Accessibility links

16 жылға сотталған Ербол Жұманов үкімге неге келіспейді?


ҰҚК мен әскер атысты ма? Тараздағы Қаңтар ісі
please wait

No media source currently available

0:00 0:22:40 0:00

Видео: ҰҚК мен әскер атысты ма? Тараздағы Қаңтар ісі

Тараздық Ербол Жұманов – Қаңтарға қатысқандар ішінде ең ауыр жазаның бірін алған адам. Ол "Ұлттық қауіпсіздік комитеті подполковнигін атып өлтірді" және "қару ұрлап, сақтады" деген айыппен 16 жылға сотталды. Жақындары қылмыстың айғағы жоқ дейді және Ерболды "жүйенің құрбаны" деп санайды.

Ербол Жұманов "мылтық алып, үйіне апарғанын" растайды, ал "кісі өлтіру" айыбын мойындамайды. Сотта оның оқ атқан сәтінен видео немесе фотоайғақ болмаған. Айыбы әскерилердің айтуымен дәлелденді делінген. Сол күнгі бақылау камерасындағы жазбаларды қолына түсірген оның ағасы "ҰҚК қызметкерлері сарбаздармен "атысқан", подполковник сол кезде мерт болған" деп есептейді. Оның ойынша, құзырлы органдар осы мәліметті "бүркемелеу" үшін видеоға "монтаж" жасап, "жалған" куәгерлер тауып, інісін "кінәлі етіп шығарды". Бірақ сот нұсқасы басқа және марқұмның әкесі де тергеуге күмән келтірмейді. Азаттық бақылау камераларындағы көріністер мен сот барысына шолу ұсынады.

Қаңтар оқиғасына байланысты 16 жылға сотталған Ербол Жұманов (ортада) сот залында отыр. Тараз, 28 сәуір, 2023 жыл
Қаңтар оқиғасына байланысты 16 жылға сотталған Ербол Жұманов (ортада) сот залында отыр. Тараз, 28 сәуір, 2023 жыл

БЕЙНЕТАСПА: ЖОҒАЛҒАН СЕКУНДТАР

Сұйылтылған газдың қымбаттауына наразылықтан басталып, арты бүкіл Қазақстанда саяси талап қоюға ұласқан Қаңтар оқиғасы кезінде Тараз халқы да митингіге шықты.

Бір қауым ел қаңтардың 6-сына қараған түні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облыстық департаментіне барған. Бұл сәт ҰҚК ғимаратының бақылау камераларына іліккен. Жазбадан адамдар жиналғанда олардың ортасына жарылғыш зат тасталып, ғимарат терезесінен сыртқа қарай мылтық атылғаны байқалады. Адамдар еңбектеп, домалап, жан-жаққа қашады.

Арада бір жарым сағаттан астам уақыт өткенде ҰҚК қызметкерлері аулаға, Көшек батыр көшесіне шығып, әлдекімдерге мылтық атады. Бұл кезде маңайда көпшілік байқалмайды, бірақ Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы №91678 әскери бөлімінің сарбаздары Желтоқсан көшесі жақтан келіп тоқтап жатқан. Іс материалдарында оларды ҰҚК көмекке шақырғаны айтылады.

Іс материалында, яғни ресми нұсқада ҰҚК әскерді емес, олардың арғы жағында, Сүлейменов көшесі жақта тұрған белгісіз "шабуылшыларды" көздеді деп жазылады. Ербол Жұманов солардың арасында болған делінеді.

Айта кету керек, сол күні әскер мен ҰҚК қызметкерлері ғана емес, белгісіз шабуылшылар да жарқырап ұшатын әскери оқты пайдаланды делінеді. Сондықтан оқтардың ұшқаны бейнебақылау жазбасында көрініп тұрады. Ербол Жұмановтың ағасы Ержан Жұманов осы видеоларды зерделеп шығып, Сүлейменов көшесі жақтан ғимаратқа қарай жарқырағыш оқ атылмағанын анықтайды. Айтуынша, оқ ұшқыны сарбаздар мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті адамдары тұрған екі ортадағы таспаларда ғана байқалады.

Қаңтардағы Тараз. Жоқтау мен іздеу
please wait

No media source currently available

0:00 0:25:08 0:00

"Бұл уақытта, бесінші бейнетаспадан байқасаңыз, [Сүлейменов бағытынан] ұшқын да, жарқырағыш оқ та көрінбейді. Төртінші бейнетаспада да, уақытпен салыстырсақ, жарқырағыш оқ, ұшқын жоқ, тым-тырыс. Демек, атыс КамАЗ-дың артында, екі мен үшінші бейнетаспаның ортасында болған" дейді Ержан Жұманов өзі дыбыстап, The Qazaq Times басылымы жариялаған видеода.

Осыдан кейін Ерболдың ағасы Ержан Жұманов ҰҚК қызметкерлері сол әскермен "атысып қалды", екі жақ "қапылыста бір-бірін танымаған" деген қорытындыға келеді. Себебі әскери қызметкерлер сот отырысында "қараңғыда біреулер тас атқылап, көлігіміздің артынан жүрді" деген. Ержан Жұманов әскерилер соған байланысты үрейленіп келе жатқанда, ҰҚК адамдары ескерту оғын атып, бұлар да қорғану үшін қару қолданған болуы мүмкін дейді. Сот бұл нұсқаны қарастырмайды, себебі істегі күдікті тек Жұманов.

"Ондай пікір айту өз құқығыңыз. Қазір біз сіз туралы қылмыстық істі қарап отырмыз. Себебі айыптау жағы сізге [Қылмыстық кодекстің] 380-бабы 1-бөлігі бойынша айып тағып отыр. Қайратов, Сабыров немесе басқа тұлғаларға ондай айып тағылған жоқ" дейді Жамбыл облыстық апелляциялық сот алқасының судьясы Нұрмұхаммат Абидов. Ол Қайратов, Сабыров деп әскери қызметкерлерді айтып отыр.

Ержан Жұманов Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимаратының камерасына жазылған видеоны бірінші сатыдағы соттан өтінішхатпен алдырады. Видеоны толық көріп шыққанда "сот отырысында маңызды жерлері көрсетілмегенін" және "оған дейін монтаждаған болуы мүмкін" екенін аңғарады. Өйткені бірнеше жерінде бірнеше секундтар жоғалып кетеді.

"Қазір Жанпейісовтің атқанын көре алмаймыз. Уақытқа қарасаңыздар "28" болып кетті. Уақыт секіріп кетті" дейді Ержан Жұманов әлгі видеода сондай сәттердің бірін түсіндіріп жатып.

Ербол Жұмановтың қорғаушылары видеоларды өз бетінше сараптама жасайтын компанияға тексерткен. "Сараптама груп" компаниясы "уақыт таймерінде хронологиялық бірізділік жоқ", "зерттелген жазба сюжетіндегі іс-әрекеттердің логикалық ағымы мен аяқталуы жоқ", "зерттелген файлдар монтаждалған болуы мүмкін" деген қорытынды береді. Сотқа да сараптама жүргіздіруді ұсынады, бірақ "қажет болса, кеңесу бөлмесінде көре аламыз" деген сот алқасы сараптама жасату туралы өтінішті қараудан бас тартады.

САРАПТАМА: БӨЛІНГЕН ОҚ

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараты алдында қарбалас болып жатқанда жарқырап атылатын әскери оқтың бірі ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайға тиіп, мерт қылады. Оқ оған тигеннен кейін де, ішінде біраз уақыт жанып жатады. Бірақ кейін патронның жанатын бөлігі жоғалып кетеді. Ал Ерболдың қорғаушылары оның жанатын стақаны жоғалды деп есептемейді, тергеушілер мүлде басқа оққа ауыстырған деп күдіктенеді.

"Дастан Әділбайдың сол қолын көтерген сәті. Артынша оқ тиеді. Назар аударыңыздар. [Ұшып келе жатқан оқ] траекториясын өзгертпей, рикошетсіз кіреді. Сол қолын көтерді, [Дастан Әділбайға] оқ тиді. Дастан Әділбай құлайды, ішінде оқ әлі жанып жатыр. Демек, жарқырағыш оқтың артында кішкентай стақаны болған. Ал сараптамаға берген оқтың артында кішкентай стақаны жоқ. Оқ ауысқан деген күмән осыдан туындаған. Сот отырысында бәрін де айтқанбыз" дейді Ержан Жұманов видеоны көрсетіп.

Расымен, сот отырысында осы нәрсе талқыланады. Ербол сот сарапшысы қарағанға дейін марқұмға операция жасалған, ішін ашқанда басқа оқ салып жіберген деп айтады. Ал сараптама жүргізген адам патрон ауысқан-ауыспағанын нақты айта алмайды. Ербол Жұманов сұраққа "жауап бере алмай" тұрған сарапшыны судьяның өзі демеп, менің сөздерімді "бұрмалады" деп, сенімсіздік білдіреді.

Айыпталушы, сот сарапшысы және судья арасындағы осы диалогты қаз-қалпында ұсынайық:

Айыпталушы Ербол Жұманов: Оқ сіздің алдыңызда ауысып кетті ме?

Сот сарапшысы Шынболат Рысдәулетов: Алдыңғы процесте де бұл сұрақты қойдыңыз ғой. Сұрағыңызға жауап берген жоқпын. Жауап бере алмаймын.

Судья Нұрмұхаммат Абидов: Сіздің алдыңызда біреу оқты ауыстырды ма, соны сұрап отыр.

Сот сарапшысы: Жоқ, жауап бере алмаймын.

Судья: Сіздің көзіңізше оқты біреу ауыстырды ма?

Сот сарапшысы: Жоқ, ешкім ауыстырған жоқ. Оны өзім алдым.

Судья: Сол сұрақты қойып тұр ғой. Сіздің көзіңізше біреу оқты ауыстырды ма?

Сот сарапшысы: Жоқ, менің көзімше ауыстырған жоқ.

Айыпталушы Жұманов: Жоқ, мен ол жайлы сұрап тұрған жоқпын. [Адам денесіне] операция жасағанды ашып, зерттеп көрді. Сіздің алдыңызда сағат төртте ашқан, сосын қайтадан тікті. Сол тіккен кезде оқты ауыстыруы мүмкін бе? Оқ нақты ауыспаған, дәл тиген жерінде қадалып тұрды деп айта аласыз ба?

Сот сарапшысы: Оқты қарап алу қиын болды. Біраз іздедік. Өйткені жұмсақ тіндердің арасына кіріп кеткен. Жұмсақ тіндерге күйіп жабысып қалған.

Айыпталушы Жұманов: Қанша уақыт іздедіңіз?

Сот сарапшысы: Нақты уақытын айта алмаймын. Асықпай қарадық.

Айыпталушы Жұманов: Ауыспаған деп нақты айта аласыз ба?

Сот сарапшысы: Айта алмаймын. Шыққаны – осы оқ, бірақ ауысты-ауыспады деп айта алмаймын.

Ербол осы сот отырысынан кейін журналистерге "марқұмға тиген оқтың өзін тығып қойды, өйткені олар оқтың иесі анықталып қалмасын деп ойлайды" деген көзқараста екенін білдірді.

“Судьяның өзі көндіріп отыр. Соттың өзі бұрмалап отырғаны көрініп тұр ғой. Не себепті? Бұл – әшейін кино ғой. Біліп отыр бәрін. Сарапшыларды қорқытып тастаған. Оқ кімге тиесілі екенін білмеймін, бірақ ауысқаны нақты көрініп тұр ғой. Өйткені [бүтін] оқ шықса, қайдан атылғанын білуге болады. [Атқан адам] шығып қалады. Ал ол – әскерилердің біреуі. Соны дәлелдеуге тырысып жатырмыз, сот барысында дәлелдейміз" деді Ербол Жұманов.

Марқұм Дастан Әділбайдың денесінен табылды делінген оқ мыжылған. Сот сарапшылары сандық нөмірі айқын болмағандықтан, кімнің иелігінде болғанын ажырату мүмкін емес дейді. Олар денеден табылған оқ қатты нәрсеге тиген, бірақ неге тигені белгісіз, киімнің түймесі де пішінін өзгертуі мүмкін деп жорамалдаған. Айыпталушы тарабы адамға тиген оқтың қатты өзгеруі мүмкін емес, осының өзі оқтың ауысқанына тағы бір дәлел бола алады дейді.

"Мысалы, түймеге тиіп сынуы мүмкін дейді. Өздеріңіз естіген шығарсыздар, автоматтың оғы рельс теседі. Рельс тесіп жүрген нәрсе қалай түймеден сынады?" дейді сотталушы Ербол Жұманов.

ФОТОАЙҒАҚСЫЗ АЙЫПТАУ: КУӘГЕР СӨЗІ

Ерболдың мылтық атқанына фото немесе видеоайғақ жоқ. Оны №91678 әскери бөлімінің рота командирі Байғараш Қайратов пен кездейсоқ куәгерлер атыс кезінде көрдім деп айтқан. Рота командирінің сөзінше, сарбаздардың артында ҰҚК қызметкерлері, алдында белгісіз "шабуылдаушылар" болған. Ал айыпталушы Жұмановтың қорғаушылары видеода оқ тек ҰҚК қызметкерлері тұрған жақтан атылды, шабуылдаушылар бар деп көрсеткен Сүлейменов көшесінен мүлде оқ ұшып шыққан жоқ деді.

Айыпталушыны қорғау тарабы сот отырыстарының біріне келген куәгер Қайратовтан "Сізге атылған оқ қай бағыттан келді?" деп сұраған.

"Айтып отырмын ғой, екі жақтан да келді. Мына Сүлейменов көшесі жақтан да, ана жақтан да болды. Камаздың артында тұрдым. Екі жақтан да атылып жатыр. [Соның ішінде] мынау маған көзделген деп қалай айтамын?" деп жауап берді Байғараш Қайратов.

Ербол Жұмановтың ағасы сот алқасынан видеоны куәгердің көзінше қосуды сұраған.

– Бейнежазба бар. Соны бауырымды қорғайтын құрал ретінде қолданайын, екі минут қойып беріңізші. Қайратовтың айтып отырғанын жоққа шығарып, қазір дәлелдеп беремін. Құрметті сот, неге бейнежазбаны қойғыңыз келмейді? – деп сұрады Ержан Жұманов.

– Тоқтай тұрыңыз. Неге айғайлап жатырсыз? – деп басу айтты Жамбыл облыстық апелляциялық сот алқасының судьясы Нұрмұхаммат Абидов.

– Қанша күн болды бейнежазбаны сұрап жатқанымызға…, – деді Ержан Жұманов.

– Тоқтай тұрыңыз, айғайламаңыз, – деп оны тоқтатқан судья "бұл апелляциялық соттың қаралу тәртібіне жатпайды" деп, видеоны қосудан бас тартқан.

Ербол Жұманов "қазіргі заманда бейнежазба шындықты көрсетпейтін болған ба, тек адамдар шындықты айта ма сонда?" деп сот залында эмоциясын көрсетті. "Рота командирі жалған куәлік берді, ол құзырлы органдардың қызметкерлері өзара қақтығысып қалғанын ақтап алғысы келеді. Әскерилер мен [Ұлттық қауіпсіздік] комитеті бір-бірін атты деген ұят болғаннан кейін басқа адам іздеді. Аяғында маған келіп тоқталды" деген пікірін айтты.

Кездейсоқ куәлік етушілерге Қаңтар оқиғасында "жаппай тәртіпсіздік" бабымен айыпталған, соты Ербол Жұмановпен бірге өтіп жатқан өзге адамдар да күмәнмен қарайтынын айтқан.

– Мына жерге келген куәгерлер… Бес адамға біреу куәгер болып жатыр. Ойлаңыздаршы, он мың адам жүрген қалада, бес жақта жүрген бесеуімізді бір адам ғана көрген. Біздің бір-бірімізге қатысымыз жоқ, – деді айыпталушы Айбол Сағынтай.

– "Мына шалды көрсетсеңдер, шығасыңдар" деп жатыр, – айыпталушы Дәурен Нұралиев.

– Мына жерде отырған балалардың бәріне бір куәгер. Әрқайсымыз әр жерде жүргенбіз. Сонда ол мені де көреді, мұны да көреді, ананы да көреді, Айболды да көреді. Ал біз осы жерге кеп, енді танысып жатырмыз, – деді тағы бір айыпталушы Нұрахан Махатов.

Бірақ сот алқасы куәгерлердің өтірік айтпайтынына кәміл сенімді.

"Бірінші сатылы сот Жұмановты осы эпизод бойынша кінәлі деп таныған кезде куәлік еткендер – анықталған тұлғалар, жасырын тұлғалар емес. Олар пікірі мен жауаптарын басты сот талқысында жеткізген. Қайратовтан апелляциялық сот алқасында сұрадық. [Басқа] жауаптарды бейнебақылаудан қарауға мүмкіндігіміз болды. Сондықтан сот алқасы күмән келтіруге еш негіз жоқ деген шешімге келді" деді судья Нұрмұхаммат Абидов.

“ЖӘБІРЛЕНУШІ-ТЕРГЕУШІ”

Ербол Жұмановтың ісінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жәбірленуші деп танылған. Істі де осы орган тергеген. Олар полиция департаментінен мылтық алып шыққан Ербол ҰҚК ғимаратына шабуылдады деп есептейді. Ал айыпталушы мылтық алғаным рас, соны ілік еткен тергеушілер ары қарайғысын "ойдан құрастырды" дейді.

"Неге менен шыққан қарудың патрон салатын "магазині" туралы ешкім айтпайды? Өйткені, бұл ешкімге тиімді емес. "Магазині" жоқ, мен немен атамын? Прокурорлар оқыған екен, тоқыған екен, неге "магазині қайда?" деп мені сұраққа алмайды? Оқ салғышы жоқ, қазақша айтқанда" деді сотталушы Ербол Жұманов.

Ол қару алғаннан кейін үйінде болғанын айтады.

"Ол күні, подполковник оққа ұшқан күні өз үйімде болдым. Оған дәлел ретінде жеңгем сотта куәлік берген. Сағат үш шамасында үйде көргенмін деп айтқан. Ал ол кісіге сағат 3.18-де оқ тиіп қойған. Мен 18 минутта үлгере алмаймын. Полиция департаментіне барып, қаруланып, сосын ана жаққа барып, өздері айтып жатқандай, "бәрін қырып-жойып" [кетуге үлгере алмаймын]" деген уәж айтады.

Ағасы Ержан Ерболды "жүйенің құрбаны" деп санайды.

"Дым жоқ қой, бейнежазба жоқ. Мысалы, іс бойынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне 300 адам жиналды, "Молотов коктейлін" лақтырды, жарылғыш зат лақтырды, атты дейді, бейнежазбадан біреуін көрсетсінші. Міне, жиналған халық граната лақтырып, оқ атып жатыр десінші. Ол видеода тек Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен әскер атып жатыр. Екеуінің арасы 100 метр, ортада ешкім жоқ. Бір-бірімен атысып жатыр. Ол жерде тіпті болмаған бауырымды жабайын деп отыр. Бәрін қолдан істеп отыр. Өздері жәбірленуші бола тұра тергеп отыр. Басқа тергеуші табылмады ма? Антикор бар, полиция бар, осыны зерттеуіне болар еді ғой. Өздері ұйымдастырып отыр. Өйткені бәрі бір кемеде келе жатыр" деді Ержан Жұманов Азаттық тілшісіне.

МАРАПАТ

Марқұм Дастан Әділбайдың әкесі Әділбай Сәрсенұлы тергеу жүргізген құзырлы органдарға сенеді, Жұмановты кінәлі деп біледі. Бұл сөзін апелляциялық сатыдағы сот отырысында айтқан. Ал Ербол Жұмановтың туыстары оған кінәліні іздеуге атсалыспадыңыз деген.

– Тергеушілер жүргізген соң, тергеуге сенемін. Сот шешіміне наразы болдым, өйткені 16 жыл аз деп есептеймін. Неге? Өйткені, бірінші қылмысы – бейбіт шеруге шықты, одан кейін полиция департаментіне шабуылдады – үлкен қылмыс. Қару ұрлады – ол да үлкен қылмыс. Оны сыбайластарымен бірге жасырды – бұл да қылмыс. Осының өзіне 15 жылдан жоғары беруге болар еді, – деді Әділбай Сәрсенұлы.

Азаттық тілшісі Әділбай Сәрсенұлымен телефонмен сөйлесті. Ол марқұм баласы құпия мекеме саналатын ҰҚК ғимаратын жанқиярлықпен қорғап қалды деді. Әділбай Сәрсенұлы өзі де ішкі істер саласында қызмет етіп, подполковник шенімен зейнетке шыққан.

Қаңтар оқиғасынан кейін "қызметтік борышын орындау кезінде қаза болған" деп, Дастан Әділбайға президент жарлығымен ІІ дәрежелі "Айбын" ордені берілген. Әділбай Сәрсенұлы баласының ерлігі бұдан да жоғары марапатқа лайық деп есептейді.

– "Айбын" деген орденді екінің бірі алады. Байқап қарасаңыз, полиция департаменті болсын, прокуратура болсын, екі орынбасардың біреуі алады. Орынбасары болсын, бастығы болсын, дәрежелер алып жатыр. Олар жанын қиып, атыстың ортасына шығып алған жоқ қой. Олар орындарында отырып, таныс-тамырмен алып отыр. Өз көзіммен көріп отырмын, – деді Әділбай Сәрсенұлы Азаттық тілшісіне телефон арқылы.

Ол сотталған Ербол Жұмановтың мылтық атқан видео немесе фотосын көрмеген. Бірақ, сотта сөйлегеніндей, құзырлы органдардың нұсқасымен келісетінін қайталады.

– Оның фотосын кім көреді? Атысқан. Оқтар екі жақтан бірдей ұшып жатыр. Ана жақтан да, мына жақтан да. Әскерилерді рациямен шақырып, [екі жақ] бір-біріне келіңдер деп, көмекке шақырған ғой. Олар ҰҚК адамдарын біледі ғой. Сонда қалай… жан-жаққа ата бере ме? [Әскерилерді басқарып келген] жігіт оқ Сүлейменов көшесінен шықты дейді. Соларға қарай аттық дейді. Артқа қарай оқ атқан жоқпыз деп отыр ғой. Ал біздің балалар артқы жағынан шығып отыр, – деді ол.

"САЯСИ СОТ"

Ербол Жұмановты биыл сәуірде Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты соттаған. Ербол жазда апелляциялық сотқа жүгінген, бірақ онда да жеңілген.

– Тіпті [Қылмыстық-процестік кодексінің] 19-бабында "ешқандай сотталушы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге тиіс емес" делінген. Қалай тиіс емес? Бізде түгел кінәсіздігіңді дәлелдемесең, сотталып кетесің. Соған көзім жетті, – деді ол сот шешімі жөнінде пікір білдіріп.

Ерболдың адвокаты Жалғас Сапарханова Астанаға, Жоғарғы сотқа жүгінген, бірақ кассациялық сот қазанда өтінішін кері қайтарды. Қорғаушы енді Бас прокуратураға өтінішхат түсірмек. Әлі де үміт үзбеймін дейді. Құқық қорғаушылар Ерболға тағылған "кісі өліміне" қатысты айыпты прокуратура толық дәлелдеген жоқ деп есептейді. Қазақстанда саяси тұтқындардың құқығын қорғайтын "Тірек" қоғамдық альянсы Ербол Жұмановтың ісін "саяси сот" деп атайды.

2023 жылы 28 сәуірде Тараз соты "қаруды заңсыз иемденді", "билік өкіліне күш көрсетті", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды және оған қатысты" деген айыппен тоғыз адамды соттаған.

Жамбыл облысының апелляциялық сот алқасы 17 тамызда Ербол Жұмановты ақтамады, 16 жылға бостандығынан айыру жазасын өзгеріссіз қалдырды.

Нұрахан Мақатов, Айбол Сағынтай және Жақсылық Абдуллаевқа 4 жыл жаза кесті.

Іс бойынша сотқа тартылған өзге бес адам – Қанат Нұраханұлы, Ермахан Сайлауов, Дәурен Нұрәлиев, Досмұхаммед Садықов пен Саламат Қосанов рақымшылыққа ілігіп, сот залынан босап шыққан.

Ербол Жұманов қамауға алынғалы "түрме қызметкерлері ұрып-соғып, азаптады" деп, президент пен Бас прокурорға хаттар жазған. Бірақ азаптауға "дәлел табылмағандықтан", іс қозғалмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG