергеу изоляторында жеке басыма қауіп төніп тұр" деп мәлімдеген. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Өтеповтің сөзін растамаған.
ПІКІРЛЕР