Accessibility links

"Ашулана алмаған адам қуана да алмайды". Эмоциялық сауаттылық деген не?


Азаттықтың "Жаншипа" психологиялық подкасының 13-эпизодында практик психолог Әсел Садумен эмоциялық сауаттылық тақырыбын қозғадық. Эмоциялық сауаттылық деген не? Эмоциялық сауатымызды қалай ашамыз я қалай дамытамыз? Адам эмоциясын қалай таниды? Ашуды қалай қауіпсіз шығара аламыз? Міне, маманмен осы сауалдарға жауап іздедік.

"Ашулана алмаған адам қуана да алмайды". Эмоциялық сауаттылық деген не?
please wait

No media source currently available

0:00 0:28:31 0:00

Эпизодта психолог Әсел Саду айтқан кеңестердің ең маңызды тұсын мәтін түрінде де ұсынамыз:

"Эмоциялық сауаттылық" терминін америкалық психотерапевт, транзакциялық аналитик Клод Штайнер енгізген. Эмоциялық интеллект деген эмоция жайлы түсінік болса, эмоциялық сауаттылық – сол түсінікті жүзеге асыра білу, эмоцияны жүрекпен түсініп, сезіне білу, эмоцияларды сипаттап айта білу, сезімдерді сезіне білу, өз эмоциямызбен қатар өзгелердің бе эмоциясын түсіну. Эмоциялық интеллект туралы теорияны практика жүзінде қолдана білу – эмоциялық сауаттылық. Мысалы, эмоция жағынан сауатты адам ашуланса, "неге мен ашуланып тұрмын, ашулануыма не себеп болды?" деп ашуының себебін өз бетімен іздеп, шығу төркінін тауып, жан-дүниесін қалыпқа келтіре алады.

Эмоция – өмірді сезінуге, адамдарды түсінуге, өзімізді түсінуге, өзгені түсінуге керек психикалық процесс. Адам эмоциясыз өмір сүре алмайды. Ал сол эмоцияны басқару, түсіну, қабылдау, танудың бәрі эмоциялық сауаттылыққа жатады.

ЭМОЦИЯЛЫҚ САУАТЫМЫЗДЫ ҚАЛАЙ КӨТЕРЕ АЛАМЫЗ?

Психолог Әсел Саду.
Психолог Әсел Саду.

Егер эмоцияңызды сезбесеңіз, денеңізде болып жатқан процеске назар аударыңыз. Бас ауырса, жүрек ауырса, соған назар аударып, терең демалыңыз. Ал физикалық тұрғыда эмоцияңызды сезе алсаңыз, онда эмоцияларыңызды сөзбен айтыңыз. Эмоцияны сөзбен айту өте маңызды. Эмоцияны физикалық түрде сезіп, оны атай алсаңыз, саралап, ажыратып, эмоцияға рең беріп, себебін түсінуді үйреніңіз. Эмоциясын айтып, түсініп, себебін білген адамда эмпатия пайда болады. Ал эмпатиясы бар адам өзіне және өзгеге қолдау білдіріп, жаны аши алады.

Адамның эмоциялары "қатып қалса", психолог маманның терапиясынан өткені маңызды. Психологпен жұмыс істеу арқылы адам эмоцияларын толық танып, сезінуді үйренеді. Сондықтан эмоцияны танып, түсінудің тиімді жолы – психолог жүргізетін терапиядан өту.

Одан кейін өзіңізге ұнайтын жаңа істерді, тың дүниелерді үйрену арқылы мидың "репертуарын" көбейту де көмектеседі. Жаңа дүниелерді, жаңа жерлерді көру, саяхаттау, өзіңе ұнайтын істермен айналысу да эмоциялық сауатты дамытуға жол ашады.

Адам эмоциялары келгенде, үзіліс алуы керек. "Денемде, жан-дүниемде не болып жатыр, неге ашуландым, неге өкпеледім, неге ренжіп тұрмын?" деп ойланғаны дұрыс. Біз эмоциямызға, сезімге рұқсат беруіміз керек. Эмоциялар мен сезім – адам үшін қалыпты нәрсе. Сол эмоцияларды түсіну маңызды. Ашулана алмаған адам қуана да алмайды. Сондықтан ашуға да, қуанышқа да жол берген жөн. Бірақ бәрі баланста болғаны жөн.

АШУ КЕЛГЕНДЕ ОНЫ ҚАЛАЙ ҚАУІПСІЗ ШЫҒАРА АЛАМЫЗ?

Адам ашуланғанда терең дем алуы керек. Демді жай шығарып, бір-екі минут терең тыныстаған жөн. Терең дем алған кезде ми бөліктері қалыпқа келеді. Кейін адам неге ашуланғанын саралауға, түсінуге мүмкіндік алады. Терең дем алу кезінде адам шешім қабылдауға да уақыт табады.

ЭМОЦИЯ ЖӘНЕ БАЛА ТӘРБИЕСІ

Адам өмірге эмоциялармен келеді. Ал балаға эмоцияларды ата-анасы түсіндіруге тиіс. Ата-ана баласына эмоцияны түсіндіруі үшін өз эмоцияларын түсіне алуы керек. Ересектер эмоциясын түсінбеген соң, балаларға "жылама, ашуланба, кішкентай болып алып, жағаласпа, тыныш отыр" деп шектеу қояды. Эмоциясы көп шектелген баланың эмоциялық сауаттылығы төмен болмақ. Ата-анасы баласына "ашуланып тұрсың, сені түсініп тұрмын", "қуанып тұрсың, бұл – қуаныш деген эмоция" деп түсіндіріп отыруы керек. Сонда баланың эмоциялық сауаты дамиды.

"Жаншипа" подкасының барлық эпизодын Youtube арнамыздан я Apple podcasts, Google podcasts платформаларынан да тыңдай аласыз. Іздеу жүйесіне "Жаншипа" деп терсеңіз, шығады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG