Киевте қастандыққа ұшырап, 13 күн жан сақтау бөлімінде жатқан қазақстандық оппозиция белсендісі, "Бәсе" Youtube-каналының негізін қалаушы журналист Айдос Садықов қайтыс болды. Бұл туралы оның әйелі Наталья Садықова хабарлады.
Садықованың айтуынша, белсенді-журналист Киев уақыты бойынша таңғы 3-те көз жұмған.
"Сүйікті күйеуім, үш баламыздың әкесі, қазақ халқының ұлы перзенті. Айдос өз өмірін Қазақстанға арнап, кісі өлтірушілердің қолынан азапты өлімге болды. Айдос 13 күн бойы жан сақтау бөлімінде өмір үшін күресті, бірақ ғажайып нәрсе болмады. Оның өлімі [Қазақстан президенті Қасым-Жомарт] Тоқаевтың мойнында" деп жазды Садықова Facebook-те.
56 жастағы Киевте тұратын қазақстандық белсенді, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты белгісіз біреу 18 маусымда көлігінің ішінде атып кеткен. Оқ самайына тиіп, ауруханада от жасалған. Сол күннен бері жансақтау бөлімінде жатқан.
Көп ұзамай, Айдос Садықовқа қастандық жасады деген екі күдіктінің бірі Алтай Жақанбаев ұсталды. Бұл жөнінде Қазақстанның бас прокуратурасы хабарлады.
22 маусымда мекеме сайтында жарияланған хабарда "21 маусымда А.М. Жақанбаев Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына өз бетінше хабарласып, одан істің мән-жайы бойынша жауап алынды. Сол күні ол осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталды" делінген.
Күдіктінің қай жерде ұсталғаны айтылмаған. Бас прокуратура "тергеу мүддесі үшін" басқа ақпаратты жарияламайтынын ескерткен.
Прокуратура екінші күдікті Мейрам Қаратаевтың "орналасқан жерін анықтау үшін" жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. Қазақстан ақпарат құралдары Қаратаевтың Қостанай облысында полиция қызметкері болып жұмыс істегенін жазған. Қазақстан ішкі істер министрлігі оны 2019 жылы жұмыстан шығарғанын мәлімдеді.
21 маусымда Украина бас прокурорының кеңсесі ұлттық полиция Жақанбаев пен Қаратаевты Қазақстан билігі жайлы сыни материалдар жариялайтын "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовқа қастандық жасаған күдіктілер деп атаған.
25 маусым күні Украина бас прокуратурасы Қазақстан билігінен Айдос Садықовқа қастандық жасады деген күдікке ілінген адамдарды сұрағалы отырғанын хабарлаған.
27 маусым күні Қазақстан сенатының спикері Мәулен Әшімбаев "Қазақстан өз азаматтарын басқа мемлекеттерге бермейді" деп мәлімдеді.
Украина қауіпсіздік күштерінің мәліметі бойынша, "белгісіз адамнан тапсырыс алған" 33 жастағы Қаратаев пен 36 жастағы Жақанбаев 2 маусымда Киевке барып, жалдамалы пәтерлерде тұрып, қылмысты жасауға дайындалған. Іс материалдары бойынша, 18 маусымда олар Киевтің Шевченко ауданындағы Садықов тұратын үй маңына барып, ол аулаға көлікпен келгенде тапаншадан оқ атқан. Бұдан соң олар оқиға орнынан кетіп, тапаншаны зообақ маңына тастаған.
Оқиға болған кезде Айдос Садықовпен бірге болған, бірақ өзі жапа шекпеген әйелі Наталья Садықова бұл қылмысты Қазақстан билігі ұйымдастырды деп мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл – Садықовтар жүргізетін "Бәсе" арнасының видеоматериалдары үшін кек алу әрекеті.
Қастандық болған күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жайтқа байланысты дипломаттар мен күштік құрылымдарға тапсырма бергенін, елдің ресми органдары " істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын" екенін мәлімдеді. Осыдан кейін Қазақстан бас прокуратурасы арнайы жедел іздестіру тобын құрып, тергеу бастағанын және қылмысты ашып, күдіктілерді ұстау мақсатындағы шараларды қолға алғанын хабарлаған.
Айдос Садықов 2010 жылға дейін сол кездегі "Азат" жалпы-ұлттық социал демократиялық партиясының Ақтөбе филиалының жетекшісі болды. Сол жылы ол бұл партиядан кетіп, "Гастат" аталатын қоғамдық қозғалыс құрды. Ол қозғалыс қытайлық "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясында тәуелсіз кәсіподақтардың құрылуына мұрындық болды. Садықов мұнайшылар құқығының бұзылмауын талап еткен акциялар өткізіп көзге түскен.
Кейін Садықов та елден кетіп, әйелі Наталья Садықова екеуі Киевте тұрған. Олар Украинада босқын мәртебесін алған. Ерлі-зайыпты 2014 жылы "Бәсе" деп аталатын YouТube-арна ашып, билікті, ондағы жемқорлықты сынайтын видеолар жариялай бастаған.
Қазақстан ерлі-зайыпты Наталья және Айдос Садықовтарға іздеу жариялаған.
Азаттық ашық дереккөздерден Қаратаевқа тиесілі деген нөмірді тауып, ол нөмір өзге адамдардың телефондарында "арнайы жасақ", "собр", "капитан", "снайпер" деген қосымша ақпаратпен сақталғанын анықтады. Кейбір адамдар оның байланыс нөмірін "Мейрам Арыс", "Мейрам Арыстан" деп, жиырмаға жуық қолданушы "Мейрам А" деп сақтаған. Ұлттық қауіпсіздік қызметінің "Арыстан" дейтін арнайы бөлімі 2016 жылдан бастап "А" арнаулы мақсаттағы қызмет деп аталады.
Getcontact қосымшасы Жақанбаев нөмірін кейбір абоненттер "Алтай Сырбар КНБ", "Алтай КНБ", "Алтай Сыр" деп сақтағанын көрсетті. "Сырбар" – ҰҚК сыртқы барлау қызметі.
Азаттық ҰҚК-ға сауал жолдап, Қаратаев пен Жақанбаев арнайы қызметтерде жұмыс істей ме, әлде бұрын істеген бе деп сұрақ қойды. 2 шілде күні редакцияға ҰҚК жауабы келді. Онда аталған азаматтар ҰҚК құрамында жұмыс істемейтіні, одан басқа ақпарат бере алмайтыны жазылған.
Қазақстан баспасөз құралдарында Мейрам Қаратаев есімді азамат Қостанай облысында полиция қызметкері болып жұмыс істегені хабарланды. Қазақстан ішкі істер министрлігі Қаратаев 2019 жылы жұмыстан кеткен деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР