Accessibility links

Абай облысының әкімі Бородулиха ауданында өртке байланысты төтенше жағдай жариялайтынын айтты


Абай облысындағы орман өрті.
Абай облысындағы орман өрті.

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев 25 мамырда орман өртіне байланысты Бородулиха ауданында төтенше жағдай жариялайтынын айтты. Мұнда үшінші күнге жалғасқан орман өртінің салдарынан Березовка санаторийі ауылының 270-тен астам тұрғыны өз бетімен қауіпсіз жаққа кеткен. Олар туыстары мен таныстарын сағалаған деп айтылады.

Құтқарушылар тұрғылықты елді мекендерге қауіп жоғын айтты. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 24 мамырда кешкі сағат 9-ға қарай өрт аумағы 3,5 мың гектар болған. Өрт сөндіруді ұйытқыған жел мен батпақ қиындатқан.

– Өрт ошақтарын сөндіру жұмыстары жүріп жатыр, – деді әкім 25 мамырда үкімет отырысы кезінде.

Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің жедел әрекет ету тобы жұмыс істеп жатыр деп хабарланды. Өрт Ресей аумағынан 22 мамырда шыққан. Қазақстан шекарасына жақын Ресейдің Новенькое ауылында құрғақ шөп өртенген. Кейін от көрші Қазақстанның Абай облысындағы "Семей орманы" резерватына жайылған.

24 мамырда таңертең құтқарушылар Абай облысындағы елді мекендерге төнген қауіп сейілгенін хабарлады.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өртті сөндіруге 201 жеке техника, сегіз тікұшақ, өрт пойызы және 852 маман жұмылдырылған.

2022 жылы маусымда өрт резерваттың 250 гектар аумағына жайылған. 2021 жылы Риддерде 399 гектар жерге жайылған өрт ондаған адамды баспанасынан айырған. Бір адамның денесі табылған.

Бұған дейін Ресейдің Алтай өлкесіндегі төтенше жағдайлар департаменті Локтев ауданындағы өртті сөндіргенін хабарлаған.

XS
SM
MD
LG