Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды азаптаған тоғыз адам бас бостандығынан айырылды. Қалған күдіктілерге қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 31 наурызда Бас прокуратура осылай деп мәлімдеді.
Ведомствоның хабарламасында 84 адамды азаптаған күш құрылымдарының 35 қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны жазылған.
Бұған дейін "өздерін азаптаған адамдар маска таққандықтан, жәбірленушілер оларды тани алмады" деген желеумен азаптау істерінің басым бөлігі жабылған еді.
Хабарламада прокурорлар Қаңтар оқиғасындағы азаптауға қатысты 11 қылмыстық істі тергегені жазылған.
"Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласы мен Алматы облысында бейнебақылау жазбаларын сақтау серверлерін мақсатты түрде жою құқықбұзушылықтарды анықтаудағы маңызды проблемалардың бірі болды" деп жазылған Бас прокуратураның хабарламасында.
Ресми хабарламаға қарағанда, арнаулы прокурорлар жазбаларды қайта қалпына келтіріп, азаптау ісінде оларды негізгі айғақ ретінде пайдаланған.
Прокуратура тексерісінің нәтижесінде бейнебақылау жүйесі орнатылмаған 6159 қылмыстық қудалау орны анықталған. Мұндай жерлерде 937 камера жұмыс істемей тұрғаны белгілі болған.
Прокуратура кемшіліктерді жоюға уәде берді.
Қазақстанда ақпанның аяғында пенитенциар мекемелерде, полиция мен олардың жедел тергеу бөлімдерінде бейнебақылау жүйесін орнату ережесі бекітілген еді. Мұндай ереже азаптауға қарсы шара ретінде қабылданғаны айтылды.
Қаңтардағы азаптау істері жөнінде есеп берген Бас прокуратура өкілдері сонымен бірге бұл бағытта өкілетті тұлғалар мен азаптаудың алдын алуға жауапты қызметкерлердің нақты регламенті жоқтығын атап айтқан.
"Қазіргі кезде тиісті нұсқаулық қабылданып, сеніп тапсырылған бөлімшеде азаптауларға жол бергені үшін басшылардың тіпті қызметтен босатуға дейін жауапкершілігі көзделген шектеулер белгіленді" деп жазылған мекеменің хабарламасында.
Адвокаттар қауымдастығы прокуратура органдарында азаптау іздерін тиімді куәландыратын қылмыстық бөлім құруды ұсынған.
2022 жылғы қаңтарда Қазақстанның батысында басталған ірі наразылық кейбір қалаларда тәртіпсіздікке ұласып, кемінде 238 адам қаза болған. Үкіметке қарсы наразылықты әскер мен полиция басты. Мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам азаптауға шағымданды. Бірақ кейін азаптау істерінің басым бөлігі жабылғаны белгілі болды. Билік бастапқыда азаптау фактілерін терістеген, бірақ нақты айғақтар пайда болғаннан кейін полиция бөлімшелері мен изоляторда бірнеше адам азаптаудан көз жұмғанын мойындады.
Қазақстанда азаптау істері сотқа сирек жетеді. Құқық қорғаушылар жылдар бойы елде адам азаптағандар жазасыз қалатынын айтып келеді.