Accessibility links

Қазақстанға сапарлаған алғашқы шетелдік ресми қонақ және Назарбаевтың ядролық қарудан бас тартпаған кезі


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер (ортада) және сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев. Оң жақ шетте тұрған – Азаттық тілшісі Қиял Сабдалин. Алматы, 1991 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер (ортада) және сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев. Оң жақ шетте тұрған – Азаттық тілшісі Қиял Сабдалин. Алматы, 1991 жыл.

Ел тәуелсіздігін жариялаған күннің ертесінде Алматыға сапарлаған шетелдік ресми делегациямен келіссөзден кейін президент Назарбаев Қазақстанның ядролық қарудан әл-әзір бас тартпайтынын мәлімдейді. Осы күнгі саяси оқиғалар туралы "Азаттық радиосы – 70" подкасының кезекті эпизодынан толығырақ тыңдауға болады.

1991 жылғы 17 желтоқсан – Қазақстанда тәуелсіздік туралы ең көп айтылған күн. Осы күні Желтоқсан оқиғасының бес жылдығы аталып өтіп, кешке елге АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер сапарлап келген.

Подкасты тыңдаңыз:

Назарбаев: Қазақ республикасындағы барлық жойқын қару өз орнында тұруы керек
please wait

No media source currently available

0:00 0:24:47 0:00

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ АТЫНАН ҚҰТТЫҚТАУ

Алматыда Республика алаңында өткен Желтоқсан оқиғасының бес жылдығында ақын Мұхтар Шаханов, президент Нұрсұлтан Назарбаев, депутат Салық Зиманов, оппозициялық саясаткер Хасен Қожа-Ахмет, ақын Олжас Сүлейменов, желтоқсаншы Шора Қорабаевтан кейін сөз Азаттық радиосының Алматыдағы алғашқы тілшісі Қиял Сабдалинге беріледі.

Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін әуелде 6 жылға сотталған Шора Қорабаев 1986 жылы төгілген қанды ұмытпауға үндейді. Ол алаңда сөйлеген басшылардың жалпылама сөзіне сенбеу керегін айтып, "Ақ ордада отырған басшыларды біз итермелегенде ғана олардың "халық сенімін ақтаймыз" деген сөзі жүзеге асады" дейді.

Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде түсірілген суреттер. Суреттер Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада сақталған Хасен Оралтайдың коллекциясынан алынды.
Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде түсірілген суреттер. Суреттер Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада сақталған Хасен Оралтайдың коллекциясынан алынды.

Шора Қорабаев жасақталып жатқан "Желтоқсан" партиясы туралы да айтады. "Халықтың парасатына сенбейтін жоғарыда отырғандар партия құруға жол бермеуге тырысады" деген ол көпшілікті бірпартиялы жүйеге жол бермеуге үндейді.

Ал Азаттықтың Алматыдағы алғашқы тілшісі Қиял Сабдалин мінбеге шығып сөйлегенде ауа райының қолайсыздығынан және "иін тірескен халықтың көптігінен" өз дауысын өзі жазып үлгермегенін ескертеді. Бірақ ол радио тыңдармандары үшін мінбеде не айтқанын мазмұндап береді.

"Құрметті туғандар! Азаттық радиосы қызметкерлері мен тыңдаушылары атынан, диаспорадағы, бүкіл мухажераттағы: Шығыс Түркістандағы, Моңғолиядағы, Түркиядағы, Батыс Еуропадағы және әлемнің әр тарабында жүрген қазақтардың атынан сіздерді бүгінгі ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын. Бүгін пессимизмге, сарыуайымға және заржақтыққа салынатын ешқандай негіз жоқ. Бүгінгі ақ түйенің ақтарылған ұлы күні аруақ жебесін!" деген сөздермен құттықтауды аяқтауға тура келді" дейді Қиял Сабдалин.

АЛҒАШҚЫ РЕСМИ ҚОНАҚ

Азаттық радиосы 1991 жылы 17 желтоқсан күні Алматыға келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкердің келіссөзі түн ортасына дейін созылғанын хабарлайды. Бейкер сонда Алматыға Мәскеуден келіп, Минскіге аттанған.

Дипломатиялық тұрғыда тәуелсіздігін енді ғана жариялап, әлі халықаралық тұрғыда субьект ретінде мойындалмаған елге АҚШ сыртқы саясат мекемесі лауазымды басшысының сапарлауы айрықша маңызға ие. Бұл кезде Қазақстанда Совет Одағының ядролық қаруы мен түрлі қашықтықтағы зымырандары бар еді. Бұл – тәуелсіздіктен кейін осы қаруларды кім басқаратыны анықталмаған тұс. Ядролық қару Ресей, Украина, Қазақстан және Белоруссия арасындағы ортақ мұра сипатына ие болатын. Төрт елдің ешқайсысы да жойқын қарудан бас тартуға әзір емес кез еді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы бұдан бұрын күзде де Алматыға сапарлап келген болатын. Тәуелсіздіктің ертесінде суыт келген АҚШ лауазымды өкілі арада бір ай өтер-өтпесте тағы да Алматыға соғады. Сөз жоқ, бұл бір кездегі мызғымастай көрінген Совет Одағының ядролық арсеналы әлем державаларын қатты алаңдатқан күндер еді.

Сол кезде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымы да басқа болатын. Президент "қарудан айрылмау керек, оны бірігіп басқару керек" деген бағытты ұстанады.

"НАЗАРБАЕВТЫҢ БҰРЫНҒЫ ПІКІРІ"

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы шетелдік қонағы АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер Алматыға сапарлап келген күнгі Азаттық хабары:

"Желтоқсан айының 17-жұлдызы күні Алматыға Америка Құрама Штаттарының сыртқы істер министрі Джеймс Бейкер мырза келіп түсті. Оны республикалық ақпарат құралдарының өкілдері, шетелдік журналистер Алматы аэропортында торуылдаумен жүрді. Аэропортта Джеймс Бейкер мырзаны осы жолы, тәуелсіз мемлекеттің басшысы ретінде болған шығар, республика президенті қарсы алмады. Оны вице-президент Ерік Асанбаев қарсы алып, самолет трапынан президент резиденциясына алып кетті. Бұл жерде журналистер кішкене сан соғып қалды. Содан кейін Нұрсұлтан Назарбай мен Джеймс Бейкер екеуі бетпе-бет құпия сөйлескен. Бұл жағы енді мәлім болып жатыр. Журналистер болса, күнімен Бейкер мен Назарбай баспасөз мәслихатын өткізетін шығар деп күтті. Бірақ олай болмай шықты. Түн ортасынан ауа Бейкер мен Назарбай мәмілені тоқтатқаннан кейін Нұрсұлтан Назарбай шағын мәлімдеме жасаған. Онда Америка Құрама Штаттарының тілшілері болған және Қазақ телевизиясынан екі қызметкер ғана қатысқан. Одан кейін президенттің баспасөз хатшысы Сейітқазы Матаев бастаған баспасөз тобы бүкіләлемдік агенттіктерге телекс және факс арқылы осы мәлімдемені жариялап жіберген. Мәлімдемеде Бейкер мен Назарбай арасындағы сұхбатта Ашхабадта Түркістан республикалары арасында болған келіссөз туралы кеңірек тоқталған. Онда қандай да бір ірі мемлекеттің жаңа одақ – тәуелсіз мемлекеттер одағын құруға, құрылтайшы болуға ешқандай хақысы жоқ дегенге тоқталған... Қазақстан президенті Украина басшысы Кравчукпен, Россия басшысы Ельцинмен, Белоруссия басшысы Шушкевичпен жеке дара сөйлесіп, мәмілеге келгендігін, желтоқсанның 21-жұлдызында Алматыға келетіндігі, жиналып, осы мәмілені кеңірек талқылайтынын және мүмкін болса, жаңаша келісімге қол қоятынын мәлімдеген. Одан кейінгі мәселе ядролық қару туралы болған. Бұл Джеймс Бейкерді алаңдатқан. Ядролық қару қазір Россия, Украина, Қазақстан және Белоруссия тәрізді төрт мемлекетке бөлініп тұр. Қазақ республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбай бұл жолы да бұрынғы пікірін ұстанған. Ол Қазақ республикасы территориясында орналасқан барлық ракета, ядролық қару, өзге де қару-жарақ өз орнында тұруы керек дегенді мәлім еткен. Бұл Нұрсұлтан Назарбайдың бұрыннан айтылып жүрген белгілі пікіріне келеді. Өйткені екі ядролық державаның арасында жалғыз ядролық қарусыз мемлекет болғысы келмейтінін, яғни Россия мен Қытайдың арасында ядролық қарусыз қалуға болмайды деген бұрынғы тұжырымын тағы да дәлелдеген. Міне, осындай жағдайлар болды да, Джеймс Бейкер бұрынғыша, яғни симпатиясы мен ұнатататынын білдіргендей Нұрсұлтан Назарбайға қонақ болғаннан кейін таңертең ертеменен Минск қаласына жүріп кеткен".

"РЕСЕЙ ҚАРУСЫЗДАНБАЙ, ҚАЗАҚСТАН ҚАРУСЫЗДАНБАЙДЫ"

Азаттық радиосының Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Алматыға бірінші болып сапарлаған шетелдік ресми тұлға туралы осындай хабар таратады. Бұл – президент Назарбаевтың Семей полигонындағы ядролық жарылысты тоқтатқан кезі. Бірақ ол жойқын қарудан бас тартуға дайын болмай шықты. Азаттық радиосының эфирінде бұл мәселе сол кездері жиі талқыланатын.

Кейін Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік беріліп, қауіпсіздік хартиясы бекітілгеннен кейін Назарбаевтың ядролық қарусызданудың алғы шебінде жүруге тырысқаны, соған орай халықаралық сыйлықтарға кандидат ретінде ұсынылғаны белгілі. Назарбаевтың сол жылдарғы әрекеттері өзіндік қайшылықтарымен, кейде өзін-өзі жоққа шығарумен де ерекшеленетін. Мұның бәрі Қазақстанның жаңа тарихында жеке-жеке талдануға тиісті тұспалдар. Оның бағасын саясаттанушылар мен тарихшылар бере жатар.

Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкердің сапарынан кейін Азаттық тағы бір хабарын осыған арнайды. Бұл хабарда Бейкердің Қазақстандағы Совет Одағынан қалған жойқын қарулардың нысанасын өзгертуге тырысқаны айтылады. "Қазақстандағы ядролық баллистикалық ракеталардың бірқатары Америка Құрамы Штаттарына қарала кезелген. Бейкер Назарбаймен кездескеннен кейін одан ядролық қарулар қатаң бақыланатыны туралы уәде алғанын мәлімдеді. Ол мұнымен қатар Қазақстанның Америка тарапынан ресми танылуды талап еткенін айта келіп, ол тілектің Қазақстанның ядролық қару мәселесі, адам құқықтары, халықаралық келісімдерге қатысты міндеттемелері және бұрынғы Совет Одағының шетелдерге деген қарызындағы өзінің есесі туралы алып баратын іс-әрекеттеріне тәуелді екенін баян етті" делінеді.

Осы хабарда Қазақстан мен Ресей арасында ядролық қару мәселесінде екі түрлі ұстаным пайда болғаны айтылады.

Мәліметке қарағанда, Қазақстан президенті АҚШ мемлекеттік хатшысымен кездесуінен кейін ядролық қару және Ресей туралы пікірін бүкпесіз білдірген. "Назарбай Ресейге өзінің қолындағы мүмкіндіктерді беріп қоюға даяр емес екенін атап көрсетті. Онысы өте орынды болды. Өйткені Россия президенті Борис Ельцин тарқаған Совет Одағының мұрагері болып қалу үшін жанталаса күресіп жатыр. Ол өткен дүйсенбіде АҚШ мемлекеттік хатшысы Бейкермен кездесуінде өз ұстанымын ашық айтқан. Айтуынша, Ресейден басқа ядролық қару орналасқан Украина, Қазақстан және Белоруссия қысқа мерзімде қарулар үшін біріккен бақылау жүйесіне келіседі. Ал ұзақ мерзімде бұл елдер қолдарындағы бүкіл ядролық қаруын жояды. "Сонда Россия ғана бірден-бір ядролық күш ретінде қалады дегенді шімірікпестен айтты" дейді Азаттық. Ресей президентінің бұл мәлімдемесін сәуегейлік деп бағалаған радио оған Алматыда Қазақстан президенті тойтарыс берді дейді.

