Accessibility links

Президенттің бір жылы. "Советтік сайлау үрдісін еске түсіретін тәсілден" басталған мансап


"Қазақстандағы демократия". Карикатура Ұлттық академиялық кітапхандағы Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.
"Қазақстандағы демократия". Карикатура Ұлттық академиялық кітапхандағы Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.

Қазақстанды ұзақ басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы сайлаудан кейінгі қадамдары, тәуелсіздігін кеш жариялаған Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатындағы алғашқы бағыт-бағдар, ядролық қару мәселесінің шешілмеуі, Назарбаевтың Вашингтоннан қайтар жолда Мәскеуге соғуы – "Азаттық радиосына – 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизоды осыған арналады.

Тәуелсіздіктен кейін тәуелділік. Назарбаевтың бір жылы
please wait

No media source currently available

0:00 0:20:17 0:00

Азаттық радиосы 1992 жылғы желтоқсан айында Назарбаев президенттігінің алғашқы жылына шолу жасайды. Ол бірнеше күн қатарынан эфирден беріледі. Назарбаевтың оппозициямен қатынасы, алғашқы Конституция жобасының дауы да назардан тыс қалмаған.

НАЗАРБАЕВ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК ШАРТТАРЫ

Сайып келгенде, Назарбаев президенттігінің алғашқы жылы Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылы болатын. Сондықтан да Назарбаев тәуелсіз мемлекетке қажетті алғашқы шарттарды жүзеге асырушы ретінде де есте қалған саясаткер. Оның орнында басқа саясаткер отырса да, бұл шарттарды жүзеге асатыны анық. Дегенмен Назарбаевтың алғашқы жалпыхалықтық сайлауды тәуелсіздік қарсаңында ұйымдастыруы кездейсоқтық емес сияқты.

Азаттықтың тізбекті хабарларында Назарбаевтың тәуелсіз елдің президенті ретіндегі алғашқы қадамдары, алғашқы шетел сапарлары, ішкі, сыртқы саясаты және оппозициямен арасы талданады. Кемшіліктері мен жетістіктері айтылады. Арнайы хабардың алғашқы эфирі былай басталған.

"Нұрсұлтан Назарбайдың тіке сайлау арқылы президент сайланғанына бір жыл толды. Назарбай өткен 1991 жылдың желтоқсанның 1-інде сайлаушылар дауысының 98,8 пайызын алып, президент сайланғанда сол сайлау "нағыз демократиялық емес, бұрынғы советтік әдісті еске түсіреді деушілер де болған-ды. Сайлауға қатысқандар саны да 88 пайыз болған-ды".

Хабарда Назарбаевтың 1991 жылғы 1 желтоқсанда алғашқы жалпыхалықтық президент сайлауына жалғыз кандидат болып түсу себебі айтылғанымен, бұл мәселе кеңінен талданбаған сияқты. Дегенмен Азаттық радиосы бұл сайлаудың демократиялық деңгейге жетпегенін атап көрсеткен.

Содан бері де Қазақстандағы сайлаудың ешқайсысы да халықаралық ұйымдардың оң бағасын алған емес. Үнемі демократия стандартына сай келмейтін сайлау өткізу үрдісі қалыптасты. Назарбаев өзі жоғары билікте отырған 30 жылдай уақыттың ішінде әр сайлаудан кейін берілетін баға осындай болды.

Хабарда айтылғандай "Желтоқсан" ұлттық-демократиялық партиясының төрағасы Хасен Қожахмет сайлауға түсуге тырысқанымен, кандидат ретінде жинаған қол саны ресми тіркелуге қажет 100 мыңға жетпей қалған. Мұның сыртында Желтоқсан партиясы да тіркеліп үлгермеген. Хасен Қожахметтің қол жинауға аз уақыт берілгенін сынағаны белгілі. Бұл туралы өткен эпизодта айтқанбыз.

Бұл – Назарбаевтың кандидат болуын құптайтындардан жиналған қол саны бір милионнан асып жығылған кезде болған жағдай.

ТӘУЕЛСІЗДІКТЕН КЕЙІНГІ ТӘУЕЛДІЛІК

Қазақстанда президент сайлауы өте сала саяси оқиғалардың дамуы жеделдей түседі. Назарбаев сайлауынан кейін Орталық Азия елдері басшылары Ашғабадта бас қосып, Совет одағы құлағаннан кейінгі бағыт-бағдарын талдайды.

Олар Ресей, Украина және Беларусь арасында құрылған Тәуелсіз мемлекеттер достастығына (ТМД) қосылуға ұйғарады. "Бұл – Совет одағының ыдырауының белгісі" дейді Азаттық.

Совет одағы 70 жылдан астам ғана ғұмыр кешіп, ыдырағанда бір кезде Түркістан аталған Орталық Азия аймағында жаңа бес мемлекет пайда болды. Олар өзара қатынаспен шектелмей, ықпалдасудың басқа да балама жолдарын іздестіре бастады. Сондайда осы аймаққа көршілес алпауыт Қытайды елемеу мүмкін емес еді. Қазақстан осы елмен қатынасты реттеуге назар аударады. Қиыншылық кезінде Қытайдың Қазақстанға азық-түлік жөнелтіп тұрғаны айтылады.

Азаттық радиосының хабарларына қарағанда, 1992 жылы қараша айында Қазақстан Қытаймен арада жолушылар тасымалдайтын әуе қатынасын қалыптастармық болады. Бұл Қазақстан азаматтық авиациясының әлі Мәскеуге тәуелді кезі екен. Одан да қызығы Қытай жағы Қазақстанның бұл ұшағын қабылдамайды. Ұшақ сыртындағы "СССР" деген жазу осы оқиғаның себептерінің бірі ретінде аталады.

Қытаймен байланысқа ұмтылған Қазақстанның Ресеймен ірге ажыратуы да әлбетте, қиын еді. Ресей ғана емес, Балтық бойы елдерінен басқа республикалар одақтың орнын толтыратын бірлестікке мұқтаждық танытады. Саясаткерлердің ерік-жігері соған ғана жеткендей. Сондай бірлестіктің бірі ТМД болған. Кейін аймақтық басқа да салалық ұйымдар пайда болды да, нәтижеде олардың басымдықтары анықталмай қалды.

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ ЖӘНЕ ДЕМОКРАТИЯ

Совет одағы құрамындағы республикалардың бірінен соң бірінің тәуелсіздік жариялауы Кремльді алаңдатқанға ұқсайды. Әсіресе, одақ басшылығындағы және Ресей саясатындағы белгілі тұлғалар артық-кем мәлімдемелер жариялап жатқан. Соның көбінде шекара мәселесі айтылатын.

Соның бірі одақ басшысы Михаил Горбачевтің Қазақстанның солтүстігіндегі кейбір аумаққа байланысты дау айтқаны белгілі. Азаттық радиосы оның даулы мәлімдемесі қазақтардың наразылығын тудырғанын айтады. Горбаечев соңынан Назарбевқа телешрамма жолдап, өз сөзін қайтып алған. Халық тегеуріні одақтың бас хатшысын да осындай әрекетке баруға мәжбүрледі.

ТМД құрылғаннан кейін Қазақстанның сол кездегі астанасында қабылданған "Алматы декларациясында" бұрынғы совет елдерінің шекаралары одақ кезіндегі нұсқада сақталатын айтылған.

Бұл кезде басы ашылмаған, ел назарын аудартқан тағы бір маңызды мәселе бар еді. Ол одақтан мұраға қалған ядролық қарудың жайы болатын. Сол кездегі Азаттық радиосы хабарларында осы жаппай қырып-жою қаруларының әсіресе, Батысқа кезелуі туралы жиі айтылатын. Одан қала берді, кейбір қару түрлерінің Иран тәрізді репутациясы жағымсыз елге сатылуы туралы да сыбыс тараған. Әдетте, оны тараптар жоққа шығарып отырған. Дегенмен сол кезде жазылған саяси әдебиетте мәселенің өте нәзік болғаны байқалады.

Азаттық радиосы Назарбаев президенттігінің бір жылына шолу жасағанда, оның басты кемшілігі ретінде ядролық қаруға қатысты мәселені шешпегенін айтады. Бұл аралықта Қазақстан ядролық қаруы бар ел мәртебесін иелене ме, жоқ па, бұл да елдің сыртқы саясат мамандары арасында жиі талқыланады. Уақытша ядролық қаруға ие ел болайық деген ұсыныстар да айтылған. Осындай маңызды да, бір жағы қатерлі мәселенің ұзақ талқыланып, алғашқы жылы түпкілікті шешілмеуі Назарбаевтың сынға ұшырауына себеп болған. Бәлкім, сол кезде жылдың басты проблемасы да осы болса керек.

Азаттық радиосы Назарбаевтың ядролық қару туралы ұстанымын айқындамауын сынаса да, оның алғашқы айлардағы қадамын оң бағалайды. Қазақстан БҰҰ-ға мүшелікке әзірленіп, әлемдік қаржы ұйымдарына қадам басады. Тиісінше, ішкі түйткілдер де көп болатын. Сондай түйткілдердің бірі – жалақы талап еткен Қарағанды шахтерлерінің ереуілі еді.

Елдің ішкі жағдайы дегеннен шығады, бұл Қазақстандағы демократия қалай дамуы керек деген мәселенің де анықталмай тұрған кезі еді. Одақ ыдырайтын қарсаңда пайда болған демократиялық күштер әлі әлсіз болатын. Олардың толыққанды жұмыс істеуіне Назарбаев әкімшілігінің мүдделі болмағаны байқалған.

"ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ЖЕТУДІ БАЯУЛАТҚАН ОҢСЫЗ КЕЛІСІМ"

Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған бір жылдың ішінде ел тәуелсіздігін мойындаған елдер қатары өсе бастайды. Олардың басында әлемдік және аймақтық державалар тұрды. Сыртқы саясат тұжырымдамасы әзірлене бастады. Президенттің шетел сапарлары алғашқы қадам ретінде маңызды саналды. Назарбаевтың алғашқы жылы шетел сапарының жиілігімен де есте қалса керек. Бұл кезде Қазақстан халықаралық экономикалық ұйымдарға мүше болуды көздеп қойған.

Осы шаралардың ішінде маңыздысы – Америка сапары болды. Онда өзара қатынасқа негізделген құжаттарға қол қойылды.

Азаттық радиосы Назарбаевтың Америка сапарының маңызына ерекше ден қойған. Әсіресе, оның елге қайтып келе жатып Ресейге соғуы, анықтай айтқанда, АҚШ-тан кейінгі сапарын Ресейде жалғастыруы назардан тыс қалмаған. Бұл қоғамды екіұдайы күйде қалдырған әрекет болған сияқты.

"Нұрсұлтан Назарбайдың президент сайланғаннан кейінгі алғашқы сегіз айы көптеген ішкі және сыртқы оқиғалармен өтті. Қазақстан ТМД қатарында бірлікті сақтап қалушы ретінде байқалса, шет елдермен байланысын нығайтуға күш салған мемлекетке айналды. Ал ел ішінде болса, әр саладағы қайта құру, базар шаруашылығына өту жолдары қарастырылды. Президент Назарбайдың АҚШ сапары табысты болғанымен, қайтып келе жатып, Алматыға жетпей, Мәскеу Ресеймен достық және істестік шарты қазақ халқының тәуелсіздікке жету процессін баяулатқан оңсыз келісім болды" дейді Азаттық радиосы 1992 жылдың 5 желтоқсаны күнгі эфирінде.

Алдағы эпизод алғашқы сайлаудан кейінгі Назарбаев және оппозиция тақырыбына арналатын болады.

Подкасты Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан жүктеп алуға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG