Accessibility links

Ақтөбеде үш жүздей адам утилизация алымын жоюды талап етіп, Тоқаевқа қайырылды


 Ақтөбеде утилизация алымын арзандатуды талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:56 0:00

Ақтөбеде үш жүзге жуық адам көлік утилизациясы алымын жоюды талап етіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мен үкіметке видеоүндеу жолдаған. Жиын жексенбі, 11 ақпан Ақтөбедегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жанында өтті.

Ынталы топ мүшелері жиынның жарты сағатқа созылғанын, осы аралықта нақты талаптарын видеоға жазып алғанын айтады. Шараны өткізуге қала әкімдігі рұқсат берген. Ақтөбелік көлік иелері билікке үш талап қойған.

- Біріншіден, утилизация алымының кесірінен халық жаңа көлік міне алмай отыр. Біз алымның ол түріне қарсы емеспіз. Бірақ утилизация алымын жүруге жарамсыз болып қалған ескі көлік иелері төлесін. Жаппай төлету - өмірге келген сәбиге көр қаздыртып қоюмен бірдей нәрсе. Екіншіден, алғашқы тіркеу кезіндегі төлем де өте қымбат. Оның құны елімізде жеңіл көліктер үшін 1 млн 900 мың теңгеден басталады. Жүк көліктері алғашқы тіркеу кезінде кемінде 8-9 млн теңгеден төлейді. Үшіншіден, осының бәріне кеден алымдарын қосыңыз. Ол да өте қымбат. Қазақстандықтардың айлық табысы ескерілмеген. Осы себепті ел президенті мен үкіметіне қояр талабымыз – халыққа кедергісі бар заңдар қайта қаралуы керек. Біз ел экономикасына нұқсан келмейтін варианттарды ұсына аламыз, келісім үстеліне отыруға дайынбыз, -дейді ынталы топ лидерлерінің бірі Еркебұлан Құлбасов.

Билікке талап қойып, үндеу жолданған жиынның видеосы кешелі бері желіде таралып жатыр. Ынталы топ видеоүндеуді мемлекетік органдарға Е-өтініш сервисімен де жолдаған.

Утилизация алымына қарсы ақтөбеліктер 30 қаңтар күні мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының алдына митингі өткізбек болған. Алайда рұқсат етілмеген жиыннан бір күн бұрын Ақтөбенің әкімшілік соты «утилизация алымына қарсы митингіге шақырды» деп айыпталған үш тұрғынның әрқайсына 129 220 теңгеден (50 АЕК, қазіргі бағаммен 286 доллар) айыппұл салды. Полиция бұл азаматтардың үстінен «бейбіт жиындарды өткізу тәртібін бұзды» деп хаттама толтырған. Ол кезде наразылық акциясы өтпей қалды.

Қазақстанда заң бойынша, сырттан әкелінетін автокөліктерді болашақта жою үшін бір рет утилизация алымы жиналады.

Елде кейінгі жылдары жұрт көлікті утилизациялау үшін алынатын салық мөлшерінің қымбаттығын айтып келеді. Қазір алым мөлшері көлік көлеміне қарай 250 мың теңгеден басталып, бірнеше миллион теңгеге дейін барады. Белсенділердің айтуынша, бұл тым қымбат және алымды жинау процесі ашық емес. Олар дамыған елдерде утилизация алымы 100 мың теңгеден аспайтынын, ал кей мемлекетте көлікті утилизациядан өткізетін зауыттар өзін-өзі қамтамасыз ететінін айтқан.

Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизация алымын жинаумен жеке компания емес, мемлекеттік орган айналысуы керек деп мәлімдеп, экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысты "Оператор РОП" компаниясын жабуды тапсырған. Артынша оның функциясы "Жасыл даму" акционерлік қоғамына жүктеліп, биыл ақпан айының басында утилизация алымын қабылдай бастаған. Ақпанның соңында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Қазақстанда автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасына утилизация алымының мөлшері 50 пайызға азаятынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG