Глубокое кентінде билік уәде еткен қазандық неге салынбады? Жобаға аймақтың бұрынғы басшысы Даниал Ахметовтің не қатысы бар? Әкімдік бітпеген құрылыстың бұрынғы мердігерімен неге жаңа келісімшартқа отырды? Азаттық осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
ЕСКІ ҚАЗАНДЫҚ ҺӘМ ҚАБЫРҒА ПЕШ
Глубокое кенті – өзі аттас ауданның орталығы. Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Өскеменнен небары 30 шақырым жерде орналасқан. 10 мың адам тұрып жатқан кенттің кіндігінде тұрған көпқабатты үйлер орталық жылу желісіне қосылған. Ал елді мекеннің шет жағындағы көпқабатты үйлер мен жер үйлер пеш жағады.
– Ағаш отын түсіретін адам, жағдайы бар болса, сатып алып түсіреді. Жағдайы жоқтар маңайдан теріп я шауып, қысқа отын дайындайды, – дейді қураған талды бұтап жатқан көршілерімен әңгімелесіп тұрған жергілікті тұрғын Зарина Мырзағұлова.
Ол Глубокое кентінің шеткері Кирзауыт ықшамауданында қосқабатты үйде тұрады.
Зарина да маңайдағы өзге көпқабатты үйлердің тұрғындары тәрізді көмір мен ағашты ауладағы оқшау отын қораға жинайды. Ағаш отынның бір текшесін 18 мың теңгеден сатып алатын тұрғындар "бұл қымбат" дейді.
Биыл көмірдің тоннасы 13 мың теңгеден сатылған. Бұған 16 мың теңге жеткізу ақысын қосыңыз. Қыс бойы шамамен алты тонна көмір керек."Осының бәрін қосқанда қалтаға едәуір салмақ. Ал орталықтан жылу берілсе, әрі арзан, әрі қолайлы болар еді" дейді жергілікті жұрт. Қолайлы болатын себебі: онда тұрғындар от жағу азабынан құтылады.
От жағудың қиындығын көріп жүрген адамның бірі – Гүлжанар Сіләм. Жалғызбасты ана жұмысқа барса, үйінде қалған кішкентай балаларына алаңдайды. Қыста бір жаққа ұзап шығу да оңай емес дейді ол.
– Рас, қиын. Қалжың емес. Қыста кеш өте тез батады. Балаларды сабақтан әкелесің. Әсіресе, маған қиын. Өзім жалғызбастымын. Басқасын, кім біледі, көмектесетіндері бар шығар. Кішкентайларым бар, әне, отырғандарын көріп отырсың ғой, – дейді Гүлжанар Сіләм.
Оның арманы – қабырға пешті орталық желіге ауыстыру. Күніне үш мезгіл от жағатынын, әсіресе таңғы уақытта қиналып қалатынын айтады.
– Таңертең неге қиын?
– Ойбай, таңертең дірдектеп от жаққан оңай ма? Таңертең от жаққандарыңды көрер едім. Таңертең от жағу оңай деген кісіні маған ертіп келіңізші осы! Қиын. Дала қар, есіктің алдынан көмірді кіргізесің, сыртқа күл шығарасың – түнде салған көмірдің күлін, отыныңды саласың, бәрі қиын ғой. Әлде жеңіл ме? Маған жеңіл емес. От жаққан қиын болады. Осыған "паровой" тартса, иә? Жақсы болар еді. Тартылмайды ғой бірақ, – дейді ол тұнжырап ойға шомып.
Кирзауыттағы тағы бір көпқабатты үйде сегіз жылдан бері тұрып жатқан Айбол Аралбаев 2021 жылы жаңа қазандық салына бастағанда билік осы ықшамаудандағы үйлер орталық желіге қосылады деп уәде берген дейді. Расымен, әкімдік "жаңа қазандық орталыққа қосылмаған үйлерді қамтиды" деп мәлімдеген.
– Жаңа жылу орталығын салғанда осы жаққа [желі] тартамыз деген. Жаңа жылу орталығының өзі жоқ қой, басын бастады, [ары қарай] істеген жоқ. Қалды ғой. Әкеледі деген мына [үйдің] бәріне. Жоқ мүлде. Екі жыл болды ғой, – деді Айбол Аралбаев.
Аудан орталығында 1938 бен 1949 жылдары салынған ескі қазандықтар жұмыс істеп тұр. Билік олардың тозығы жеткенін мойындайды. "Пайдалы әсер ету коэффициенті төмен болғандықтан, жылумен жабдықтау көзі энергияны үнемдемейді" деп жазды облыс әкімдігі Азаттыққа.
Былтыр ескі орталықты жөндеуге 143 млн теңге, биыл 150 млн теңге жұмсалған. Бірақ орталықтан жөндеуге дейін де, кейін де ақау шыққан.
Бұл жөнінде Глубокое ауданының әкімі Елдар Тұмашинов көктемде баспасөз мәслихатында айтқан. "Шынымен де, бір рет апат болды. Бірақ ауа райы қолайлы наурыз кезінде болған еді. Бір жарым күн жылу берілмей қалды. Бірақ жедел әрекет еттік" деген әкім.
Былтыр Риддер мен Екібастұз қалаларында болған апаттан кейін Қазақстанның барлық аймағында дерлік жылу орталықтарының тозығы жеткені дүркін-дүркін айтылды. Өзге өңірлердегі тұрғын халық та жылусыз қаламыз ба деп алаңдай бастаған. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев "Апат энергожүйеде жиі болады. Оның себебі де көп. Өкінішке қарай, апаттан қашып күтілу мүмкін емес" деп мәлімдеген.
"ЕУРОПАЛЫҚ СТАНДАРТ" ЖӘНЕ СӘТСІЗДІК
Елді мекенде жаңа жылыту қазандығы салынатынын Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Даниал Ахметов 2018 жылы мәлімдеген. 2020 жылы құрылыс мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында салынатыны белгілі болды. Жоспарланған 4.5 млрд теңгенің 40 пайызын мемлекет, ал 60 пайызын түркиялық Mimsan Industry Boilers деген инвестор компания құяды деп келісілді. Қаржы көлемі кейін 5,3 млрд теңге болып ұлғайды. Бұдан кейін жергілікті басылымдар әкімнің құрылыс барысын қадағалап барып жүргені туралы жаңалықтар беріп, мемлекеттік мекемелер болашақ қазандықтың эскизін жариялап, жергілікті халықты емексітіп қойған еді.
Шетелдік кәсіпорынмен мәмілеге келгеннен кейін аймақ билігі көмір жағатын қазандықты "еуропалық стандарт" бойынша жұмыс істейді деп мақтады.
Шетелдік инвестор құрылыс жүргізуге әкімдіктің келісімімен жергілікті SIGMASTROY құрылыс компаниясын жалдады. Қазандықты 2021 жылы бастап, сол жылы қазанда аяқтап, тапсыруға тиіс еді. Бірақ межелі уақыт жеткенде телеарналарда жақсы жаңалықтың орнына жағымсыз хабарлар беріле бастады. Хабар 24 телеарнасы "ауқымды жоба аяқталмай жатыр" деп, 31-арна "құрылыс екінші жылға қалды" деп хабарлады.
Түркиялық инвестор мен SIGMASTROY мердігер компаниясы жұмыстың кешігуіне бір-бірін айыптап, оның арты сот дауына ұласты. Инвестор мердігер кәсіпорын жұмысты баяу істеді десе, екіншісі "өздерің құрал-жабдықты кеш жеткіздіңдер" деген уәжді алға тартты. Дегенмен сот қаулысында "құрал-жабдықтың 80 пайыз жеткізілгені анықталған", ал "қалған 20 пайыз жабдықты инвестор жөнелтуге дайын" деп жазылған.
Жаңа қазандықтың орны ескі қазандықтың дәл жанында. Орталықтың темір қаңқасы тұрғызылған. Маңайында әртүрлі құрал-жабдық жинаулы тұр. ШҚО әкімдігі Азаттыққа "құрылыстың үштен бір бөлігі – 31 пайызы аяқталған" деп хабарлады.
Тұрғызылған темірлер арасынан, әуелдегі тамаша жоспардың белгісіндей, Қазақстан мен Түркияның туы бар тақтайшалар көрінеді. Бірақ оны енді алып тастайтын болса керек. Себебі мемлекет "міндетін уақытылы орындамады" деп инвестормен келісімшартты бұзған.
Бюджетке 1,6 млрд теңге шығын келген. Әкімдік оны сотта даулап жатыр. Түркиялық компания ақшаны құрал-жабдықтарға жұмсағанын айтады. Ал құрылыс алаңында жатқан-тұрған сол жабдықтардың кейбірі "қанағаттанарлық" жағдайда деп мемлекет балансына қабылданған, кейбіреуінің сақталуы мен әрі қарай қолданысқа жарайтын-жарамайтыны толық тексерілмеген. Әкімдік сотта түріктерге құрылысты күреп, алаңды босатып беру туралы да талап қойған.
ЕСКІ ДЕ ЖАҢА СЕРІКТЕС
Осы орайда түркиялық инвестор мен құрылысты жүргізген мердігер компания туралы айта кетейік.
Mimsan Industry Boilers – Түркияда энергетика жабдықтарын шығаратын Mimsan Group деген өндірістік кәсіпорынның филиалы. 40 жылға таяу тарихы бар Mimsan Group сайтында өз елінде ірі кәсіпорын саналатынын жазады. Қазақстанда біз айтып отырған қазандықтан өзге жобаларды жүзеге асырғаны жөнінде дерек жоқ. Өзбекстанда су жылыту қазандығын салған.
Ал SIGMASTROY Шығыс Қазақстандікі. Аймақта мемлекеттік тапсырысқа асхана, спорт зал салып, теміржол жөндеген. Түркиялық инвестормен келісімшарт күшінде тұрған жылдары кәсіпорынды Ерғали Мақсұтұлы Жақсыкелдинов деген адам басқарды. Құрылтайшысы да өзі болды. Жақсыкелдинов сол уақытта басқа компанияда облыстың бұрынғы әкімі Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметовтің қоластында жұмыс істеген. Нақты айтқанда, кіші Ахметовтің Engineering Supply Company деген компаниясының Өскемендегі филиалында директор қызметін атқарды.
Түрік инвесторы мен SIGMASTROY компаниясы бір-бірін қалай тапқаны белгісіз. Бірақ сотта түріктер "құрылыс компаниясын жалдауға әкімдіктің өзі келісім берді" деп айтқан. Олар жобаны басқа құрылыс компаниясымен аяқтау туралы ұсыныс білдірген, алайда әкімдік "мәмілені бұзайық" деген сөзінен қайтпады. Түріктер құрылыс SIGMASTROY-дың кесірінен кешеуілдеді, біздің кінәміз жоқ дейді. Бірақ әкімдік ол компаниялардың "өз шаруасы, біз араласпаймыз" деп жауап береді.
"Қалай болса да, келісім-шарттағы міндеттемелер, туындаған проблемалар бас мердігер мен жеке серіктестің өздерінің мәселесі. Біздің мемлекет міндеттемені толық орындады. Осыған байланысты қазандық құрылысы былтырдан бері тоқтап қалды", – деді Глубокое ауданының әкімі Елдар Тұмашинов 2022 жылғы 4 қазандағы брифингіде.
Бір қызығы, түріктермен ат құйрығын кесіскен әкімдік SIGMASTROY-мен қатынасын үзген жоқ. Конкурс арқылы жаңа серіктес іздегенде осы SIGMASTROY талаптарға дәл келетін болып шыққан. Яғни жобадағы бұрынғы мердігер енді инвесторға айналды. Азаттықа облыстың жаңа әкімі Ермек Көшербаевқа "Бұл қалай болғаны, өздеріңіз "жұмысқа салғырт" деп бағалаған түрік инвесторының серіктесіне енді сенім бар ма?" деп жазбаша сұрақ қойдық. Әкімдік олардың біліктілігі "конкурс талаптарына сәйкес келеді" деп қысқа қайырды.
Жаңа серіктесті анықтайтын конкурс былтыр Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметтен кетпей тұрғанда өткізілген. Азаттық облыс әкімдігінен "Ахметов осы компанияны таңдауға ықпал еткен жоқ па?" деп сұрады. Қалай болғанда да, мердігер кәсіпорын басшысы әкімнің ұлы Талғат Ахметовтің компаниясында да істеді ғой. Бірақ әкімдік Ерғали Жақсыкелдинов конкурс жарияланған уақытта SIGMASTROY басшыларының қатарында болмағанын айтты. Расымен, байқау өткізілгенге дейін кәсіпорынның басшылары тізімінде өзгеріс болып, Жақсыкелдинов шығып кеткен. Әкімдік бұған қоса "Даниал Ахметов байқау комиссиясының құрамында болған жоқ" деп жауап жолдады. "Ықпал ете алмайды" дегенді меңзесе керек.
Облыстың экс-әкімі Даниал Ахметов Глубокое ауданында қазандық жұмысы сәтті іске асса, аймақтағы өзге қалаларда осындай орталық саламыз деп жоспарлаған еді. Алайда Глубокоедегі жұмыс сәтті болмады, Ахметовтің өзі де қазір қызметте жоқ.
Бірақ әуелде Даниал Ахметов тағайындаған, биыл күзде өткен сайлауда жеңіске жеткен Глубокое ауданының әкімі ауысқан жоқ. Ол – Ахметовтің ұлының бизнес-серіктесі болған, қазір мәжіліс депутаты болып отырған Лұқбек Тұмашиновтің ұлы Елдар Тұмашинов. Елдар Тұмашинов былтырғы брифингте журналистерге жаңа қазандықтың жұмысы 2023 жылы жалғасады деп сөз берген.
Дегенмен биыл құрылыс жалғаспай қалды. Әзірше, әкімдіктің айтуынша, "жаңа" инвестормен келісімшарт рәсімделіп жатыр. Ал аудан орталығында жаңа үйлер салынған. Олар қуаты аз болса да, ескі жылу қазандықтарына қосылып жатыр.
Қысы суық Шығыс Қазақстан облысының Глубокое кентіндегі билік уәде еткен жылу жүйесіне қосылмаған тұрғын үйлердегі адамдар биыл қыста жағдайымыз қалай болар екен деп алаңдап отыр.
ПІКІРЛЕР