Accessibility links

Спорт: Қиындықты жеңген қаһармандар


Азаттықтың Орталық Азиядағы бес қызметі "Спорт: Қиындықты жеңген қаһармандар" байқауын жариялайды.

Мақсаты – түрлі тосқауылға қарамастан, спортта ерекше жетістікке жеткен жандарды дәріптеу. Тағдырға мойынсұнбаған, мәдени шектеу мен керітартпа дәстүрге қарамай додаға түсіп, озып шыққан майталмандарды іздейміз.

Әлемдік додалар мен олимпиада жеңімпаздарымен қоса, паралимпиадашы немесе ауылдан шыққан спортшы да бұл қатарға ене алады. Қаһармандар тізіміне, айталық, бұзақы балаларды жинап, спортқа баулыған бапкер де, айналасындағылар қарсы болса да күреске қатысып, жүлде алған әйел де, жасына қарамастан жарысқа барып, жеңіп шыққан қарт та кіруі мүмкін.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрады:

1. Үміткерлерді жариялау

Белгілі спорт журналистерінен тұратын қазылардың және оқырмандардың көмегімен Қазақстан атынан "Қиындықты жеңген қаһарман" байқауына үміткерлер іріктеліп, жарияланады.

Атлеттердің жеңген қиындықтары, жеткен жетістіктері сипатталған материалдар Азаттықтың түрлі платформаларында жыл соңына дейін жарияланып, талқыға түседі.

2. Ел ішінде дауыс беру

Жыл соңында Азаттық оқырмандары мен спорт журналистерінен тұратын қазылар үміткерлерге дауыс беріп, "Қиындықты жеңген қаһарман" атына лайық тұлғаны таңдайды (қазылар мен оқырманның дауыстары 50/50 болып теңдей бөлінеді). Жеңімпаздың өмір жолын паш ететін материал жарияланып, Азаттық онымен сұхбат құрады.

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстаннан суырылып шыққан жеңімпаздың өмір жолы туралы материалдар Азаттықтың Орталық Азиядағы басқа қызметтерінің тілдеріне аударылып, жарияланады.

3. Тікелей эфирде көрсетілетін қорытынды марапаттау

Бес елдің жеңімпаздары Орталық Азия елдерінің басын қосқан "Қиындықты жеңген қаһармандар" шарасына жиналады. Салтанатты жиынға аймақтағы белгілі спортшылар, Азат Еуропа/ Азаттық радиосы басшылығынан өкілдер қатысады. Шара тікелей эфирден көрсетіледі. Жеңімпаздарға Азат Еуропа/ Азаттық радиосынан естелік сыйлықтар табыс етіледі.

Бұл байқау Орталық Азияда спортта жетістікке жеткен майталмандарды дәріптеп қана қоймай, басқаларға да шабыт сыйлап, олардың өз кедергілерін жеңіп, биіктерді бағындыруына жол ашады деп үміттенеміз.

Бұл байқауға лайық үміткер ұсынғыңыз келсе, Азаттық радиосының azattyq@rferl.org поштасына хат жазыңыз. Ұсыныстар 2024 жылғы 25 қазанға дейін қабылданады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG