Accessibility links

Еуропа Ресей газына тәуелділіктен қашан құтылады?


2022 жылы ақпанда Мәскеу Украинаға басып кіргелі Еуропа Ресей газына тәуелділігін азайтты. Сарапшылар бұл Еуропаның ұзақмерзімді энергетикалық қауіпсіздігі үшін жақсы дейді. Бірақ Еуропа елдерінің энергетика қажеттілігі және Кремльмен қарым-қатынасы әртүрлі болғандықтан, Ресей газынан біржола бас тарту қиынға соғады.

2022 жылы күзде Кремль "Еуроодаққа биылғы қыс қиын болады" деп болжаған.

Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін Батыс елдері Мәскеуге санкция салды. Бұған жауап ретінде Кремль Еуропаны газсыз қалдырды. Ресейдің билікшіл ақпарат құралдары "Еуропа Ресей газынсыз суықтан өлетін болды" деп мысқылдады.

Бірақ баға қымбаттағаны болмаса, Еуроодақ суыққа тоңа қойған жоқ. Өткен қыс жылы болды. Еуроодақ қыста газ тапшылығынан зардап шекпес үшін АҚШ-тан сұйытылған газ импортын арттырып, тұтынушыларды жылуды үнемді пайдалануға шақырды, күн және жел энергиясына арқа сүйеуге тырысты.

— 2022 жылдың ақпанынан бастап Еуроодақ Ресей газына тәуелділігін азайту жолында жақсы прогресс көрсетті, — дейді Колумбия университеті ғаламдық энергетика саясаты орталығының аға ғылыми қызметкері Акос Лош.

Сарапшылар пікірінше, бұл — Еуроодақтың ұзақмерзімді энергетикалық қауіпсіздігі үшін жақсы жаңалық. Бірақ әзірге Еуропа елдерінің энергетика қажеттілігі және Кремльмен қарым-қатынасы әртүрлі болғандықтан, Ресей газынан біржола бас тарту қиынға соғады.

— Географиялық факторлар, келісімшартта көрсетілген міндеттемелер, кей жерде саяси тиімділік тұрғысынан алғанда, Ресейден газ сатып алуды біржола доғару қиын, — дейді Лош.

Мәскеу Украинаға қарсы соғыс бастағанда, Еуроодақ Ресей газына кәдімгідей тәуелді еді. Еуроодақ статистика басқармасының дерегінше, Еуропаға сырттан келетін газдың 40 пайызы Ресейге тиесілі болатын. 2021 жылы Венгриядағы газ импортының 95 пайызы Ресейдің шикізаты еді. Испанияда бұл көрсеткіш — 10 пайыз, ал Германияда — 65 пайыз болды (2021 жылы Берлин Мәскеуден 55 миллиард текше метр газ сатып алды).

Соғысқа дейін "Солтүстік ағын – 2" құбырының құрылысы аяқталса, Ресейден Еуропаға газ экспорты артады деп болжанған. "Солтүстік ағын – 1" сияқты бұл құбыр да Балтық теңізінің түбімен Ресейден Германияға газ тасымалдау үшін салынды. Жобаны ресейлік "Газпром" және еуропалық энергетикалық компаниялар қаржыландырды. Еуроодақ елдері арасында Ресей газына тәуелділіктің геосаяси қаупі бар деген ескерту де айтылды, бірақ оны ешкім елеген жоқ.

— [Ресей] энергия көзін әрдайым бопсалау құралы ретінде пайдаланады. Бұл — олардың қолындағы ең қуатты қару, — дейді Брюссельдегі еуропалық саясат орталығының сарапшысы Филипп Лаусберг.

Украина Ресейдің бопсалау әдістерін жақсы біледі. Мәскеу бұрын Киевпен арасы бұзылған сайын газ құбырын жауып тастайтын.

ГАЗ ДӘЛІЗІ

Қазір Ресейден Еуропаға тасымалданатын газ көлемі соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда үштен бірге қысқарды. Еуростат дерегінше, 2021 жылдың үшінші тоқсанында Еуроодақ елдері тұтынған газдың 39 пайызы Ресейден келетін. 2023 жылдың үшінші тоқсанында бұл көрсеткіш 12 пайызға дейін азайды.

2022 жылы Ресей рубльмен төлеуден бас тартқан Болгария, Польша, Финляндия мен Нидерландыға газ тасымалдауды қойды. Осының салдарынан газ бағасы рекорд деңгейге жетті. Ресей Орталық банкіне салынған батыс санкцияларын айналып өту үшін бұрын келісімшарт құнын доллар немесе еуро түрінде төлеп келген, өзімен қырғиқабақ елдерге "газ құнын рубльмен төлеңдер" деген талап қойған. 2022 жылы 31 тамызда Мәскеу үш күндік жоспарлы жөндеу жұмыстарын сылтау етіп, "Солтүстік ағын — 1" құбырының жұмысын тоқтатты. Газ құбыры содан бері қайта іске қосылған жоқ.

"Солтүстік ағын – 1" жобасының газды үйлестіру станциясы. Лубмин, Германия. 2022 жылғы тамыз
"Солтүстік ағын – 1" жобасының газды үйлестіру станциясы. Лубмин, Германия. 2022 жылғы тамыз

2022 жылы Ресейден Еуроодаққа газ жеткізетін негізгі үш бағыт жабылды. Сол жылы мамырда Украина газ тасымалдау жүйесінің операторы күтпеген жағдайға байланысты Ресей оккупациялаған аудандардағы инфрақұрылымға жауап бере алмайтынын айтып, Сохрановка арқылы өтетін транзиттік құбырды жапты.

Мамырда Ресей-Беларусь-Польшаның бірлескен жобасы — Ямал-Еуропа құбырының жұмысы тоқтады. Бұл құбыр арқылы Ресейден Польша мен Германияға газ жеткізілетін. Бұған Мәскеудің Польшаға газ тасымалын тоқтатып, құбырдың Польшадағы бөлігіне иелік ететін компанияға қарсы санкция салуы себеп болды. Қазір Польша осы құбыр көмегімен Германиядан газ алып отыр.

Украинада соғыс басталғаннан кейін Берлин "Cолтүстік ағын — 2" газ құбырын сертификациялауды жалғастырмайтын болды. Жаңа құбыр арқылы Ресейден Германияға газ тасымалы сол күйі басталған жоқ. 2022 жылы қыркүйекте жарылыс салдарынан "Солтүстік ағын — 1", "Солтүстік ағын — 2" құбырларының бір бөлігі істен шықты. Сарапшылар құбыр қасақана жарылған дейді, бірақ зерттеушілер мұны кім ұйымдастырғанын таба алмады.

Қазір Ресейден Еуропаға газ тасымалдайтын екі бағыт қана бар: біріншісі — "Түрік ағыны" (Қара теңіздің астымен Ресейден Түркияға, ары қарай Орталық және Оңтүстік-шығыс Еуропаға газ жеткізетін жоба) құбырының еуропалық бөлігі, екіншісі — шекарадағы Суджа өткізу пункті арқылы Украина жерінен өтетін құбыр.

Энергия көздерін әртараптандыру, тиімді тұтыну шараларын енгізу және жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция құю нәтижесінде Еуропадағы жалпы газ тұтыну мөлшері 18 пайызға қысқарған. Еуроодақ REPowerEU жоспарының арқасында 2027 жылға қарай Ресей газына тәуелділіктен біржола құтылғысы келеді.

УКРАИНАДАҒЫ ГАЗ ТРАНЗИТІ ТОҚТАЙ МА?

Болашақта Ресей газының экспорт көлемі тағы да қысқарады деген болжам бар. Өйткені Украина арқылы өтетін шектеулі газ транзиті 2024 жылдың желтоқсанынан кейін тоқтауы мүмкін. Ресей мен Украина арасындағы келісімшарт мерзімі аяқталуға жақын. Киев те, Мәскеу де келісімшартты ұзартуға мүдделі емесін білдіріп отыр.

Бұл 2025 жылдың қаңтарынан бастап Украина арқылы газ тасымалдау толық тоқтайды дегенді білдірмейді. Бірақ газ көлемі қазіргідей болмасы анық. Украинадағы транзит дәлізі 2025 жылдан бастап қысқамерзімді жобалар негізінде жұмысын жалғастыруы мүмкін. "Ол үшін компаниялар арасында сенім мен дұрыс іскерлік қатынастар болуы керек" дейді Лош.

Украина арқылы газ тасымалы тоқтаса, кей Еуропа елдерінің жағдайы қиындайды. Мысалы, Австрия соғысқа дейін газдың 80 пайызын Ресейден сатып алатын. Австриялық OMV энергетика компаниясы мен ресейлік "Газпром" арасында 2040 жылға дейін Украина арқылы газ экспорттау туралы келісім бар. OMV басшысы Альфред Штерн шілдеде Financial Times газетіне берген сұхбатында "Газпром" газ жіберуді тоқтатпайынша, біз де келісімшартты бұзбаймыз" деген.

Ямал газ құбырының бойындағы газ компрессор станциясы. Польша, 2022 жылғы мамыр.
Ямал газ құбырының бойындағы газ компрессор станциясы. Польша, 2022 жылғы мамыр.

Ғаламдық энергетикалық саясат орталығының дерегінше, Словакия, Италия және Хорватия да осы дәліз арқылы "Газпромның" клиенті болып отыр. Лоштың пікірінше, аталған елдердің газды балама көздерден алу мүмкіндігі бар, бірақ бұл қымбатқа түседі әрі қиын, айналма жолмен келеді.

Еуроодаққа қосылғысы келетін Молдова Украинадан газ келмесе, қатты зардап шегуі мүмкін. Қазір "Газпром" Молдовадан іс жүзінде бөлінген, Ресей қолдайтын Приднеостровьеге ғана газ жеткізеді. Ал Молдова электр энергиясын Приднеостровьедегі "Кучурган" газ станциясынан сатып алады. Газ тасымалы тоқтаса, Молдованың көп бөлігі жарықсыз қалады.

Қазанда Молдова президенті Майя Санду Румыниядан электр желісін тартып жатқанын, бұл елді энергетикалық тәуелділіктен құтқаратынын мәлімдеді. Электр желісінің құрылысы 2025 жылға қарай аяқталады.

ОДАҚ ІШІНДЕГІ АЛАУЫЗДЫҚ

Еуроодаққа Ресей газынан толық бас тарту қиын. Сондықтан газ тасымалы әлі біраз уақыт жалғасады.

Еуропалық саясат орталығының қызметкері Лаусберг кей мемлекеттер энергетика саласында Ресейден іргесін аулақ салуға тырысып жатқанымен, Венгрия, Словакия, Австрия, Сербия экономикалық-саяси себептермен әлі де Ресей газына тәуелді дейді.

Осы тұста "Түрік ағыны" құбырын мысалға келтіруге болады. Құбырдың жаңа және жұмыс істеп тұрған инфрақұрылымды пайдаланатын еуропалық бөлігі Болгария арқылы Еуроодаққа газ тасымалдайды. Мәскеу 2022 жылы сәуірде Болгарияға газ экспортын тоқтатып, "Газпром" рубльмен төлем жасалған жоқ деп бұлданса да, "Түрік ағыны" құбыры арқылы Сербия, Венгрия, Солтүстік Македония, Босния және Герцеговинаға газ жеткізіліп жатыр.

— Орталық және Шығыс Еуропаның кей мемлекеттері, әсіресе, Венгрия Путинмен тығыз қарым-қатынасын сақтап қалғысы келеді. Олар әрі қарай да Ресей газын импорттауды көздеп отыр. Өйткені Венгрия үшін тиімді жол — осы, — дейді Лаусберг.

Венгрия — Ресейдің Еуроодақтағы ең жақын одақтасы. Газдың көп бөлігін Ресейден сатып алады. 2021 жылы премьер-министр Виктор Орбан "Газпроммен" 15 жылға келісімшарт жасады. Оған сәйкес, Ресей Венгрияға жыл сайын "Түрік ағыны" құбыры арқылы 4,5 миллиард м3 газ жіберуі керек. 2022 жылы Украинада соғыс басталғаннан кейін Будапешт Мәскеумен қосымша газ көлемі туралы жаңа келісімге отырды. Ұзақмерзімді бірінші келісімшарт бойынша, 4,5 миллиард м3 газдың 3,5 миллиард м3 — "Түрік ағыны" құбыры, қалған бөлігі Украина арқылы тасымалданады.

Венгрия жақын уақытта газ келісімін бұзуға ынталы емес. Қазанда Болгария Ресей газына транзиттік салық енгізді (1 мегаватт-сағ — 20 лев немесе 10,80 доллар). София "Газпромға" Болгария арқылы газ тасымалын тиімсіз етіп, Кремльдің әскери бюджетіне түсіп жатқан қаржыны азайтқысы келетінін айтты.

Венгрия "Болгария Ресей газын транзиттік салықтан босатпаса, Софияның Шенген аймағына қосылуына қарсы шығып, вето құқығын пайдаланатынын" ескертті. Бұл талаптан кейін Болгария райынан қайтты, ал парламент салықты алып тастауға дауыс берді. Белград та бұл шешімді 2025 жылға дейінгі келісім аясында Болгария арқылы келетін Ресей газын сатып алып отырған Венгрия мен Сербияға қарсы әрекет деп қабылдады.

Мұндай у-шуға баға қымбаттайды деген қорқыныш емес, газ тасымалына төнетін қауіп те әсер етті.

— Венгрия мен Сербия Ресей газын энергетикалық қауіпсіздігінің негізі көреді. Бұл келісімнің геосаяси салдарына қарамастан, олар газды тиімді шартпен алып отыр, — дейді Лош.

СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗ ФАКТОРЫ

2022 жылдың ақпанынан бастап Ресей газының импорты азайғанымен, сұйытылған газ экспорты артты. Еуростат дерегінше, 2023 жылы Еуроодақ сұйытылған газдың 40 пайызын АҚШ-тан алған. Одан кейінгі орында 13 пайыздық үлеспен Ресей мен Катар тұр.

Global Witness ұйымының тамызда жарияланған есебіне сәйкес, 2023 жылдың қаңтар-шілде айларында Еуроодақ санкциясына ілінбеген ресейлік сұйытылған газ импорты соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда 40 пайызға өскен. Есепте "Еуроодақ елдері газдың көп бөлігін Ресейден сатып алып, Кремльдің негізгі табыс көзін қолдап отыр" делінген.

Демократияны зерттеу орталығының маусым айындағы есебіне сәйкес, сұйытылған газдың бір бөлігі басқа нарыққа, оның ішінде Еуроодаққа кетеді.

Мысалы, Болгария "Газроммен" ұзақмерзімді келісімі бар грек компаниясына арналған сұйытылған газды жанама жолмен сатып алған. Германия 2023 жылдың алғашқы үш айында табиғи газдың 23 пайызын Бельгиядан жеткізген. Демократияны зерттеу орталығының есебінше, Бельгиядағы газдың 60 пайызы Ресейден келеді.

Қазанда Еурокомиссия энергетикалық одақтың жағдайы туралы жылдық есебінде Ресейден сұйытылған газ импорты артқанын растады, бірақ бұл жалпы импорттың аз ғана бөлігін құрайды деді.

Лоштың айтуынша, Еуроодақ ресейлік сұйытылған газды көтерме бағамен импорттауға тыйым салмаса, қазіргі сауда жалғаса береді. Шілдеде украиналық белсенділер Еурокомиссиядан Ресейден сұйытылған газ сатып алуды тоқтатуды талап етті. Қыркүйекте 2023 жылдың соңына дейін Еуроодаққа төрағалық ететін, ресейлік сұйытылған газдың ең үлкен тұтынушысы — Испания Мәскеумен әріптестіктен бас тартпайтынын мәлімдеді.

Еуроодақ Ресей газын сатып алуды азайтқанымен, сарапшылар одақ елдерінің Мәскеумен қарым-қатынасын біржола үзетініне сенбейді. Лаусбергтің сөзінше, Еуропа елдерінің көбі теңізге шыға алмайды, сондықтан оларға сұйытылған газ жеткізу қиын. Оның үстіне, Ресей газы салыстырмалы түрде арзан. Сондықтан Ресейден сырт айналу мүмкін болмай отыр.

— Ресей газын Еуроодақтың энергетика нарығынан біржола ығыстыруға REPowerEU жоспарында көрсетілген мерзімнен (2027 жыл) де көп уақыт керек сияқты. Бірақ Еуропаның Ресей газына тәуелділігі қазір сәл де болса басқарылатын деңгейге жетті. Одақ экономикасына бұрынғыдай қауіп төніп тұрған жоқ, — дейді Лош.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG