Бүгін, 27 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай компартия орталық комитетінің мүшесі, Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы компартия комитетінің хатшысы Ма Синжуйді қабылдаған. Бұл туралы Қазақстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми ақпаратқа қарағанда, қабылдау кезінде Қазақстанның Шыңжаң өлкесімен арадағы өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм мәселелері сөз болған.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің бұған дейін Қазақстанға келген сапарын еске алып, сәлем айтқан. Ма Синжуй де қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Си Цзиньпиннің сәлемін жеткізген.
– Біз Қытайдың бір өлкесі ретінде еліміздің батысындағы мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайтуға жауаптымыз. Қазақстан – біз үшін өзара ынтымақтастықтың басым бағыты. Қытай мен Қазақстанның ынтымақтастығы Шыңжаң арқылы жүзеге асырылады, – деді Ма Синжуй.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ма Синжуйге айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасында барлық деңгейде белсенді әрі сенімді саяси диалог қалыптасқан.
Ақорда хабарламасында Тоқаев пен Ма Синжуймен кездесуде Шыңжаңдағы қазақтардың лагерьлерге, түрмеге қамалып жатқаны жайлы талқылаған-талқыламағаны жайлы ештеңе айтылмаған.
2017 жылдардан бастап Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын қазақтар Қазақстанға қашып келуді жиілеткен. Олар Қытайда аз ұлттарға қысым күшейіп, оларды саяси қайта тәрбиелеу лагерьлеріне жаппай қамай бастағанын бірнеше рет мәлімдеген еді. Қытайдан әр кезеңде келген Қазақстанның ондаған азаматы Қытайда қысымға ұшыраған не лагерьлерде қамауда отырған туыстарын қайтаруға жәрдемдесуді сұрап, Қазақстан билігі мен Қытай елшілігі алдында жыл бойы түрлі акция өткізген. Қазақстан билігі Шыңжаңдағы қазақтар Қытай азаматы екенін алға тартып, бұл мәселеге тікелей араласа алмайтынын аңғартқан.
ПІКІРЛЕР