9 маусым түнде Абай облысында орман өртінің аумағы 60 мың гектарға жетті. Төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, өртті сөндіруге Алматы қаласынан, Алматы, Жетісу және Қарағанды облыстарынан қосымша күштер мен құралдар жіберілген. Ал Қызылорда облысынан 1 тікұшақ жіберіледі.
Министрлік 9 маусым түнгі сағат 10-да өртті сөндіруге ТЖМ, орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқарушы органдардан және қорғаныс министрлігінен 800-ге жуық адам, шамамен 200 техника жұмылдырылғанын хабарлады.
"Орман шаруашылығы комитетінің ақпаратына сәйкес өрт аумағы 60 000 га-дан астам. 8 тікұшақ тартылды, өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына су ағызу жүзеге асырылуда. Өрт ошақтарына әуеден 99 рет су төгілді, жалпы көлемі 275,5 тоннаны құрайды" деп жазылған министрлік хабарламасында.
Төтенше жағдай министрлігі өрт Шүлбі су электр станциясына жақындады деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Облыс әкімдігі эвакуацияланған елдімекен тұрғындарына Семейден 800 орын дайындалғанын хабарлады. Эвакуация пунктері колледж, жоғары оқу орындары мен қонақүйлерге шоғырланған.
9 маусым түнде Ақорда Абай облысына президент Қасым-Жомарт Тоқаев баратынын хабарлады. Президенттің баспасөз қызметі бұған қоса, Тоқаев 11-13 маусымға жоспарланған Вьетнам сапарын кейінге шегергенін мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР