Павлодар облысы Майқайың кентіндегі екі құтқарушының денесі шахтаның тазарту аймағындағы үйінді астында қалып қойғанына төрт ай болды. Төрт құтқарушы мінген автобус опырылған топырақтың астында қалған. Екеуінің сүйегі сол күні жер бетіне шығарылды, тағы екі құтқарушы ақыры табылмады. Қаза тапқандардың туыстары "Майқайыңалтын" алтын өндіруші компаниясын кінәлайды, ал компания құтқарушылар мен олардың жұмыс берушісіне кінә артып отыр.
"КЕНЖЕ БАЛАМ КҮНДЕ ӘКЕСІН ІЗДЕЙДІ"
– Анау су тұрған жерде автобус жатыр, – деп опырылған жерді қолымен нұсқады Айдос Шаймерденнің жесірі Нұрсұлу Шаймерден. – Сол жерді 5-6 метр қазса жетіп жатыр. Қазғысы келсе...
Топырақ опырылған жерге Нұрсұлу Шаймерден күн сайын келеді. Автобус жатыр-ау деген жерді көзімен тінтіп шығады. Сол бір үйіндінің астында күйеуі, бес баласының әкесі жатыр. Әйел көз жасын көл қылып, күйеуінің сүйегі табылса екен деп тілеумен жүр.
Бірақ қазір қаза тапқан тау-кен құтқарушыларын ешкім іздеп жатқан жоқ. Іздеу жұмыстары ақпанда құтқарушылардың қауіпсіздігі үшін тоқтатылды.
Шаймерденнің жесірі Instagram-дағы статусына "Жаның сыздағанда шарасыз күйге түсесің", "Сәл шыдашы" деген сияқты жазбалар қалдырады. Өйткені басқа шарасы жоқ. Әйел мұң шағатын жеріне айналған әлеуметтік желіге іздеуді қайта қалпына келтіру керек деген талабын да жазады.
Күйеуінің өлімі, одан кейін шындық үшін күрес оның менталды күйін, денсаулығын шатқаяқтатып жіберген. Қазір жиі жедел жәрдем шақырады, оған тіпті тыныштандыратын дәрі де көмектеспейтін болған.
Нұрсұлуға Айдостың әпкесі Айтжан Қайкина қолдау көрсетіп жүр. Келінінің денсаулығына алаңдап, ең болмағанда немере інім тезірек табылып, туған-туыс арулап жерлесе деп тілейді.
- Сүйегін тауып, жерлесек, балалары бейіт басына барып тұрар еді. Әкеміз осы жерде жатыр дер еді. Ал қазір ол анда да, мында да жоқ, – дейді Айтжан Қайкина.
Айдос пен Нұрсұлудың кенжесі екі жасқа толған. Әкесі соңғы рет жұмысқа кеткенде, ұлының тілі шығып, "әке" деп айта бастаған екен.
- Күнде "әкелейді", телефондағы суретінен таниды, – дейді әйел.
"Отағасы балаларының жанында болғанды жақсы көретін" деп еске алады Нұрсұлу. Кішкентайлары жалтақтап, әкесі келіп қала ма деп күтсе, үлкендері оның енді оралмайтынын түсінеді.
Шиіттей бес баламен жесір қалған әйелдің Майқайыңда тұрғысы жоқ, өйткені мұнда бәрі сол қайғылы оқиғаны есіне түсіреді. Бірақ басқа жаққа көшіп кететіндей қолында қаражаты да жоқ. Қазірдің өзінде балаларымен бірге күйеуінің туыстарын паналап жүр, себебі өз үйлері болмаған.
ҮНСІЗ ҚҰТЫЛУ
4 қаңтар күні қайғылы оқиға болған Майқайың ауылы Павлодар облысы Екібастұз қаласынан бір сағаттық жерде орналасқан. Шамамен тоғыз мыңға жуық тұрғыны бар.
Майқайың алтын, көмір кен орындарымен белгілі. Ауылдың маңы толған көмір ойықтары мен алтын өндіретін шахталар, комбинаттар.
Тіршілігі байырғы қалпына түскен ауыл халқы сол бір жазатайым оқиғаны ұмытып кеткендей. Бәлкім ауылдықтардың көп бөлігі марқұмдардың туысы жауап беруін талап етіп отырған "Майқайыңалтын" алтын өндіру кәсіпорнында жұмыс істейтіндіктен бұл жайында жақ ашқысы келмейтін де болар. Журналистердің келуі ауылды біраз әбігерге түсірді. Азаттық тілшісін ауылға, әсіресе марқұм Айдос Шаймерденнің үйіне жеткізіп тастауы тиіс болған жергілікті таксист біреуге қоңырау шала бастады да, тілшіні полиция бөлімшесіне әкеліп тастады. Онысын үйдің мекенжайын сұрауым керек деп түсіндірді. Полиция қызметкерлері журналиске сапарының мақсаты туралы сұрақ қойып, такси жүргізушісіне соңынан еруін бұйырды. Кейін анықталғандай, журналист іздеген үй қолмен нұсқап жіберетіндей жақын жерде орналасқан екен.
"Майқайыңда" жұмыс істейтін жергілікті тұрғындарға келсек, қазір шахтада ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Топырақ құлаған жерді қоршап қойған, маңын полицейлер торуылдап жүр. Бір жағының топырағы құлап жатса, екінші, яғни шамамен автобус құлаған жағындағы топырақ нығыздау көрінді.
Қаза тапқан құтқарушылардың отбасы қайғылы оқиғаны күн сайын еске алады. Төрт адамның екеуінің сүйегі сол күйі табылған жоқ. Олардың туыстары алтын өндіретін компания мен жұмыс берушіні жауапкершілікке тартып, моралдық және материалдық өтемақы беруді талап етеді. Алайда марқұмдардың туыстары асыраушысынан айырылғаны үшін өтемақы алғысы келсе, әлі талай соттың табалдырығын тоздыруға тура келеді. Себебі жұмыс беруші қызметкерлердің өлгені расталмады, өлгені туралы куәлік жоқ, іздеу жұмыстары ресми түрде аяқталмады деп отыр.
Шаймерденнің жесіріне "өтемақы алу үшін сотқа күйеуінің өлгенін растайтын арыз беруің керек" деген. Заң бойынша оған қол жеткізу үшін "жоғалған" күннен бастап алты ай өтуі керек. "Майқайыңалтыннан" уәде етілген көмек алу үшін де әйел компанияға хат жазуға тиіс.
- Қазір маған іздеудің жалғасқаны керек. Жаным тынышталса деймін, соттасу жағы содан кейін бола жатар. Ары қарай қалай өмір сүретінімді білмеймін, – дейді әйел Азаттыққа.
"ІЗДЕУ ЖҰМЫСТАРЫН ҚАЙТА БАСТАУДЫ ТАЛАП ЕТЕМІЗ"
Қаза тапқан жүргізуші Айып Тілеубергеновтің де отбасының мазасы кеткен. Оның де мәйіті үйіндінің астында жатыр.
Ұлдары әкесінің жастайынан көліктің тілін білетін шебер болғанын, талайдың көлігін жөндеуге көмектескенін, тәжірибелі жүргізуші-құтқарушы екенін, сол үшін талай рет марапатталғанын еске алады.
Айып Тілеубергенов бұрын "Майқайыңалтында" жұмыс істеген, автохетникаға қызмет көрсетумен айналысқан. Сол себепті жұмыстың ережелерін де, шахтаға барар жолды да жақсы білген. Алайда құтқарушы ретінде шыққан соңғы сапарынан оралмаған.
Алтын өндіретін компанияның рөлде отырған Айыпты кінәлі етіп шығаруға тырысып жатқаны туыстарын алаңдата бастаған. Балалары әкесінің жазықсыз екенін дәлелдеуге тырысып жүр.
- Ол күні әкем дәл сол жолмен шахтаға екі рет барып келді, ештеңе болған жоқ. Түнгі уақытта ауыр техника жұмыс істейді, сол жолмен жүк көліктері жүреді. Дәл сол сияқты 4 қаңтар күні де қоңырау түсіп, әкем өзі жатқа білетін жолмен сапарға шыққан. Одан басқа жол да жоқ. Бірақ жете алмай қалды. Бақылау-өткізу пунктінің күзетшісі топырақ опырылып жатқанын байқаған, бірақ кетіп қалған. Ол видеода көрініп тұр. Одан кейін қалай болғанын білмеймін, бірақ дәл сол сәтте камераны қарап, көз жеткізіп, содан кейін ғана төтенше жағдай департаментіне, құтқарушыларға қоңырау шалса болар еді ғой, – дейді марқұм жүргізушінің ұлы Нұрсұлтан Тілеубергенов.
Бақылау камерасының видеосында топырақ түнгі 00:58-де опырыла бастағаны байқалады. Қалың шаң көтеріліп, гүрсілдеген дыбыс шыққан. Оны маңайдағы мекеменің күзет қызметкері көрген. Видеода күзетші жағдайды көре тұра басқа жаққа кетіп қалғаны көрінеді. Ал опырылған жердің көлемі үлкейе береді. Бірақ енді болған оқиғаға ешкім жауапкершілік алғысы келмей отыр.
- "Майқайыңалтын" мен жұмыс беруші өзара таласып-тартысып жатқанда біз іздейтін уақыттан ұтылып жатырмыз. Іздеуді жалғастыруды талап етеміз, – дейді Мейіржан Тілеубергенов.
"БҰЛ ЖҮЙЕМЕН КҮРЕСУГЕ КҮШІМ ДЕ ҚАЛМАДЫ"
Қаза болған құтқарушы Олег Тишкевичтің қызы мен ұлы тұлдыр жетім қалды. Анасы екі жыл бұрын сырқаттанып көз жұмған, енді әкесі де жоқ. 16 сәуір – анасының қайтыс болған күні және тағдырдың жазуымен дәл сол күні әкесінің өліміне қатысты сот процесі өтті.
Қызы Яна әкесінің суреттерін тоңазытқышқа жапсырып қойған. Арасында екеуі алмасып оқитын кітаптарды ақтарып қояды. Соңғы кездескенінде әкесіне жұмыста оқырсың деп, кітап берген еке. Әкесі ол кітапты оқып та үлгермеген.
- Әкемнің батылдығы үшін алған медальдары бар. Қолыма ұстап, оның бұларды енді таға алмайтын ойласам, көкірегім қарс айырылады. Бізге медальдарын өзімен бірге жерле деген, бірақ қолым бармады. Әкемнің көзіндей болған, үнемі жанымызда екенін есімізге салып тұратын дүниелер ғой. Осы медальды алу үшін адамдар өмірін қатерге тігеді. 28 жыл еңбек етіп, қапияда қаза тапты. Бауырым екеуміз басқа да марқұмдардың туыстары сияқты елеусіз қалдық. Біреулерге ол жай ғана жұмыс шығар, бірақ біз үшін бүкіл өміріміз ғой. Жақыныңды жерлеу сондай ауыр, әкемді соңғы рет көріп, қоштаса да алмадым. Жабық табытпен жерледі, себебі жарақаттары адам шошырлық болды, – дейді марқұмның қызы Яна Осолодкова.
Тышкевичнің балалары "жұмыс беруші де, алтын өндіретін компания да қатаң жазаға тартылуы керек, әсіресе әкесінің өлімі үшін бұларға моральдық өтемақы төленуі тиіс" деп есептейді.
- Қалай тайсақтаса да, барлық жауапкершілік "Майқайыңалтынның" мойнында. Олардың жазаға тартылғанын қалаймын. Жұмыс берушінің де кінәсі бар. Бұл жүйемен күресуге күшім де қалмады. Екі кәсіпорын бір-бірімен шайқасып жатыр. Болмашы бір соманы төлеп, құтылғандай болды, бірақ моралдық қолдау туралы ойлап та жатқан жоқ. Бауырым екеумізге сақтандыру төлемін беруден бас тартты. 10 жылдық жалақы көлеміндегі өтемақыны да төлемеді. Отбасымызды тағдыр тәлкегіне тастады, – дейді Яна Азаттыққа.
"Майқайыңалтын" компаниясы қаза тапқан құтқарушылардың отбасына материалдық қолдау көрсетеміз деп уәде берді. Бірақ бұл көмекті барлық отбасы алған жоқ.
Қызметке орналасқанына бір-екі ай болғанда қаза тапқан төртінші құтқарушы Бердіқан Сарқыттың туыстарымен сөйлесе алмадық. Олар осыған дейін қазаға қатысты пікір білдірген емес.
"АДАМ ӨЛІМІНІҢ АЛДЫН АЛУҒА БОЛАР ЕДІ"
Қайғылы оқиғаның себептерін зерттеген арнайы комиссия "Майқайыңалтынның" әрекетсіздігі құтқарушылардың өліміне алып келді деген. Төтенше жағдай шахта аузындағы бақылау-өткізу пунктіне тиесілі күзет үйі жанында болған.
Комиссия "топырақтың жоғарғы қабатының және содан кейін шахтаның тазарту аймағының құлауына сол жерде пайда болған қуыс себеп болған. Қуыстың орнын толтыру компанияның міндеті еді. Жауаптылардың қатарында бас директор, оның орынбасарлары, директорлар, бас инженер және бас маркшейдер бар. Құтқарушылардың кінәсі жоқ" деген қорытындыға келген.
Комиссия қорытындысына "компания қауіпсіздік талаптарын елемеген және топырақтың опырылуының да, адам өлімінің де алдын алуға болатын еді" деп те жазылған. Қазір құтқарушылардың қаза болғанына қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Бұл уақытта "Майқайыңалтынның" еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің үстінен жазған арызы бойынша сот аяқталды. Әйтсе де қаза тапқандардың туыстары әлі де жәбірленуші деп танылған жоқ. Олар "Майқайыңалтын" кінәні марқұмдардың өзіне артып отыр деп ашулы.
- Компания шара қабылдағанда мұндай апат болмас еді. Қуыс жерлердің үстіне жол төселген, бұл жалпы адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді, – деді сотта құтқарушы Тілеубергеновтің отбасының өкілі Жақсылық Құсайынов.
Алтын өндіретін компания комиссияның қорытындысымен келіспей, қайғылы оқиғаға құтқарушылар тобы кінәлі деген уәж айтқан. Компания өкілдері сотта "апат пен адамдардың қаза табуының арасында байланыс жоқ және құтқарушылардың жазатайым жағдайдың алдын алуға мүмкіндігі болды" деп мәлімдеді.
16 сәуірдегі сотта "Майқайыңалтын" өкілдері "құтқарушыларға түтін шығып жатыр деп емес, гүрсілдеген дауыс шықты, тас құлады деп қоңырау түскен" деді.
Бірақ сотта "Майқайыңалтын" диспетчері "сол күні құтқарушыларға гүрсілдеген дауыс пен қара түтін туралы хабарладым" деді. Ал компанияның бас директоры "диспетчер маған бір жарқыл көрдім, түтін шықты, шаң көтерілді, электр жарығы өшіп қалды деп хабарлады" дейді. Бұл сөздер "Майқайыналтын" өкілдерінің уәжін жоққа шығарады.
Сот "құтқарушыларға тас құлап жатқаны туралы неге хабарланбады?" деген сұраққа сол күйі жауап ала алмады. Бірақ қазіргі уақытта полиция тергеп жатқан қылмыстық іс аясында бұл сұраққа да жауап табылар деген үміт бар.
- Комиссияның тергеу-тексеру жұмысы атүсті жасалған. Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерімен (КӘАҚҚ) келісіп әрекет етпеуі салдарынан автобус топырағы опырылған шұңқырға құлап кетті. Бұл жерде сұрақты, негізінен, КӘАҚҚ-ға қою керек. Неге апатты "өрт" деп жазып алған? Қызметкерлер қандай апат болғанын анықтамастан, дабылды ести сала жолға шыққан. Жазатайым жағдайдың басты себебі – осы, – деді сотта "Майқайыңалтын" өкілі А. Оқшантаев.
Сотта компания құтқарушылар ауысым алдында алкоголь және есірткіге қарсы тексеруден өтті ме, автобус жүргізушісі ішімдік ішпеген бе, диспетчерден шақыруды қабылдаған құтқарушы дайындықтан өткен бе деген сұрақтар қойды.
3 қаңтар күні құтқарушылар бұрғылау-жару жұмыстарынан кейін газ деңгейін тексеру үшін шахтаға бірнеше рет барған.
4 қаңтарға қараған түні "Майқайыңалтын" диспетчері құтқарушыларға шахта аймағында түтін шығып жатыр деп хабарлайды, бірақ оларға жолдың опырыла бастағаны ескертілмеген. Құтқарушылар мінген автобус жолда пайда болған шұңқырға түсіп кетеді. Жүргізуші дереу тежегіш басқанымен көмектеспеген: топырақтың бір бөлігі автобуспен бірге құлайды. Сол күні екі құтқарушының мәйіті табылды, ал қалған екеуі мен автобус әлі табылған жоқ.
Өндірістік қауіпсіздік комитетінің – комиссия мүшелерінің қорытындысына қарағанда, "Майқайыңалтынның" жауапты лауазымды тұлғалары шахта маңында қуыстар барын білген, бірақ оларды толтыру және технологиялық жолды опырылу қаупі бар аймақтан басқа жерге көшіру үшін қажетті шаралар қабылдамаған.
- Шұңқыр болмағанда, ол жерге ешкім құламас еді. "Майқайыңалтын" жазатайым жағдай болғанын анықтамаған, тек КӘАҚҚ-қа хабарласқан. "Майқайыңалтынның" осы әрекеті және әрекеттсіздігі қайғылы оқиғаға себеп болды. Егер олар жолға шықпағанда басқа қанша адам өлетіні де белгісіз еді, – деді сотта өндірістік қауіпсіздік комитетінің өкілі Данияр Андасов.
Құтқарушыларға жұмыс беруші "алтын өндіретін кәсіпорынның кінәлі екенін" айта келе, ол маңда тағы да жер опырылуы мүмкін деді.
- Компания жауапкершілікті барынша басқаларға артып тастағысы келеді. Апат орнында ешқандай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ, қаза тапқандардың денесі әлі табылмады, – деді сотта кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі штабының өкілі Асылан Жадыра.
Сот "Майқайыңалтынның" арызын қанағаттандырмай, қайғылы оқиғаға да, топырақтың опырылуына да тау-кен жұмыстарына дұрыс бақылау жүргізбеу себеп болған деп шешті. Алда әлі апелляция және марқұмдардың туыстары жазған арыз бойынша басқа да сот процестері бар.
"ЖЕР ОПЫРЫЛУ ҚАУПІ"
Азаттықтың тілшісі "Майқайыңалтын" компаниясынан жауап алуға тырысқан. Бірақ бас директор Қуаныш Ботин сұрағымызға жауап бермеді. Тілші Майқайың ауылындағы кәсіпорынға да келді, бірақ басшылықтан ешкім шықпады. Күзетші қабылдау бөлмесіне хабарласып, Азаттықтың келгені айтты да, іште "басшылықтың ешқайсысы жоқ екен" деп жауап берді. "Майқайыңалтынның" билікке деген талабы қаралған сотта компания өкілдері тішлілердің қатысуына қарсы шығып еді, бірақ сот рұқсат берді.
"Майқайыңалтын" апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуге барлық мүмкіндікті жасадық деп есептейді. Ал шұңқырдың орнын зерттеуге шақырылған "СоюзГеоМех" ұйымы "топырақтың опырылу және құлау қаупіне" байланысты тау-кен жұмыстарын жүргізу ұсынылмайды деп көрсеткен. Өткелді шұңқырдың түбіне дейін кеңейту жобасын әзірлеуге шақырылған "Геопроект орталығы" кәсіпорынды тексере келе, "бірге жұмыс істеуден бас тартқан". Мұны "Майқайыңалтын" компаниясының бас директоры қаза болған құтқарушылардың туыстарына жазған хатында алға тартып, іздеуді тоқтата тұрудың себебі осы деп көрсеткен.
"Геопроект орталығы" жерасты тау-кен қазбалары туралы толық ақпарат болмағандықтан "тау-кен жұмыстарын жүргізу қауіпті" деп мәлімдеген.
Осылайша, екі компания біріне-бірі сілтейді. "Майқайыңалтын" компаниясы құтқарушылар штабы іздеуді қауіпсіз жалғастыру мүмкіндігі туралы қорытындысы бар құжат берген жоқ дейді. Ал штаб "түрлі нұсқаларды қарастырып, "Майқайыңалтын" басшылығына сарапшы ұйыммен келісім-шарт жасасу туралы өтінішпен бірнеше мәрте хабарластық" дейді.
"Келіссөз барысында "Майқайыңалтын" өндіріс жұмыстары тоқтағанына байланысты қаржылық шығынымыз көп деген желеумен келісім шартты қаржыландырудан және қол қоюдан түбегейлі бас тартты" деп баяндады жағдайды құтқарушыларға жұмыс бергендер.
Сайып келгенде, жол тығырыққа тіреліп тұр: тараптар біріне-бірі сілтейді, топырақ астынан екі адамның мәйті әлі шығарылған жоқ, ал марқұмдардың туыстары күтуге мәжбүр.
Мақала дайындалып жатқанда қаза тапқандардың туыстарына "іздеуді жалғастыруға қажетті экспертиза жүргіземіз" деген хабар келіп, жылт еткен бір үміт сыйлады.
ПІКІРЛЕР