Ақтөбе соты "бейбіт жиналыстарды өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен қала тұрғыны Бауыржан Маратұлына 50 АЕК-ке тең айыппұл (184 600 теңге) салды. Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, қаулы жұма күні кешкі жетілер шамасында шыққан. Бауыржан Маратұлы сот қаулысына келіспейді.
Полиция Маратұлын 13 қыркүйек күні Ақтөбедегі теміржол вокзалы маңынан ұстаған. Олар қала тұрғынына "бейбіт жиналыстарды өткізу ережесін бұзғансыз" деп түсіндірген.
"Чаттарға митингінің хабарын жібергенсіз" дейді. Жібергенім рас. АЭС-ке қарсы екенім де, саяси тұтқындарға бостандық талап ететінім де рас. Бірақ митингі болған жоқ қой?" дейді Бауыржан Маратұлы.
– Митингіні ұйымдастырушы емеспін. Тіпті Ақтөбеде 13 қыркүйек күні митингі болған да жоқ. Сонда не үшін жазалануым керек?! Не үшін 50 АЕК төлеуім керек? Жалақым – 180 мың теңге. Оның 100 мыңын несиеге төлеймін. Сотқа "айыппұл төлеткенше қамап таста" дегенмін. Тыңдамай қойды. Шешімге келіспейтін болсаңыз, жоғарғы инстанцияларға шағымданыңыз дейді. Бірдеңе өзгерер болса, шағымданар едім. Түк те өзгермейді. Сондықтан бос әуре болғым келмейді, – дейді ол.
Ақтөбенің тағы бір тұрғыны Ахмет Сәрсенғалиев өз үйін 12-13 қыркүйек күндері полиция қызметкерлері аңдығанын айтады. Тағы бірнеше белесендінің үйіне полиция қызметкерлері барып, "бейбіт жиын ережесін бұзбау жөнінде түсіндіру" жүргізген.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде 13 қыркүйекте азаматтарды қала мен облыс орталықтарында наразылыққа шығуға үндейтін видеолар тараған. Митингіге кімнің шақырғаны белгісіз. Талаптар арасында президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен АЭС құрылысына қарсылық, "саяси тұтқындарды" босату бар. Қазақстанда әкімдік рұқсат етпеген бейбіт жиналыстар қарсаңында қауіпсіздіктің күшеюі, әр аймақта саяси белсенді азаматтардың ұсталуы әдетке айналған.
ПІКІРЛЕР