Accessibility links

Хасен Қожахмет пен Аманжол Нәлібаев "митингілік демократ" па?


"Желтоқсан" қоғамдық ұйымы белсенділері. Екінші қатарда солдан үшінші отырған – Хасен Қожахмет, бесінші отырған – Аманжол Нәлібаев. Алматы, 1990 жыл. Қалдыбай Әбеновтің жеке архивіндегі суретті ұсынған – Ерлан Декелбаев.
"Желтоқсан" қоғамдық ұйымы белсенділері. Екінші қатарда солдан үшінші отырған – Хасен Қожахмет, бесінші отырған – Аманжол Нәлібаев. Алматы, 1990 жыл. Қалдыбай Әбеновтің жеке архивіндегі суретті ұсынған – Ерлан Декелбаев.

"Желтоқсан" ұйымының тең төрағалары Хасен Қожахмет пен Аманжол Нәлібаев 1990 жылы Азаттық радиосына берген кеңейтілген сұхбатының жалғасында елдегі әлеуметтік ахуалды, экономикалық қиындықтарды және ұлтаралық қатынас мәселелерін талқылаған.

Қазақстан тәуелсіздік алар қарсаңдағы елдегі демократиялық қозғалыстың ішінде "Желтоқсан" қоғамдық бірлестігі жиі аталады. 1990 жылғы қараша айында Азаттық радиосының Алматыдағы алғашқы тілшісі Қиял Сабдалин осы ұйымның тең төрағалары Хасен Қожахмет пен Аманжол Нәлібаевтан елдегі демократия жайлы кеңейтілген сұхбат алған.

Жәнібеков айыптаған, Нұрқаділов алаңдаған "митингілік демократия"
please wait

No media source currently available

0:00 0:36:42 0:00

САҚА ДИССИДЕНТ, ҚАЙТПАС КҮРЕСКЕР

Азаттық радиосына сұхбат берген осы ұйымның тең төрағалары кім болған?

Хасен Қожахметтің мамандығы – композитор. Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесінің және Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі. 1970-жылдардағы Қазақстандағы диссиденттік қозғалыстың өкілі болды. Совет Одағы мен компартияның ұлттарды кемсітетін саясатын әшкерелейтін мақалалар мен үнпарақтар таратқан. "Жас қазақ" атты астыртын ұйым құрған.

Диссидент, композитор Хасен Қожахмет Арқалық түрмесінде. Қазан, 1988 жыл. "Қазақтелефильм" түсірген "Версия" деректі фильмінен скриншот.
Диссидент, композитор Хасен Қожахмет Арқалық түрмесінде. Қазан, 1988 жыл. "Қазақтелефильм" түсірген "Версия" деректі фильмінен скриншот.

1977 жылы Алматыда студенттерге үнпарақ таратқаны үшін тұтқындалып, 2 жылға түрмеге қамалды. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін 4 жылға сотталды. Кейін ақталды. Тәуелсіздік қарсаңында "Желтоқсан" қоғамдық бірлестігін құрды. Қазақстанның "Азат" азаматтық қозғалысының төрағасы болды.

1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан халқы тарихта тұңғыш рет төте дауыс беру жолымен ел президентін сайлайтын болды. Хасен Қожахмет коммунистік режим кезінен бері осы қызметте отырған Нұрсұлтан Назарбаевқа балама кандидат ретінде сайлауға түсетінін жариялағанымен, кандидат болып тіркелуге бөлінген уақыттың аздығынан қажет қол санын жинап үлгермеген. Кейін Алматыдағы республикалық халық аспаптары мұражайының директоры қызметін атқарды. Қазір жеке зерттеу, шығармашылықпен айналысады.

"ЖЕЛТОҚСАНДЫ" МОЙЫНДАТҚАН ҚАЙРАТКЕР

"Желтоқсан" қоғамдық бірлестігінің тағы бір тең төрағасы Аманжол Нәлібаев совет милициясының бұрынғы офицері, шені – капитан. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін 5 жылға сотталған. Оған "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып тағылған. Түрмеден екі жылдан кейін босап шыққан ол Мұхтар Шаханов басқаратын Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясында белсенді қызмет атқарды.

Аманжол Нәлібаев. Сурет Ерлан Декелбаевтан алынды.
Аманжол Нәлібаев. Сурет Ерлан Декелбаевтан алынды.

1989 жылы Хасен Қожахметпен бірге "Желтоқсан" қоғамдық бірлестігін құрып, тең төраға болды.

Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін қуғын көріп, сотталған адамдардың басын біріктірген қоғамдық ұйымға жетекшілік еткен Нәлібаев пен серіктері 1993 жылы биліктен "желтоқсандықтарды" ресми түрде жаппай саяси-қуғын сүргін құрбаны деп тануды талап еткен. Белсенділердің 45 күнге жалғасқан аштық акциясынан кейін билік бұл талапты орындауға мәжбүр болды. Бұл – Қазақстандағы тұңғыш жаппай саяси аштық жариялау акциясы еді.

1989 жылы құрылған "Желтоқсан" қоғамдық бірлестігі 2005 жылы "Желтоқсан" республикалық қоғамдық-патриоттық қозғалысы болып қайта құрылды. Аманжол Нәлібаев қозғалыстың үш тең төрағасының бірі болып сайланды. Ол Қалдыбай Әбеновтің Желтоқсан оқиғасы туралы "Аллажар" фильмінде өз рөлін өзі сомдаған.

Аманжол Нәлібаев 2010 жылы 67 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

ОРТАҚ КЕҢЕСТЕН ОҢАША ӘРЕКЕТ АРТЫҚ ПА?

Қазақстан тәуелсіздігін жариялар қарсаңда қоғамдық ұйымдарды билік "бейресми ұйымдар", "ресми емес құрама", "неформалдар" деп атайтын еді. Солардың арасында үйлесімді әрекет пен бірліктің болмауын Азаттыққа сұхбатында Аманжол Нәлібаев былай түсіндірген еді:

– "Желтоқсан" ұйымы басқа да қоғамдық ұйымдармен арадағы жұмысты үйлестіретін ортақ кеңес құруды ұсынған. Бұл кеңес ұйымдардың ішкі жұмысына араласпайды. Мысалы, біздің "Ақиқат" деген ұйымымыз мәдениет және спорт мәселелерімен айналысады. "Азамат" дегені ұйым – комсомолға оппозиция. Жер мәселесін көтеріп жүрген "Тамшы" ұйымы бар. Ал "Алтын бесік" деген ұйым тұрғын үйлер салады. Осы ұйымдардың басшыларына барып, басымызды ортақ ұйым аясында қосайық десек, арада "Желтоқсан" ұйымы осы нысандар жұмысына араласады деп қауіптенетін сияқты. Осының бәріне қарамастан "Желтоқсан" олармен бірлесіп ортақ кеңес құру жөнінде мәмілені жалғастырып келеді.

Қазақ ССР жоғарғы советінің бір топ депутаты Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп аштық жариялаған белсенділермен кездесіп тұр. Алматы. Мамыр, 1990 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорындағы фото.
Қазақ ССР жоғарғы советінің бір топ депутаты Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп аштық жариялаған белсенділермен кездесіп тұр. Алматы. Мамыр, 1990 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорындағы фото.

Нәлібаевтың айтқанынан, белсенділер әрбір акциядан соң биліктен соққы алған сайын, өз арасында бірлік нығаяды деген сенімде болғаны байқалады. Алайда бұл ниет ақталмаған.

– "Ақсай" ықшамауданындағы 61-64 үйлерге 82 отбасы кірген. Оның алдында Морис Терез көшесіндегі 152 үйге 42-50 отбасы кіріп алды. Олардың бұл әрекеті – заңсыз. Алайда өздерінің мүшкіл жағдайына назар аударту үшін олар осыған барып отыр. Бірақ соларды милиция үйден зорлық-зомбылық жасап қуып шықты. Алдыңғы заңсыздықтан бұл заңсыздық асып түсті. Милиция өктемдік көрсетіп, бала-шағаны сабап, кемпір-шалын лақтырып, үйден қуып шығады. Осындай қысылтаяң кезде "Желтоқсан" басқа да талай ұйымдарға барып, биліктің әрекетіне бірігіп қарсы тұрайық дегенде, басын қосу қиын болды. Соның салдарынан 14 қарашада қалалық советтің қаулысы шығып отыр, – деген еді Аманжол Нәлібаев 1990 жылы Азаттық радиосына.

ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАРДЫ ҚАҚПАЛДАҒАН ҚАУЛЫ

Алматы қалалық советінің V сессиясы 1990 жылғы 3 қарашада қабылдап, 14 қарашада баспасөзге жарияланған "Алматы қаласында қоғамдық-саяси ахуалды қалыпқа келтіру жөніндегі қосымша шаралар туралы" дейтін қаулыда осы ұйымдар да аталды.

"Алматы қаласында қоғамдық-саяси ахуалды қалыпқа келтірудің қосымша шаралары туралы" қаулы. "Вечерняя Алма-Ата" газеті, 14 қараша, 1990 жыл.
"Алматы қаласында қоғамдық-саяси ахуалды қалыпқа келтірудің қосымша шаралары туралы" қаулы. "Вечерняя Алма-Ата" газеті, 14 қараша, 1990 жыл.

Қалалық советтің шешімінде кейінгі кездері қалада митингілер мен наразылық шаралары жиілеп кеткені айтылған. Мәліметке қарасақ, 1990 жылдың қазан айында ғана акциялар кезінде "қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге" мыңнан астам милиция қызметкері мен 30-ға жуық автокөлік жұмылдырылған.

Қаулыда мынандай есеп келтірілген.

"Азат", "Желтоқсан", "Шаңырақ", "Единство" және тіркелмеген "Алаш", "Азамат", "Тамшы", "Бірлік", "Алтын бесік" және тағы да басқа қоғамдық бірлестіктердің мүшелері "правоға қарсы әрекеттерге барып", 60-тан аса түрлі акция өткізіп, 6 рет "өз беттерінше" жер басып алған. 6 рет тұрғын үйлерге "өз беттерімен" басып кірген. 18 рұқсат етілмеген митингі өткізген. Мемлекеттік органдардың алдында 3 аштық акциясы, 26 пикет өткізілген.

Осындай наразылық шараларынан кейін қалалық советтің араласуымен қоғамдық ұйымдармен Азаматтық келісім кеңесін құру жөнінде айтылған. 30-дан аса ұйыммен мәмілеге келгеннен кейін митингілер мен шерулерді уақытша тоқтата тұру туралы хат жазылған. Қаулыда прокуратура органдарының ұлтаралық араздыққа, саяси жүйені күшпен құлатуға, ел территориясының тұтастығына нұқсан келтіретін әрекеттерге баса назар аударуы керектігі атап көрсетілген. Соңғы тармағында "Тұрғын үйлерді, басқа да қоғамдық, мемлекеттік және жеке мүліктерді өз бетінше басып алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырған заңдарға қосымшалар қабылдау жөнінде Қазақ ССР Жоғарғы советіне ұсыныс жасалсын", – деп жазылған.

ЗАМАНБЕК НҰРҚАДІЛОВ НЕГЕ АЛАҢДАДЫ?

14 қарашада "Вечерняя Алма-Ата" газетінде сол кездегі Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы, Қазақ ССР халық депутаты Заманбек Нұрқаділовтің "Ауыр шешімдердің уақыты келді" деген мақаласы жарық көрді.

Заманбек Нұрқаділовтің Алматыдағы қоғамдық тәртіпті реттеу туралы мақаласы. "Вечерняя Алма-Ата" газеті, 14 қараша, 1990 жыл.
Заманбек Нұрқаділовтің Алматыдағы қоғамдық тәртіпті реттеу туралы мақаласы. "Вечерняя Алма-Ата" газеті, 14 қараша, 1990 жыл.

"Таяуда пайда болған, ресми тіркелмеген "Бірлік" ұйымы алғашқы күндерден-ақ Тұрғын үй кодексін бұзып аты шықты. Ұйым Ақсай-3А ықшамауданындағы италиялық мамандар уақытша тұрады деп әзірленген үш тұрғын үйді басып алды. "Бірлік" мүшелерінің басып алу әрекетін еш ақтауға келмейді. Тіпті олардың көп жыл бойы үй алудан босқа дәмеленіп келе жатқанын негізгі дәйек етсе де бұнысы қисынсыз. Басып алушылардың осы акциясын қалалық советтің депутаты Ж. Сабраиымов басқарғанын білгенде әшкере заңсыздықтың қаншалықты терең екенін түсінесің", – деген қала басшысы қалалық кеңестің кезектен тыс өткен мәжілісінде осы ұйым мен аталған депутаттың әрекеті айыпталғанын айтқан.

"Заңсыз кіріп алған үйден 84 отбасыны дереу қуып шығаруға бір ауыздан дауыс беріп, депутаттар дұрыс жасап отыр" деген Заманбек Нұрқаділов биліктің оларды қалай қуып шыққанын айтпаған. Алматы басшысы мақаласында "өз басым "Азат", "Единство" сияқты бейресми ұйымдар, тіркелмеген "Алаш", "Алтын бесік" сияқты ұйымдардың әрекеттеріне қарап отырып, олардың қалай болғанда да ультиматум қоюға және қысым көрсетуге арқа сүйейтініне бірнеше мәрте көз жеткіздім", – деп жазған.

Ал "Желтоқсан" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Нәлібаев осы ұйымдардың дені әлеуметтік мәселемен айналысатынын, тек "Алаш", "Азат" және "Желтоқсан" қоғамдық бірлестігінің ғана саяси талаптар қоятынын атап айтқан. Ол "Единство" ұйымы ұлттық мәселелерді көтеріп жүрген "Азат" және "Алаш" ұйымдарына қарсы әрекетімен танылып отырғанына назар аударған. Ол "Единство" ұйымы ұлтаралық қақтығысқа шақыратын үнпарақтар таратса да, оларды жауапқа тарту, жазалау жетіспей жатыр деп биліктің атына сын айтқан.

Алматы қаласының басшысы Заманбек Нұрқаділов қалалық газеттегі мақаласында осы ұйымды атап өткен.

"Біз "Единство" ұлтаралық келісім қозғалысы деген әйдік атауды иеленіп отырған, алайда іс жүзінде алматылықтарды алдап, көп адамдарды адастырып отырған ұйымның үгіт-насихат сүреңіне де айтарлықтай алаңдап отырмыз" деген Нұрқаділов. Оның сөзіне қарағанда, "Единство" ұйымы таратқан үнпарақтардан "кәсіби тәжірибесі жоқ адамдардың" аймақтардан Алматыға қоныс аударуы оларды шошытып отырғаны байқалады.

Айтылған үнпарақтағы орысша мәтіннің бірінде былай жазылған: "Бейбітшілікті қымбат көретін алматылықтар! Елдегі жағдайды тұрақсыздандыру үшін біздің қаламыз Алматы таңдап алынған. Егер біз өз-өзімізді қорғамасақ, біздің орнымызға ешкім ештеңе істемейді". Ал қала басшысы Заманбек Нұрқаділов мақаласында "Единство" ұйымының осы үнпарақтарына да тоқталып, олардың әрекетін "салақ жасырылған шовинизм" деп атап, қалалық атқару комитеті бейресми ұйымдар арасында пайда болған "ұлтшылдық пен ұлыдержавалық амбицияны" қатаң айыптайды деп мәлімдеген.

Осы арада "Желтоқсан" қоғамдық бірлестігі басшылары биліктің әрекетіне сыни баға берген.

"Күрес өте қиын. Парламент пен президенттің сөзіне қарасаң, жөнді жолда келе жатқан сияқты. Бірақ әрекетіне қарасаң, адамды ренжітеді, шошуға дейін барасың", – деген Аманжол Нәлібаев.

ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ МІНЕГЕН "ЭКСТРЕМИСТЕР"

Сайып келгенде, Алматы қалалық советінің қаулысы содан тура бір жыл бұрын өткен Қазақстан компартиясы орталық комитетінің 17-пленумынан бастау алатыны байқалады.

Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан компартиясының 17-пленумында жасаған баяндаманың мәтіні. "Лениншіл жас" газеті, 14 қараша, 1989 жыл.
Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан компартиясының 17-пленумында жасаған баяндаманың мәтіні. "Лениншіл жас" газеті, 14 қараша, 1989 жыл.

1989 жылғы 13 қарашада Қазақстан компартиясы орталық комитетінің 17-пленумында баяндама жасаған Орталық комитет хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков қайсыбір қоғамдық ұйымның атын атамай, оған экстремистік сипат беріп өтеді.

Жәнібековтің баяндамасы "Республика партия ұйымында идеологиялық жұмысты қайта құрудың барысы және оның тиімділігін арттыру жөніндегі міндеттер туралы" деп аталады.

Баяндама авторы сол кездегі Қазақстан қоғамында қалыптасқан үдерістергі шолу жасап, ұсыныстарын айтқан. Мәселен, қоғамдық ұйымдар туралы "олармен байланысты үзу кешірілмес күнә болар еді" деген. Сондайда Өзбекәлі Жәнібеков биліктің "Невада-Семей" антиядролық қозғалысымен "тығыз байланысын" үлгі ретінде ұсынғаны "Азаттық толқынында" подкасының алдыңғы эпизодында айтылған.

Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы баяндамасында қоғамдық ұйымдарға мін таққан.

"Бүгінгі таңда жұрттың бәрін дерлік толғандырып отырған маңызды мәселе – қоғамдық құрылымдармен жұмыс жүргізу. Ашығын айтайық, олардың кейбіреулері тарапынан біздің өткенімізді "сүмірейте сөгу", қазіргімізді жерге соға "сынау" індеті халықтың, коммунистердің жекелеген бөлігінің ойын астан-кестең етіп, алалық туғызып отыр. Қайта құру жолындағы осы бір "күрескерлердің" кейбіреулерінің партия органдарын даттап, соншалықты жөнсіз таққан айдарларынан біздің ең арсыз деген идеялық қарсыластарымыздың өзі аулақ болған еді", – деген Өзбекәлі Жәнібеков.

Ол қоғамдық ұйымдардың әрекетін "талапкер белсенділік" деп атап, баяндамасында олардың кейбірін айыптай сөйлеген.

"Тарихшылар әртүрлі әлеуметтік өзгеріс кезеңдеріне әрқашан талапкер белсенділіктің "дүмпулері" тән болғанын және ешқашанда "ащы көбіксіз" өтпегенін атап айтады. Қазіргі "митингілік демократия" толқынында пайда болған ресми емес, экстремистік пиғылдағы бірлестіктерді, сірә нақ солардың қатарына жатқызған жөн болар", – деген Өзбекәлі Жәнібеков.

"АЙМАҚТАҒЫ ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫН КӨРСЕҢ, ШОШИСЫҢ"

1990 жылы қараша айында Азаттық тілшісі Қиял Сабдалинге берген сұхбатында "Желтоқсан" қоғамдық бірлестігінің тең төрағалары сол кездегі экономиканың жайына да тоқталған. Аманжол Нәлібаев сол жылдары Совет одағы Қазақстанда 29 зауыт салғалы отырғанын айтқан. Ал нарықтық экономикаға Қазақстан дайын ба еді?

"Желтоқсан" қоғамдық ұйымы жетекшілерінің бірі Аманжол Нәлібаев. Видеодан скриншот.
"Желтоқсан" қоғамдық ұйымы жетекшілерінің бірі Аманжол Нәлібаев. Видеодан скриншот.

Аманжол Нәлібаев осы зауыттар салына қалса, оған жұмысшы күші сырттан әкелінеді деп алаңдаушылық білдірген. Хасен Қожахмет ондайда сырттан келетіндер Ресейден ағылып, елдегі демографияға әсер етіп, қазақ тілі мен мәдениеті ескерілмей қала ма деп қауіптенетінін айтқан.

Нәлібаев Қазақстан қаржысы барды одан сайын байытып, қаржысы жоқты одан сайын кедейлендіруі мүмкін нарықтық экономикаға дайын емес деп, сөзіне дәлел келтірген.

"Аймақтағы халықтың жағдайын көріп шошып кетесің. Олар нарықтық экономикада жағдайын көтере алмайды. Ақша кімнің қолында болса, сол адам байи түседі. Экономиканы қолға ұстағандар дегенін істетеді", – деген Нәлібаев Қазақстан қоғамында әлеуметтік теңсіздік орнағанын айтқан.

ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАС ЖӘНЕ "ҚИЯНАТШЫЛ АППАРАТ"

"Желтоқсан" қоғамдық бірлестігі басшыларының 1990 жылы Азаттыққа берген сұхбатында ұлтаралық қатынас мәселесі де сөз болған. Кезінде Совет одағының ұлтаралық қатынас саясатын сынап, қудалауға түскен Хасен Қожахмет өз түйгенін бөліскен.

"Мәскеу жүргізіп отырған ұлтаралық қатынас саясаты ұлттарды жақындастырмайды, қайта шиеленестіре түседі", – деген Қожахмет халық билікке қарсы шықпау үшін Мәскеу ұлттарды бір-біріне қарсы қойған деп есептейді.

Азаттық радиосы Қазақ қызметінің директоры Хасен Оралтайдың (ортада тұр) Қазақстанға алғашқы сапары. Үстіңгі қатарда солдан үшінші тұрған – Хасен Қожахмет. Алматы, 1991 жылғы маусым. Хасен Оралтайдың жеке қорындағы сурет.
Азаттық радиосы Қазақ қызметінің директоры Хасен Оралтайдың (ортада тұр) Қазақстанға алғашқы сапары. Үстіңгі қатарда солдан үшінші тұрған – Хасен Қожахмет. Алматы, 1991 жылғы маусым. Хасен Оралтайдың жеке қорындағы сурет.

"Біз бірдеңе істейік десек, басқа ұлттар сезіктене қарайды. Олар қазақтар осы ұлтшыл болып бара жатқан жоқ па, бізге тиісейін деп отыр ма деп қауіптенеді. Олар бірдеңе істесе, біз сезіктене қараймыз. Біз бір-бірімізбен тайталасып отырған кезде, қиянатшыл аппарат өз білгенін істейді. Қазақстан болашақта өзі жеке мемлекет болған жағдайда біз мұны басқаша шешер едік. "Желтоқсанды" ұлттық-демократиялық партия деп жүрміз ғой. Бірақ біреулер бізді тек қазақтың мүддесін ғана көздейді деп түсінетін шығар. Ал біз Қазақстандағы жалпы ұлттардың демократиясын жақтаймыз. Әрине, алдымен қазақ ұлтының мәселесі шешілмей, өзге ұлттардың да мәселесі шешілмейді. Қазір біздің қолымызда билік жоқ. Билік Мәскеуде отыр. Бірақ бұл мәселе Қазақстан болашақта бостандық алса, шешілер деп білеміз", – деген 1990 жылы Азаттыққа берген сұхбатында Хасен Қожахмет.

Оның пікірінше, ұлтаралық қатынаста өзара сенімнің болмауы Мәскеу саясатына қолайлы. Сол кезде Совет одағы шегінде көрініс бере бастаған ұлтаралық қақтығыстарды да Хасен Қожахмет Кремльдің қате саясатының салдары деп сипаттаған.

Осы мақалада қысқартылып берілген жайттар "Азаттық толқынында» аудиоподкасында толығырақ баяндалды. Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG