10 қарашада Алматы қалалық соты "әуежайды басып алу" ісі бойынша сотталғандар – белсенді Әйгерім Тілеужанова және өзге сотталушылардың үкімін қарап, бірінші инстанциядағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Апелляция алқасы соттың алғашқы инстанциясында жәбірленушілерге тиген зардап ескерілмегенін айтып, "күрделі жағдайға байланысты сот сол сәтті жіберіп алған сияқты" деді. Сот алқасы сол тұсын ескергенін мәлімдеді.
Бұл іс бойынша әуежай қызметі және әуе компаниясы жәбірленуші танылған. Сот жәбірленушілердің пайдасына сотталушылардан ақша өндіруді қаулы етті.
Сот Әйгерім Тілеужанованың апелляциясын 19 қыркүйекте қарай бастаған. Алайда содан бері сот отырысы бірнеше рет шегерілген.
- Сот "әуежайда тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталған Әйгерім Тілеужанованы шілде айында 4 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберген. Бұған қоса, судья айыпталушылар Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтің әрқайсын 8 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу жөнінде үкім кескен. Оларға "тәртіпсіздік ұйымдастыру", "ғимаратқа шабуыл жасау", "көлікті айдап кету", "тонау" баптары бойынша айып тағылған.
- Айыпталушылар үкіммен келіспеген. Құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтқан.