Әдебиетте "нәубет" аталған Ашаршылық құрбандарын еске алу Совет Одағы ыдырамай тұрып қолға алынған. 1988 жылы Алаш арыстары ақталған соң, ғалымдар мен зерттеушілер Ашаршылық пен жаппай саяси қуғын-сүргін тарихын да зерттей бастаған. Оның барлығына сол кездегі совет диктаторы Иосиф Сталин мен оның жеке басына табыну саясаты кінәлі дегенге саятын тұжырымдар жасалды. Ал миллиондаған адамға қасірет әкелген ашаршылық пен саяси репрессия совет билігі жүргізген саясаттың салдары деген баға Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ғана беріліп, қоғам өкілдері оны қатаң айыптады. Қазақ қоғамы саясаткерлерден де соны күткен.
Сол кездегі парламент – Жоғарғы кеңес арнайы комиссия құрып, "большевиктердің қазақ халқына қарсы геноцидтік саясат жүргізгенін" атап көрсетті. Алайда ондаған жылдарды қамтыған трагедияға саяси баға беру осымен шектелді.
Қазақстан қоғамы мемлекет тәуелсіздігін жариялағаннан кейін алғаш рет 1992 жылғы 31 мамырды Ашаршылық құрбандарын аза тұту күні ретінде атап өткен. Елде қоғамдық ұйымдардың бастамасымен өткен аза тұту шараларының ешқайсысынан содан жарты жыл бұрын бүкілхалықтық сайлауда президент болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаев төбе көрсеткен жоқ.
Подкасты тыңдаңыз:
АЛДАН АЙЫМБЕТОВ: АЗАЛЫ КҮНІ ЖАЛАУЛАР ЖЕЛБІРЕП ТҰРДЫ
1992 жылғы 31 мамыр Қазақстанда аза тұту күні жарияланып, түрлі еске алу шаралары өткізілген. Алайда адамдарды сол шараларға жібермеуге әрекет жасалғаны да байқалады.
Сол күні Алматыда бірнеше жерде Ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы өткізілген. Азаттық радиосы сондай шараларға студенттерді жібермеу үшін жатақханаларда оқытушылардан кезекшілік қойылғанын айтады.
Алматыда 1992 жылғы 31 мамырда өткен еске алу шарасы туралы Азаттық радиосына сол кездегі белсенді, профессор, дәрігер Алдан Айымбетов пікір білдірген. Ол – тоқсаныншы жылдары Назарбаев режимін сынап, жалғыз өзі "Казахская правда" газетін шығаратын әйгілі Алдан Айымбетов.
– Алматыда ауыз толтырып айтатындай ештеңе бола қойған жоқ. Адам аз жиылды. Мұның бір себебі қазақтың әлі де болса тұншығып жатқан ұлттық санасының өте төмендігі деп түсінемін. Бұған ресми мекемелердің басшыларының және мемлекет басшысының бейтарап бағыт ұстануы себеп болды-ау деп ойлаймын. Мұның бәрі жасқаншақтықтан туса керек деп түсінемін. Түрлі салтанатты жиында төрден түспейтін төрағалар қазақ тарихындағы ерекше оқиғада бұғып қалуы ақылыма сыймайды. Азалы күні жалаулар да желбіреп тұрды. Ойын-сауыққа да тыйым салынбады. Жоқ, мамырдың 31-інде қазақ аза тұтты деп айту қиын-ақ, – дейді Алдан Айымбетов Азаттық радиосына.
"ПРЕЗИДЕНТТІҢ РЕСЕЙГЕ ЖАРМАСА БЕРЕТІНІ ҰНАМАЙДЫ"
Сол кезде қалыптасқан көңіл-күйге қарағанда, Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасына саяси басшылар да қатысады деп күтілсе керек. Мемлекет басшысының елдегі аза күніне қатыспауы қоғам сынын тудырған. Олардың қаралы күндегі еске алу шараларында бой көрсетпегенін Алдан Айымбетов былай түсіндіреді.
– Біздің асқар тауымыз, ұстын-тірегіміз деп жүрген Нұрсұлтан Назарбаевқа да өкпеміз аз емес. Мен өз халқының азасына келмепті деген бірде-бір мемлекет басшысын естіген емеспін. Егер аруақ, рух деген бар екені рас болса, кеше ол қазаққа, әсіресе, оның басшыларына риза болып кетті деп айта алмаймын, – дейді белсенді.
Алдан Айымбетов сол кезде сайланғанына жарты жыл болған президент Назарбаевтың ресейшіл саясатын да сынайды. Совет Одағы ыдыраса да, оның салқыны тарқамаған дәуірді профессор Айымбетов былай сипаттайды.
– Президенттің Ресейге жармаса беретіні ұнамайды. Әрине, Ресейге ерекше саясат, айла керек. Бірақ етене жығылу жарамас деп ойлаймын. Мұндай саясатты ондағылар да, біздегілер де жалтақтық деп сипаттап жүр. Президенттің азалы күнде бой көрсетпеуін де осылай түсіндірушілер аз емес. Қалай болғанда да, айтылған сын-пікірді таза көңілден деп түсініп, ескеруін тілеймін, – дейді ол Азаттық радиосына.
"ТҰТАС САЯСИ ЖҮЙЕ ЖАУАПТЫ"
Сол кездегі Азаттық радиосының хабарларында саяси басшылардың "Ресейге жалтақтап, бұғып қалатыны" жайында жиі айтылған. Радио 1992 жылғы 31 мамыр қарсаңындағы Қазақстан қоғамындағы көңіл-күйді былай баяндайды:
"Қазақстан, қазақ халқы орыс патшалығынан және советтік коммунистік өктемдіктің 300 жылға жалғасқан отаршылдық, езгі, қанауының астынан осыдан алты айдай бұрын ғана ұлттық тәуелсіздігін жариялаумен құтылу жолына түскендей болды. Міне, сол үш ғасырлық кезеңде қазақ халқы әртүрлі зорлық-зомбылыққа душар болып, миллиондаған ұл-қыздарынан жұрдай болды. Советтік өктемдік кезінде қанша қазақтың қандай зұлымдық салдарынан қаза тапқанын баспасөз бетіне жариялауға мүмкіндік берілмегені мәлім. Бірақ қазақ халқына жанашыр ғалымдар күндердің бірінде күн шығарын ойлап, мәселеге назар аударумен болғаны аян".
Күндердің бір күні өткенге әділ баға беретін сәтті күткендер аз болған жоқ. Отызыншы жылдардағы Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінге кінәні қоғам сол кездегі совет көсемі Иосиф Сталиннің жеке басымен байланыстыруға тырысты. Яғни жеке басшының жауапкершілігі, дұрысы – жауапсыздығы жайында сөз болды. Алайда Азаттық радиосы жекелеген басшылар ғана емес, тұтас саяси жүйенің осы қылмысқа жауапты екенін жеткізуге тырысты.
Осындай нәубет пен зұлматқа сол кезде енді тараған советтік коммунистік партияның барлық басшысы айыпты екенін Азаттық өз хабарларында жиі еске салып отырды. Сондайда коммунистік режимнің қазақ халқына тартқызған зардабы мен қайғы-қасіретін ұмыту мүмкін емес екені айтылады.
"КОМПАРТИЯҒА РЕСМИ МОЙЫНДАТЫЛМАҒАН ҚЫЛМЫС"
Назар аударатын жай – Азаттық өз хабарларында қазақстандық баспасөзге сілтей отырып, отызыншы жылдардағы қызыл науқаннан қаза тапқандардың санын 4 миллион адам деп шамалайды.
"Коммунистік партия тарих сахнасынан кетсе де, отызыншы жылдардағы коллективтендіру кезіндегі қылмысы оған ресми түрде мойындатылмады. Жеке Сталин мен [сол кезде Қазақ АССР-і компартиясын басқарған Филипп] Голощекин ғана жауапты етіліп, айыптала береді. Бірақ "ұлы көсем" Ленин бастатқан содан бергі коммунист басшылардың соған айыпты екені ресми түрде айтылмады" дейді Азаттық сол кездегі эфирлерінің бірінде.
Азаттық радиосы осы хабарында компартияның Қазақстанды қанға бөктірген саясатын сипаттай келіп, тәуелсіздік алған шақта мұның бәріне тәуелсіз баға беретін уақыт келгенін еске салады.
"Тәуелсіз Қазақстанның тәуелсіз парламенті алдында тұрған басты міндеттердің бірі осы тарихи жаңсақтықты дұрыстау емес пе?! Парламент арнайы қарар қабылдап, бұрынғы Жоғарғы кеңестің солқылдақ қаулысын алмастырып, "бұл – қазақ халқын әдейі қыру үшін ұйымдастырылған геноцид" дегенді жұрт алдында жайып салуға тиіс емес пе?!" деген Азаттық хабарында.
"АЛАШОРДА ӨМІР СҮРГЕНДЕ, СОЦИАЛИЗМНЕН ЖАҚСЫ БОЛАР ЕДІ"
Азаттық радиосы жергілікті баспасөзге сілтеме жасап, демограф ғалым Мақаш Тәтімнің деректерін де ұсынған. Онда Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама трагедиясынан бергі қазақ халқы арасындағы кісі шығыны 6 миллион адам деп шамаланады. Оның ішінде кәмпескелеу, коллективтендіру, ашаршылық және саяси репрессия үдеген тұстағы сандардың мөлшері айтылады.
Азаттық радиосы Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін туралы хабарларды тәуелсіздікке дейін де жиі беретін. 1991 жылғы бір хабарында Азаттық Ашаршылықтың себебі ретінде мына мәселені сипаттады: "Рас, Октябрь революциясы алдында малдың көбі байлардың қолында болатын. Ал коллективтендіру кезінде төрт түлік мал қоғамдық меншікке өтті. Қазақ елінің малы байлардың, яғни әл-ауқатты адамдардың қолында болғанда ашаршылық түс беріп көрмеген-ді. Бірақ төрт түлік мал мемлекеттік меншікке өткеннен кейін аштық пен жоқшылық болып отырды".
Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін таратқан хабарларының бірінде Азаттық егер Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін болмағанда елдің әлдеқашан дамып кетуі мүмкін екенін айтады.
"Егер де Октябрь революциясы іске аспай, сол жылдың аяғында құрылған Алашорда және басқа да тәуелсіз үкіметтер өмір сүргенде, Қазақстанның және басқа елдердің бүгінгі таңдағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени тұрмыс жағдайы социализм дәуірінен әлдеқайда жақсы болар еді" деген Азаттық радиосы хабарында. Азаттық бұл елдер кем дегенде Түркия, немесе Оңтүстік Кореяның деңгейіне жетуі мүмкін еді деген тұжырым жасаған.
1992 жылғы 31 мамырда Ашаршылық құрбандарын еске алу рәсімі осылай өткен. Азаттық радиосы аза тұту күнінен кейін берілген бір хабарында тәуелсіз Қазақстанның парламенті осы мәселелерді ескеретін шығар деп үміт білдіреді. Ал Қазақстан билігі бұл күнді ресми түрде бекітуге асықпайды.
1993 жылы "Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы" заң қабылданды. Алайда осы заңда Октябрь революциясына қарсы қарулы әрекеттерге қатысқан "шетелге қашып кеткендер", "отанды сатқандар" және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде осындай әрекеттерге барғандар ақтауға жатпайтыны айтылған.
Әуелде Ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарияланған 31 мамыр 1993 жылдан бастап Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне айналған. Қоғамдық пікір қысымынан кейін президент Назарбаевтың 1997 жылғы жарлығымен бұл дата Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталады.
Бұл айтылғандарды кейіпкерлердің дауысымен толығырақ "Азаттық радиосы – 70 жыл" аудиоподкасынан тыңдай аласыздар. Ал подкасты Азаттық сайтынан, әлеуметтік желіден немесе подкаст платформаларынан жүктеп алуға болады.
ПІКІРЛЕР