Accessibility links

Қырғызстан тәуелсіз журналистеріне қысым: ұстау, тінту және қылмыстық іс


Қырғызстан құзырлы органдары 24.kg агенттігінің бас директоры Әсел Оторбаеваны кеңседен алып кетіп барады.
Қырғызстан құзырлы органдары 24.kg агенттігінің бас директоры Әсел Оторбаеваны кеңседен алып кетіп барады.

Осы күндері Қырғызстанда полиция тәуелсіз БАҚ редакциялары мен журналистердің үйін тінтіп жатыр. 15 қаңтарда мемлекеттік қауіпсіздік жөніндегі ұлттық комитеттің қызметкерлері 24.kg кеңсесінен бүкіл техниканы алып кетіп, басылымның жетекшілерін тергеген. Тінту жұмыстары Temirov LIVE және "ПолитКлиника" каналдарында істейтін журналистердің үйінде де жүрген. Азаттықтың Қырғыз қызметі Бішкекте не болып жатқанын хабарлап отыр.

УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС ТУРАЛЫ МАҚАЛАЛАРДЫ "СОҒЫС НАСИХАТЫНА" ТЕҢЕУ

15 қаңтар күні ҰҚМК қызметкерлері 24.kg ақпарат агенттігінің кеңсесін тінтіген. Бұл туралы Х (Твиттер) платформасында басылымның шеф-редакторы Махинур Ниязова хабарлады. Кейінірек ол шалынған қоңырауларға жауап беруден қалды.

Күш құрылымының қызметкерлері 24.kg кеңсесіне медициналық маска тағып келген, видеоға түсіруді доғаруды талап еткен.

Санаулы сағаттан соң, олар кеңседен басылымның бас директоры Әсел Оторбаева мен шеф-редакторы Махинур Ниязованы алып кеткен. Оторбаева жиналып қалған журналистердің сұрағына жауап бермек болғанда, оны күштеп микроавтобусқа отырғызған.

Махинур Ниязова іске Украинадағы соғыс туралы мақала ілік болғанын хабарлап үлгерді. Екеуін де алып кетті. Кейінірек, тергеуге 24.kg басылымының тағы бір шеф-редакторы Антон Лымарьді алып кеткені белгілі болды.

ҰҚМК ресми хабарламасында тінту "соғысты насихаттау" бабымен қозғалған қылмыстық іс аясында жүргізілгені айтылды. Комитет қызметкерлері компьютерлерді, ноутбуктерді және "қылмыстық іс үшін маңызы бар өзге де заттай айғақтарды" алып кеткен.

Басылым жетекшілерін ҰҚМК ғимаратынан сол күні кешке босатқан. Махинур Ниязова куәгер ретінде тергелгенін мәлімдеді. Өзге мағлұматты журналистер айтпады, өйткені олар ақпаратты жария етпеу келісіміне қол қойған.

24.kg журналистерін ұстап, тергеуге түрткі болған "соғысты насихаттау" ісі Украинадағы соғыс туралы мақалаларға байланысты қозғалған. 2023 жылғы қыркүйекте Ресей өз аумағында осы сайтты бұғаттап тастаған. Басылым Ресейдің Украинаға қарсы соғысын мақалалардан бөлек, жаңалықтарында да қамтыған. Онда Ресейдің Украинадағы бейбіт елді атқылағаны, Ресейге қарсы санкция салынғаны, елде мобилизация жарияланғаны хабарланған.

Халықаралық баспасөз институты қырғыз құзырлы органдарының 24.kg кеңсесіндегі техниканы алып кеткенін айыптады. Институт өз мәлімдемесінде билік БАҚ-тың дереккөз жеке өмірі мен құқығын қорғауға деген еркіндігін бұзды деп отыр.

"ЖАППАЙ ТӘРТІПТСІЗДІККЕ ҮНДЕУ ТАПҚАН"

16 қаңтар күні құзырлы органдар зерттеумен айналысатын журналист Болот Теміровтің Бішкектегі үйін тінтіді. Сондай-ақ тінту жұмыстары Temirov LIVE және "Айт Айт Десе" жобаларының қазіргі және бұрынғы жеті қызметкерінің үйінде жүрген.

Болот Теміровтің әйелі әрі жобалардың директоры Махабат Тәжібекқызының, ақын Азамат Ишенбековтің және журналист Сапар Акунбековтің үйін де тінтіген. Бұл туралы Болот Теміров Х (Твиттер) платформасында жазды. Сонымен қатар құзырлы орган қызметкерлері Ақтілек Қапаров пен Сайпидин Сұлтанәлиевтің де үйіне барған.

Азамат Ишенбеков пен Тыныстан Асыпбектің үйіндегі тінту. Коллаж.
Азамат Ишенбеков пен Тыныстан Асыпбектің үйіндегі тінту. Коллаж.

"ПолитКлиника" дейтін тәуелсіз басылымның журналисі Тыныстан Асыпбектің ұсталғаны да мәлім. Ол бұрын Temirov Live тобында жұмыс істеген.

"ПолитКлиника" жетекшісі Ділбар Әлімова жариялаған видеода Тыныстан Асыпбек тұратын пәтерде тінту жүргені көрінеді. Ол камераға тінту "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" ісі аясында жүріп жатқанын айтып үлгерген.

Temirov LIVE кеңсесінің төңірегінде жүрген Азаттық тілшілер кеңседе тінту жүріп жатқанын, құзырлы органдар ішке ешкімді кіргізбей жатқанын хабарлады. Кеңсеге оқиға орнына келген адвокаттар да кіре алмаған.

Кейінірек Болот Теміров жобаның қазіргі қызметкері Айке Бейшекеева мен бұрынғы қызметкері Жоодар Бузумов "ұсталғанын" хабарлады. Бұл ақпаратты өзге дереккөздер арқылы растау мүмкін болмады.

Ұсталған журналистерді ішкі істер министрлігінің бас тергеу басқармасына апарған. Басқарма Temirov LIVE және "Айт Айт Десе" жобаларының қызметкерлері жариялаған материалдарда жаппай тәртіпсіздікке үндеу белгілері барын мәлімдеді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, милиция бұл ақпаратты Temirov LIVE және "Айт Айт Десе" парақшаларынан 2023 жылғы 30 желтоқсанда тапқан. Бұл факт тіркеліп, сараптама тағайындалған. "2024 жылғы 12 қаңтарда сараптама қорытындысына сәйкес, Temirov LIVE және "Айт Айт Десе" жобаларының парақшаларында жарияланған материалдарда наразылық акциялары мен жаппай тәртіпсіздікке үндеу белгілері бары анықталған" деді ІІМ.

Сөйтіп ІІМ "билік өкілінің заңды талабына бағынбауға және жаппай тәртіпсіздікке үндеу" бабымен (278-баптың 3-тармағы) іс қозғаған. Мекеме іске нақты қай материал түрткі болғанын айтпай отыр.

"БҰЛ – СӨЗ ЕРКІНДІГІНЕ ТІКЕ ШАБУЫЛ"

Жогорку Кеңеш депутаты Жанар Ақаев ұстаулар мен тергеулерді сөз еркіндігіне қол сұғу деп атады.

"Журналистердің үйін тінту, оларды мәжбүрлеп тергеу – сөз еркіндігіне тіке шабуыл. Мұндай оқиғалар өзін өзі цензуралауға әкеліп, саясат және жемқорлық тақырыбындағы зерттеулерге кедергі келтіреді" деді Ақаев.

Қырғыз парламентінің депутаты Жанар Ақаев.
Қырғыз парламентінің депутаты Жанар Ақаев.

Депутат сондай-ақ Қырғызстанның сөз еркіндігі жөніндегі халықаралық рейтингтерде кері кеткенін атап өтті.

Оның депутат әріптесі Нұржігіт Қадырбеков Азаттыққа берген сұхбатында "БАҚ жариялаған ақпарат адамға кейде ұнайды, кейде ұнамайды. Кейде нақтыланбаған дерек жарияланып жатады. Бұрақ онсыз сөз еркіндігі болмайды. Асыра сілтеуге болмайды" деді.

24.kg – Қырғызстандағы алғашқы интернет-басылымдардың бірі. Оның негізі 2006 жылы қаланған. Басылымды ұзақ жылдар бойы Әсел Оторбаева басқарып келген. Басылым көбіне жаңалық жазумен айналысады. Бірақ арасында сараптамалық мақалалар, зерттеулер, фото-видео репортаждар шығарады. Ақпарат агенттігінде сондай-ақ баспасөз мәслихатын өткізетін алаң бар.

Болот Теміров – Қырғызстанда зерттеу жүргізетін танымал журналист. Ол шенеуніктердің жемқорлығын әшкерелейтін Temirov Live Youtube-жобасының негізін қалаған.

2022 жылы Теміров өз каналында "Қырғызмұнайгаз" мемлекеттік компаниясы өндірген мазуттың экспортындағы күмәнді схемалар туралы зерттеуін жариялап, оның артында ҰҚМК басшысы Қамшыбек Тәшиевтің туыстары тұруы мүмкін екенін айтқан. Осы зерттеуден соң ол қамауға алынған. Оған "есірткіні заңсыз сақтады" деген айып тағылған.

Болот Теміров бұл істі "кек алу" деп атаған.

2022 жылғы 28 қыркүйекте Свердлов аудандық сот журналисті есірткіні сақтау және шекараны заңсыз кесіп өту айыптарынан ақтаған. Ал паспорт алу кезінде жалған уақытша жеке куәлік қолдану және жалған әскери билетті қолдану айыптары бойынша кінәлі деп тапқан, бірақ қылмыс мерзімі өтіп кетті деп қамаудан босатқан.

2022 жылғы 23 қарашада Бішкек соты Теміров адвокаттарының апелляция шағымын қанағаттандырмады. Осы сот кезінде прокуратура бірінші инстанция үкіміне Болот Теміровті Ресейге депортациялау туралы тармақ қосуды сұраған. Судья бұл өтінішті мақұлдаған. Осыдан кейін Қырғызстан ішкі істер министрлігі журналисті күштеп әуежайға алып барып, Мәскеуге бағытындағы ұшаққа отырғызып жіберген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG