Астана қалалық соты белсенді, "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Алғашқы инстанциядағы сот Жыланбаевты 7 жыл түрмеге кескен. Азаматтық белсендіге "экстремистік ұйымның ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыптар тағылған. Жыланбаев пен жақтастары істің саяси астары бар деген.
19 қаңтарда Марат Жыланбаевтың апелляциялық соты алғашқы инстанциядағыдай жабық түрде онлайн өтті. Адвокаттарының айтуынша, оған Жыланбаевтың өзін де қатыстыртпаған.
– Апелляциялық сотқа Жыланбаевтың өзі қатыстырылмады. Процесс бастала салысымен оны сотқа қатыстыру туралы өтініш түсірдік. Алайда судья Ерғалиева өтінішті қанағаттандырмады. Себебін түсіндірмеді, – деді адвокат Бауыржан Азанов 19 қаңтарда үкім оқылғаннан кейін Азаттыққа.
Бауыржан Азановтың сөзінше, сотта адвокаттар Досқараев пен Хамитов сөз сөйлеп, "айыптаулардың күлін көкке ұшырған". "Айыптаулар жорамал мен болжамдарға құрылған" деді ол.
Ол қорғау тарабы үкімді міндетті түрде кассацияға беретінін айтты.
Бұған дейін прокуратура тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының лидері Марат Жыланбаев "ҚДТ экстремистік ұйымынан тапсырма алып, олардың қызметін қаржыландырған" деп күдіктенген. (Астана шетелде тұратын экс-банкир Мұхтар Әблязовтың ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды).
Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының дерегінше, экстремистік ұйымды қаржыландырды деген айыпқа банк арқылы 2500 доллар көлемінде екі рет ақша аударылғаны себеп болған. Қорғау тарабы оның бәрін жоққа шығарған.
Белсендіге жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары араша түсті.
Былтыр желтоқсанда Адам құқықтары бойынша халықаралық серіктестік (IPHR) пен Қазақстандағы адам құқығы бойынша бюро Жыланбаев Конституциядағы ойын еркін айту, бейбіт түрде жиналу құқықтары үшін жауапқа тартылғанын, оның ісінде ешқандай "экстремизм белгілер" жоғын айтқан. Екі ұйым Жыланбаевтың сотының жабық болғанын, құқық қорғаушылардың бақылауына мүмкіндік берілмегенін де сынға алған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Жыланбаевты "саяси тұтқын" деп таныған. Еуропарламент 17 қаңтар күнгі қарарында Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатуға үндеп, құжатта Марат Жыланбаевтың да есімін атаған.
ПІКІРЛЕР