Accessibility links

Пластик араласқан жөргектің орнын экожаялық баса ала ма? Дармарка деген не?


EcoSan жобасының авторы Сәния Аринова.
EcoSan жобасының авторы Сәния Аринова.

30 наурыз әлемде қалдықтармен күрес күні атап өтіледі. Қазір тұрмыстық қалдықтардың едәуір бөлігі пластиктен құралған. Осы күн қарсаңында EcoKundelik подкасын пластик қалдықты азайту амалдарына арнадық. Эпизод қонағы экобелсенді, EcoSan жобасының авторы Сәния Аринова. Пластик араласқан жөргекті экожаялықпен алмастыруға бола ма? Пластиктің қандай түрі ең зиян? Осы және өзге сұрақтарға жауап іздедік.

Подкасты тыңдаңыз:

Пластик араласқан жөргектің орнын экожаялық баса ала ма? Дармарка деген не?
please wait

No media source currently available

0:00 0:31:27 0:00

Алматылық экобелсенді, EcoSan жобасының авторы Сәния Аринова көп реттік жөргектер мен төсеніштер, экодорба тігеді. Оның сөзінше, көп реттік жөргектер экология, медицина жағынан, тіпті ақша үнемдеу жағынан өте тиімді.

– Мысалы, кәдімгі балаларға арналған қазіргі әппақ жөргектер толықтай синтетикалық тауар. Яғни, ол толықтай мұнай-химия өнімі. Құрамында пластик те бар. Оған қоса ағарту үшін хлор қолданылады. Хлорды қолдану үшін ол жерде диоксин деген зат пайдаланады. Диоксин деген менің білуімше, нөмір бірінші концераген. Мен дәрігер емеспін. Бірақ дәрігерлермен сөйлескен кезде олар солай түсіндірген. Тура сол нәрсе әйелдерге арналған төсеніштерде де бар. Ал біз оларды киіп жүреміз. Зияны болуы мүмкін. Ең көзге көрінетін қарапайым зияны денені қышытып, қызарту, аллергия болуы мүмкін. Бірақ оның әсерін ешкім зерттеген емес. Өйткені жөргек төсеніштер өндірісі үлкен бизнес. Бірақ дәрігерлер тура айтпағанмен соны меңзейді. Егер деніңіз сау болсын десеңіз, сондай табиғи өнімдерді пайдаланыңыз деп айтады, – дейді Сәния Аринова.

Көп реттік экожөргек.
Көп реттік экожөргек.

Әлемде бір реттік жөргектер көлемі жағынан ең жиі кездесетін тұрмыстық қатты қалдықтар арасында үшінші орынды алады. Әрбір бала туғанынан өздігінен дәрет сындыруға үйренгенге дейін шамамен 5 мың жөргек пайдаланады деп айтылады.

Экобелсенді Сәния Аринова экожөргектерге көшу пластикті азайтудың тиімді амалдарының бірі ретінде атайды. Оның сөзінше, экожөргектер баланың іш киімі сияқты тігілген.

– Әрине, мұндай жөргектер сәл уақытты талап етеді. Себебі оны жуу керек. Оны кір жуатын машинамен де жууға болады. Қазір бізде бәрі тез болып кетті. Кофені жолда іше саламыз, тамақ тез дайындалады. Бәрі сондай ритмде өмір сүріп жатырмыз. Бірақ ол жылдамдық, жеңілдіктердің құнын біздің денсаулығымыз, табиғат төлеп жатыр. Әр пайдалы нәрсе біздің назарымызды талап етеді. Бір нәрсені күшті талпынып, ойланып, ол туралы ізденудің сауабы көп болады, – дейді экобелсенді.

Оның сөзінше, көп реттік жөргек пайдаланатын, бір реттік жөргектерді алуға "қолы бармайтын" ата-аналар бар.

– Бір реттік жөргектер қайта өңдеуге келмейді. Оларды тастаса, қаншама жыл жерде жатады. Не шірімейді, жоқ болып кетпейді. Ақыры микропластикке айналады. Жерді улайды. Ол жерге бірдеңе өседі. Өскен нәрсені біз пайдаланамыз, – дейді экобелсенді.

Сәния подкаст барысында Алматыда жиі ұйымдастырылып тұратын "дармарка" шарасы ("даром" яғни, тегін деген сөзден шыққан) туралы да айтып берді.

Қалада мұндай шара соңғы рет 17 наурызда өтті. Бұл күні Алматы тұрғындары экоакцияға өздерінде артық заттарды, сонымен бірге қайта өңдеуге келетін қалдық немесе шикізат түрлерін (макулатура, картон, пластик, алюминий банкілері, әйнек, батарейка, электронды қалдықтар, мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмек, киімдер және тағы басқа) әкеледі. Бұған қоса, осы акциядан өздеріне қажет заттарды та тегін ала алады. Мысалы, өткен шарада 1775 кило қалдық өңдеу мен утилизацияға жіберілген.

Мұндай шараларда сонымен бірге жұрт экотренерлер мен экобелсенділердің лекцияларына қатысып, түрлі жоба, идеялармен де таныса алады.

Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан, Spotify-дан тыңдай аласыздар.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG