Белсенді Леонид Карташев Өскемен әкімі Жақсылық Омардың үстінен Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына арыз түсірді. Ол қала әкімі митинг өткізуге рұқсат бермей, азаматтардың "конституциялық құқығын бұзып отыр" деп есептейді.
– Былтырдан бері [митинг өткізуге] 50-ге тарта өтініш бердік. Былтыр үш рет рұқсат етілмейтіні туралы хабарлама алдым. Биыл да дәл сондай үш хабарлама келді. Яғни алтау болды. Бір рет те рұқсат бермеді. Азаматтық ұстанымымызды айтуға мүмкіндік бермей келеді. Бұған дейін жалғыз адамдық пикеттер өткізгенімізде, қудалады. Полиция келді. Қорқытты, – деді Карташев Азаттық тілшісіне телефон арқылы.
Карташевтің айтуынша, Шығыс Қазақстанда "Бипэк Авто – Азия Авто" компаниялар тобының қызметкерлері бір жылдан астам уақыт "заңсыз" қамауда болды, түрмеде "азапталды". Ол қолдаушыларымен бірге митинг өткізіп, азаптау істері бойынша тергеу жүргізілмей жатқанын және үйқамақта отырған адамдарды ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатуды талап етпек болғанын айтты.
Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты кеңсесінің қызметкері белсендінің арызы бүгін тіркелгенін растап, шағымды қарау немесе қайтару туралы шешімді судья шығаратынын хабарлады.
Азаттық тілшісі қала әкімдігінен митингілерге неліктен рұқсат берілмегенін сұрады. Бір жыл ішінде митинг өткізуге неше өтініш келгенін, оның қаншасы мақұлданып, қаншасына рұқсат берілмегенін де білуге тырысты. Әкімдік өкілі жауап беретінін айтқан, бірақ әзірге жауап келмеді.
Шығыс Қазақстанда "Бипэк Авто – Азия Авто" компаниялар тобының төп-менеджерлеріне қатысты "қаржы жымқыру" ісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "компания автомобиль құрастыру жөніндегі міндеттемесін орындамады" деп мәлімдеп, үкімет 10 жылға жеңілдікпен алған 174 миллиард теңгені (қазіргі бағаммен 371 миллион доллар) мемлекетке қайтарып беруді талап еткен. "Азия Авто" акционерлік қоғамы қосымша құн салығынан және кедендік төлемдерден босатылып, утилизациялық алымды қайтару есебінен ынталандырылған.
2021 жылғы тамызда Қазақстан билігі "Бипэк Авто – Азия Авто" компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкинге іздеу жарияланғанын хабарлаған. Қазақстан соты оны қамауға алу жөнінде сырттай санкция берген. Балушкин мен оның командасы сот шешіміне қарсы бірнеше рет шағым түсірген.
Айыпталушылардың жақтастары компания өкілдеріне "негізсіз айып тағылды", "заңсыз қамалды" деп санайды.
Қазақстанда 2020 жылы "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанымен, құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Астананы осы шектеулерді алып тастауға үндеген.
ПІКІРЛЕР