Азаттық радиосының 1991 жылғы 18-19 желтоқсан күндеріндегі хабарына қарағанда, сол кезде Қазақстанда 100 шамалы құрлықаралық баллистикалық зымыран болған. Бұрынғы Совет Одағының ядролық ең ірі сынақ полигоны да Қазақстан жерінде екенін айтқан Азаттық "Россия қолындағы ядролық қаруын жоймайынша, Қазақстан да ядролық ракеталарын сақтап қалады. Нұрсұлтан Назарбай Россиядан бұрын біржақты қарусыздану ниетінде емес екенін атап көрсетті" дейді.

ӨЗБЕКСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ТҮРКИЯДА ӨЗБЕК ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕДІ

Тәуелсіздікті мойындау, тану дегеннен шығады, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған күні көршілес Өзбекстан президенті Түркияда сапарлап жүрген. Өзбекстан президенті Ислам Каримов бұл сапарында Өзбекстанды тәуелсіз ел ретінде мойындауға деген мүдделілік білдіреді.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов. Сурет 90-жылдары түсірілген.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов. Сурет 90-жылдары түсірілген.

Өзбекстан өз тәуелсіздігін Қазақстаннан 3,5 ай бұрын жариялағаны белгілі. Орталық Азияның өзге де елдері Қазақстаннан бұрын тәуелсіздік жариялап қойған. Ал Түркия Қазақстан тәуелсіздігінен кейін барып, бұрынғы СССР елдерінің барлығының тәуелсіздігін мойындайтынын мәлімдейді.

Азаттық радиосының 1991 жылы 16-17 желтоқсан күндеріндегі бір хабары президент Каримовтің Түркияға сапарына арналды.

Азаттықтың хабарына қарағанда, 1991 жылғы 16 желтоқсанға дейін Түркия бұрынғы совет елдерінен Әзербайжанның ғана тәуелсіздігін мойындаған. 16 желтоқсанда Түркия үкіметі жиын өткізіп, басқа да бұрынғы совет елдері тәуелсіздігін мойындап, консулдық ашуға ұйғарған.

Осы хабарда Ислам Каримовтің Анкараға сапарында Түркия президенті Тұрғыт Өзалдың Өзбекстандағы демократияны және нарықтық экономиканы дамытуға қолғабыс етуге уәде бергені айтылды.

"Ең маңыздысы – Каримов Түркиядағы кездесулерде өзбек тілінде сөйледі. Бұл елдік белгі тұрғысынан аса елеулі құбылыс болып саналса керек. Осы іспетті Өзбекстан-Түркия сөйлесулерінде түрік байрағының қатарында Өзбекстанның жаңа қабылданған ұлттық жалауы тұрды. Бұл баспасөздің де, жұртшылықтың да назарын аударған оңды істердің бірі еді. Тәуелсіздігін жаңа ғана жариялаған Қазақстан үшін бұл да тағылым аларлық іс болса керек. Енді көп кешікпей Қазақстан да өзінің ұлттық байрағын белгілеп, бұдан былай шет елдермен болған сөйлесулерде басқа жұрт жалауларының қатарына соны қояр деп күтеміз. Орақ пен балғаның күл-талқаны шықты емес пе?!" деп аяқтайды Азаттық бұл хабарын.

КЕЛЕСІ ЭПИЗОДТА

Азаттық радиосының аудиториясы, жалпы тыңдарман қауым ел тәуелсіздігін қалай қабылдады? Сол кезде Еуропада тұратын қазақ диаспорасы радиомен байланысқа шығып, өздерінің жүрекжарды тілегін білдірген екен. Қазақстанның өз ішіндегі реакция бір басқа, сырттағылардың қуанышында шек болған жоқ.

Бұл туралы "Азаттық радиосы – 70" подкасының кезекті эпизодында айтылады.

Подкасты Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан жүктеп алып, тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG