Accessibility links

Сайлаудан кейін 25 күнге қамалған журналист Думан Мұхаммедкәрім босап шықты


Қамаудан шыққан тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімді белсенділер мен жақтастары абақты алдынан алдынан күтіп алды. Алматы облысы, 15 сәуір, 2023 жыл.
Қамаудан шыққан тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімді белсенділер мен жақтастары абақты алдынан алдынан күтіп алды. Алматы облысы, 15 сәуір, 2023 жыл.

19 наурызда өткен мәжіліс сайлауының нәтижесіне қарсылық білдіріп, жұртты жаппай митингіге шақырғаны үшін 25 тәулікке қамалған тәуелсіз журналист Думан Мұхамедкәрім 15 сәуірде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы уақытша ұстау изоляторынан босап шықты. Оны туыстары, адвокаты және жақтастары күтіп алды.

Қамаудан шыққаннан кейін ол не себепті аштық жариялағанын түсіндірді.

– Әке-шешемнен бірде-бір зат алдырмады. Сосын күйеубалам Дулат Жанболатовқа қатты алаңдадым. Өйткені мені ұстағанда үйге шақыру қағазын әкелген жоқ. Сотқа шақырған жоқ. Орта жолда ұлттық қауіпсіздік комитетінің жігіттері жұлқылап алып кетті. Сондықтан отбасыма алаңдап, олармен кездестіруді, әйтпесе аштықты тоқтатпайтынымды айттым. Басында келіспеді. Соңында әкем мен қарындасыма және күйеубалама жолықтырды, – дейді ол.

Думан қамауда отырған кезінде он шақты кітап оқығанын айтып, "Тоқаевқа рақмет. Көптен бір кітаптың бетін ашуға уақыт болмай кетіп еді" деп мысқылдады

Бұған дейін журналист бірнеше талап айтып, абақтыда аштық жариялаған. Жақтастарының айтуынша, абақтыға әкесі кіріп шыққаннан кейін журналист аштықты тоқтатқан.

Мәжіліске кандидат болған Думан Мұхаммедкәрім сайлау нәтижесіне келіспейтінін айтып, жұртты бейбіт наразылыққа шақырған еді. 21 наурызда сот оны 25 тәулікке қамады.

Адвокаты сот кезіндегі заңсыздықтар үшін кассациялық сотқа шағым түсіретінін айтқан еді.

YouTube-тегі арнасында билікті сынайтын видео жариялап жүрген журналист мәжіліс сайлауына кандидатурасын ұсынған, бірақ аумақтық сайлау комиссиясы Думан Мұхаммедкәрімнің тұрғылықты тіркеуі дұрыс емес деп, кандидатурасын тіркемеген. Кейін ол сотта жеңіп, кандидатурасы тіркелген. ОСК нәтижесі бойынша, Мұхаммедкәрім мәжіліске өтпеді.

  • 19 наурыздағы мәжіліс пен мәслихатты сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, депутаттық мандаттың басым бөлігін биліктегі "Аманат" партиясы алды. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау күні бюллетеньді топтап тастау, "карусель" әдісімен дауыс беру, бақылаушыларды дауыс санауға қатыстырмау сияқты заң бұзу фактілері болды деген. Дауыс санау кезінде заңбұзушылықтар болғанын ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы да айтты.
  • Сайлауға өз-өзін ұсынған, бірақ мәжіліс пен мәслихатқа өтпей қалған кандидаттардың басым бөлігі де нәтижеге келіспей, биліктен дауыс беруді қайта өткізуді талап еткен.
  • Билік "сайлаудың нәтижесіне әсер ететіндей ірі заңсыздық болған жоқ" деп, белсенділердің сөзін терістеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG