2 қыркүйекте парламент мінберінен халыққа жолдау жасаған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясын салу жөніндегі референдум 6 қазанда өтеді деп мәлімдеді. Тоқаев энергия өндірудің бұл түріне қолдау білдіріп, Қазақстан "энергия көзінің сенімді де экологиялық таза түріне" мұқтаж екенін, АЭС "экономиканың жылдам өсіп жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыратынын" айтты.
Сол күні референдумда қазақстандықтарға қойылатын сауал да нақтыланды. 6 қазанда жұртшылық "Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұраққа жауап береді.
Кейінгі айларда елде АЭС салу мәселесі көп талқыланды. Жария талқы барысында жоба туралы жалпы мәліметтер, оған кететін шығын, станциялардың қуаты, АЭС салатын орын мен құрылыс мерзімі туралы айтылды.
Азаттық осы мәлімдемелерді саралай келе, жаңа АЭС құрылысы жүріп жатқан не жақында құрылыс біткен елдердің тәжірибесін салыстырып көрді.
АЭС ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?
Қазақстанда қысыммен жұмыс істейтін екі су-сулы реактор немесе су-сулы энергетика реакторын (ССЭР) салмақшы. Оларды ең танымал, қауіпсіз, тағысын тағы деп айтады. Олар қалай жұмыс істейді?
Ядролық реактор – АЭС-тің жүрегі. Ішінде атом ядросы ыдырайды, отын ретінде негізінен байытылған уран пайдаланылады. Реакторды бастапқы іске қосу ыдырау процесін тудырады. Нәтижесінде нейтрондар түзіледі де, жоғары жылдамдықпен басқа ядролармен түйісіп, оларды ыдыратады. Осыдан кейін басқарылатын тізбекті реакция іске қосылады.
Нейтрондар өте жылдам қозғалады, тежеу кезіндегі олардың кинетикалық энергиясы жылуға айналады. Ол су немесе газ болуы мүмкін жылу тасымалдағышта жиналады. Қызудан пайда болған бу турбинаны айналдырып, ол электрді түрлендіреді.
ССЭР-да ядролық отын құрастырғышы суда тұрады. Оның температурасы Цельсий бойынша +235 градусқа дейін қызиды, оған тізбекті реакция кезінде бөлінетін жылу беріледі. Ерекшелігі сонда, ол судың қайнауына және булануына жол бермейді. Сол себепті де атмосфералық қысымнан гөрі ондаған есе артық қысымда болады.
Қызған радиоактив су бірінші контурдың ішінде айналып, энергоблоктың ішінде жабылады. Екінші контур бар. Онда да су болғанмен, қысым аз болады. Бірінші контурдағы қызған су бу генераторына екінші контурдың суын жылытады. Ол буланып, бу турбинаны айналдырады да, одан электр түрленеді. Сұйық зат тікелей жанаспайды.
Содан кейін бу конденсатқа айналады. Суыту үшін сыртқы су, мысалы, табиғи су айдыны пайдаланылады. Ол жеткіліксіз болса, градирня, суыту мұнарасын салады. Мұндайды көрген болсаңыздар, ондағы ыстық су буға айналу арқылы суиды, қабырғада шөгіп, қайтадан бу генераторына барады.
ССЭР расында да кең танымал, әлемдегі бүкіл реактордың үштен екісі осындай. Олар кең тараған тағы бір технология – қайнау реакторынан өзгеше. Қайнау реакторында суға қысым жоқ, бірден қайнайды және буланады, сөйтіп турбинаны айналдырады.
ССЭР бақылауға жеңіл деп есептеледі: олар азырақ жылу өндіреді және онда тізбекті реакция аса белсенді емес. Артықшылығы ретінде технология бойынша радиоактив судың буланған сумен жанаспайтыны айтылады.
Алайда, ССЭР үшін жоғары қысымға төтеп беретін қуатты құбыр жүйесі керек. Сондықтан да мұндай АЭС құрылысы күрделі әрі қымбат. Отын құю үшін реакторларды толықтай тоқтату керек. Станциядағы отын жарты жылда бір рет құйылады және жалпы процесс бір аптаға созылады.
АЭС ҚАНША ТҰРАДЫ ЖӘНЕ ОНЫ ҚАНША УАҚЫТ САЛАДЫ?
Қазақстанда АЭС жобасына "Самұрық-Қазына" қорының еншілес кәсіпорыны "Қазақстан атом электр станциялары" компаниясы жауапты. Компания 10 жыл бұрын пайда болған, содан бері, мәселен, АЭС салатын орынды зерттеген. Қазіргі негізгі орын – Балқаш жағалауындағы Үлкен ауылы.
Компания сайтынан сұрақтарымызға жауап іздеп, таба алмадық. Ашық деректе ешқандай құжат жоқ. Өкінішті-ақ. Әйтпесе, компанияның осынша уақыт немен айналысқанын білу көпшілікке қызық болар еді. Құжаттар жариялана ма деп те сұрадық. "Қазақстан атом электр станцияларының" директоры Тимур Жантикин бұл құжаттар компания "қожайындарының коммерциялық меншігі" екенін айтты.
"Бұл – көптомды еңбек. Оны сайтқа жариялай салу қисынсыз. Бірақ ол жерде қандай да бір құпия жоқ. Қызыққан адам келіп көрсе болады. Проблема жоқ", – деді Жантикин Азаттыққа сұхбатында.
6 қазанға белгіленген референдум қорытындысы болмаса, құрылыстың нақты бағасын да есептей алмайды. Шамамен 8 миллиардтан 12 млрд долларға дейін кетуі мүмкін. АЭС 8 жылда салынып бітеді деген уәде бар.
Бұл шындыққа жанаса ма? Кейінгі жылдары пайдалануға берілген атом станцияларын негізінен 9–15 жыл аралығында салған. Қытайдағы Чанцзян станциясын алты жылда салды, алайда мұны айрықша жағдай деуге болады. Қытай, Үндістан сияқты елдердің құрылыста тәжірибесі зор, жеткізу тізбегі мен лицензия беру жолға қойылған, арзан жұмыс күші бар.
Басқа да мысалдар бар. АҚШ-та жуырда кешіктіру мен банкроттан кейін Вогтль АЭС-індегі соңғы реактор іске қосылды. Құрылыс екі есе қымбатқа түсіп, 15 млрд орнына 30 млрд болды, ал құрылыс мерзімі жоспардан жеті жыл ұзақ жүрді.
Словакиядағы Моховце АЭС-інің үшінші реакторын қосуға 37 жыл кетті. Оған Австриядағы наразылық әсер етті. Бұл елде АЭС жоқ және халық көрші елде де салынғанын қаламады. Жобаны қайта қолға алғанмен, кешігуіне орай екі есе қымбатқа түсті.
Беларусьтегі станцияны "Росатом" салды. Қаржының 90 пайызы – Ресей үкіметі берген несие. Құны 10 млрд доллар болса, құрылыс мерзімі – 6 жыл. АЭС бес жылға кешігіп іске қосылды, былтыр екінші реакторды қосты. Долларға шаққанда несие сомасы 24 миллиардқа жетті. Оған санкцияға іліккен Ресейдің халықаралық төлемдерді рубльге ауыстыруы және оның құнсыздануы себеп болды.
Бразилия елдегі жалғыз АЭС-тің үшінші реакторын қанша жылдан бері салып бітіре алмай отыр. Жұмыс 1984 жылы басталған. Содан кейін тоқтатып қойды. 1995 жылы сақтап қойған реакторға арналған құрылғыны сатып алу үшін мемлекеттік бюджеттің ақшасын жұмсады, бұл бюджетке жылына 50 миллион доллардан айналды. 2009 жылы құрылыс қайта жалғасты, ал Ангара-3 реакторын қосуды алдымен 2014 жылға жоспарласа, кейін 2016, одан соң 2018 жылға қалды. 2015 жылы жемқорлық дауына орай жобаны тағы да тоқтатты. Полиция ауқымды қаржыға байланысты астыртын айла, пара беру жағдайлары мен заңсыз ақша айналымын анықтады. Екі жыл бұрын Бразилия жобаны қайтадан қолға алды. Енді оның аяқталуын 2026 жылға жоспарлап отыр.
Тағы бір айтып өтер жайт: жоба басталғанға дейін айтылатын бағалау құны тек негізгі шығын, яғни тек қана құрылысқа кететін қаржы. Бұл нақты құнының 60–70 пайызына тең. Бұдан бөлек отынға, станция жұмысына, қалдықты утильдеуге, пайдаланудан шығаруға кететін операциялық шығындар бар.
АЭС ҚҰРЫЛЫСЫН ҚАЛАЙ ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ?
АЭС салуға ақшаны қайдан алады? Қазақстан қаржы көздерін "қарастырып жатырмыз" дейді. Шамамен 2 миллиардты "Самұрық-Қазынадан" немесе Ұлттық қордан алуы мүмкін. Қалғанын қарызға алмақ.
Халықаралық даму банктері, Дүниежүзілік банк пен Еуропа қайта құру және даму банкі ядролық энергетика жобаларына қаржы бермейді. Көбінесе несиені Ресейдің немесе Қытайдың банктері береді. Сонымен қатар реактор жеткізушілер мен консорциумдар қаржыландыруы мүмкін.
Британиядағы Хинкли-Пойнт АЭС-ін француз және қытай компанияларының консорциумы қаржыландырады. Жоба үш жылға кешігіп жатыр, ал бюджеті жоспарланған 13 млрд фунттан 46 миллиардқа дейін өсуі мүмкін.
Түрлі елдерде шетелдік компаниялар салып жатқан атом станциялары туралы айтсақ, олардың үштен бірі – ресейлік "Росатомның" жобалары. Аккую – Түркиядағы бірінші атом станциясы. Оны "Росатом" build-operate-transfer схемасы бойынша қаржыландырады. Станцияны салып бітсе, бұл осындай схемамен қаржыландырылған алғашқы АЭС болады. Бұл пайдалануға беру құқығын алдымен "Росатом" алып, белгілі бір уақыт өткеннен кейін нысанды мемлекетке береді деген сөз. Аккую қазір 20 миллиард долларға бағаланып отыр. Оның 90 пайыздан астамын "Росатом" бөлді. Бірінші реакторды бір жыл бұрын пайдалануға беруі керек болған, бірақ санкцияларға орай Ресейде жабдықтарды жеткізу қиындығы туды. Жаңа мерзім – қазан.
Ресей Венгрияның Пакш станциясындағы екі жаңа ССЭР-ын қаржыландырады. 12,5 млрд еуроның 10 миллиардын Венгрия Ресейден қарызға алды. Бұл ел Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін де жобадан бас тартқан жоқ.
Египеттегі бірінші АЭС-ті де Росатом салып жатыр. Қосымша ССЭР 3-буынына жататын 4 реактор. Бағалау құны – 30 млрд. Оның 25 миллиардын Египет Ресейден қарызға алды. Қалғанын жеке инвесторлардан тартпақ.
АТОМ ЭНЕРГИЯСЫН ТАЗА ДЕУГЕ БОЛА МА?
АЭС парниктік газ шығармайтындықтан, көп ел атом энергиясын таза энергия қатарына жатқызады. Дегенмен, басқаша пікір де бар. Ешқандай энергия көзін толық таза деуге болмайды. Олардың бәрі де қоршаған ортаға әсер етеді. Мәселе ол әсердің қалай өлшенетінінде. Мәселен, отын көзін алуды есепке алу керек пе? Ол көмір немесе біздің елдің жағдайындағыдай уран болуы мүмкін.
Немесе суытуға және конденсацияға арналған суды алайық. Оны су айдынынан алып, қайтадан сонда құяды. Суды көмір станциялары мен күн энергиясымен жұмыс істейтін жылу электр станциялары да пайдаланады. Дегенмен, АЭС-ке су көп керек – әр МВт/сағатқа 190 мың литр. Қоршаған ортаға судың жылы күйінде қайтуы экожүйеге әсер етуі мүмкін әрі оны алудың өзі су айдынына әсер етеді.
Радиоактив қалдықтар, яғни бірінші кезекте пайдаланылған ядролық отын бар. Кейбір елдер оны қайта өңдеуге тырысады. Ядролық қару жасау осы қайта өңдеумен байланысты болғанын айта кеткен жөн. Плутонийді пайдаланылған отыннан алған. Қазір отынды екінші рет пайдалану үшін өңдейді. Әйтсе де, ол ауқымды жобалар емес. Қалай болғанда да, бәрібір көп радиоактив қалдық шығады, ол ондаған, тіпті миллиондаған жылға созылуы мүмкін.
Сол себепті де көп ел қалдықтарды сақтайды. Реактордан алынған отыны бар біліктерді алдымен суыту үшін бірнеше жылға арнайы бассейнге тастап, содан кейін арнаулы сақтайтын орынға жібереді, ондай орындар көбінесе жер астында болады. Адам баласы қалдықтарды не істеуге болатынын ойлап тапқанға дейін олар сонда жатады.
АЭС ЖӘНЕ ІРІ АПАТТАР
Атом энергиясының артықшылықтары да бар. Оған иек артып отырған елуден астам ел бар, мәселен, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея мен Еуропа елдері. Дегенмен, көп адам оның бүкіл артықшылығын жуып-шайып кететін кемшілігін біледі: ықтимал апат және оның ауыр салдары. Қазақстанда совет кезеңінде ядролық бомбаны сынақтан өткізген жерде АЭС-ке қарсылардың айтар дәйегі тіптен көп.
60 жыл ішінде үш ірі апат болған. 1979 жылы Америкадағы Три-Майл-Айленд станциясында іркіліс болып, белсенді аймақ балқып кетуге сәл қалды. 1986 жылы Чернобыльдегі атом станциясы жарылды. 2011 жылы жер сілкінісі мен цунамиден кейін Жапонияның Фукусима АЭС-інде апат болды. Онда 6 реактордың үшеуінде отын балқыды.
Бұл апаттар қауіпсіздік стандарттарына, мысалы, жоғары сейсмикалық белсенділік аймақтарына әсер етті, Қазақстанда бұл ел аумағының 40 пайызы. Жобалау, салу және пайдалануға беру талаптары күшейтілді. АЭС салуды жанын сала қорғайтындар өткеннің қатесінен сабақ алдық, апаттың ықтималдығы төмен дейді. Алайда, апаттың қалдырған ізі бар. АЭС құрылысын қаржыландыру бұрынғыдай күрделі әрі оны сақтандыру мүмкін емеске тән.
Ірі апаттардан кейін тұтас елдер АЭС-ке қарсы шыға бастады. Мысалы, Германия мен Италия бүкіл станцияларын жауып тастады. Ядролық энергия қуаты болса да, одан бас тартқан елдер қатарында Қазақстан да бар еді. 90-жылдары ресурсы біткеннен кейін Ақтауда орналасқан Маңғыстау атом энергиясы комбинатының жылдам нейтронмен жұмыс істейтін реакторын тоқтатты. Оны утильдеу әлі жалғасып жатыр.
ПІКІРЛЕР