Тарихта алғаш рет олимпиада ойындарының ашылу салтанаты стадионда емес қаланың дәл ортасында өтті. Шоуға Париждің ортасындағы Сена өзені, Эйфель мұнарасы, Йен көпірі, Аустерлиц көпірі және қаланың орталық көшелері пайдаланылды. Жалпы ашылу салтанаты өткен аумақ алты шақырымды қамтыды.
200-ден аса елдің спортшылары мен делегациялары командалар шеруінде Сена өзенін кемемен жүзіп өтті. Спортшылар Сена өзенінен Париждің әдемі архитектурасын тамашалады. Ашылу салтанаты болып жатқанда Парижде толассыз жауын жауып тұрды.
Ашылу салтанаты қаланың ортасында өткендіктен қауіпсіздік шарасы өте қатаң болды. Париждегі көп метро, автобус, трамвай станциялары жабылды. Соның салдарынан қалада кептеліс көбейді. Бірақ жауын мен транспорт хаосына қарамастан Париж олимпиадасының ашылу салтанаты сәтті өтті.
Халықаралық олимпиада комитетінің мәліметінше, ашылу салтанатында 85 қайық, 71 үлкен экран, 170 камера, 1000 дауыс ұлғайтқыш колонка болады. Бұдан бөлек, 2000 әртіс өнер көрсетіп, оларға 1800 костюм тігілген.
Ашылу салтанатына барлығы 6800 атлет қатысты. Ал шараны Парижде 320 мың адам тамашалайды. Париж символы Эйфель мұнарасы салтанатты шараның негізгі атрибутына айналды.
56 жастағы Селин Дион 2022 жылы сирек кездесетін неврологиялық дертке шалдыққанын мәлімдеп, ұзақ уақыт сахнаға шықпай кеткен еді. Диагноз қойылғаннан бері ол алғаш рет жұрт алдында ән айтты.
Ашылу салтанаты кезінде Париж ойындарының ұйымдастыру комитетінің басшысы Тони Эстанге "Франция мен олимпиада арасындағы үлкен махаббаттың жалғасын тапқанын" айтты. Ал Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах ойындарда алғаш рет әйелдер мен ерлер тең санмен қатысып жатқанын атап өтті. Франция президенті Эммануэль Макрон олимпиаданы ашық деп жариялады.
Париж олимпиадасының жабылу салтанаты 11 тамызда өтеді. Ойындарда Қазақстанның 80 спортшысы 25 спорт түрінен медальға таласады.
ПІКІРЛЕР