Ақтөбеден 25 шақырым жердегі Шилісай ауылында 300-ге жуық адам тұрады. Қалаға қарайтын ауылдан халыққа жер беріле бастағанына тоғыз жыл болды. Содан бері суды жалғыз құдықтан тасып ішіп, жауын-шашын болса жолсыз ауылда үйден шыға алмай қаламыз деп шағынды жергілікті халық. Балалары көрші ауылдарға қатынап оқитын жұрт көптен күткен мектеп құрылысы да бітер емес деп налиды. Азаттық тілшісі ауылдағы жағдаймен танысып қайтты.
Шилісай ауылы Ақтөбе мен Ресейдің Орск қаласын жалғайтын күре жолдың бойында орналасқан. Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданына қарасты бұл ауылда жүзге жуық отбасы тұрады. Ауылға 2016 жылы газ құбыры, келесі жылы электр желісі тартылған. Содан бері ештеңе өзгермеген.
Күре жолдан түскеннен кейін ойлы-шұңқырлы жолсыз жермен жүріп Шилісайға кірдік. Ауыл ішіндегі бірде-бір көшеге асфальт төселмеген. Алдыңғы көліктен көтерілген шаңнан айнала көрінбей кетті. Сәлден соң қиыршық тас төселген көшеге жеттік.
– Көктем мен күзде, қар қалың жауғанда қалаға қатынайтын автобус ауылдың ішіне кіре алмайды, күре жолдың бойына тоқтайды. Ондайда үйден шыға алмай отырамыз. Жедел жәрдем келсе, балшыққа батып қалады. Оны өзіміз итеріп шығарып жібереміз, – деді Шилісай тұрғыны Жадыра Қасым.
Ауылдың шығысындағы биік қырдың басынан Шилісайда үйлер шашыраңқы орналасқаны көрінеді. Ақтөбе қаласының әкімдігі осыдан тоғыз жыл бұрын жер кезегінде тұрған адамрға Шилісайдан 1200 жер учаскесін әрбіріне 10 сотықтан бөліп берген.
Жұрт әуелгіде көптен күткен жерге қолы жетіп, қаладан онша қашық емес ауылдан үй салып тұратын болдым деп шаттанғанын айтады. Оның үстіне газ бен электр желілері тартылғаннан кейін ауылдың болашағы жарқын болады деп үміттенген.
Алайда бүкіл ауылға жалғыз ғана құдық болуы, жауын-шашын бола қалса айнала түгел ми батпаққа айналатын жолсыз жер, қоғамдық көлік пен мектептің жоқтығы жұрттың өрекпіген көңілін су сепкендей басыпты.
Өмір сүруге қажет әлеуметтік мәселелердің шешілмегені себепті әлгі жер алғандардың 90 пайызы тұрғын үй құрылысын мүлде бастамаған. Ал құрылысы аяқталған я жартылай біткен үйлердің арасында сатуға қойылғандары да едәуір екені байқалады.
АУЫЗ СУДЫҢ АЗАБЫ
Мейрамбек Елеуішевтің Шилісайдан үй салып, тұрып жатқанын биыл төртінші жыл. Ауылдың өзге тұрғындары сияқты, оны да су мәселесі қинайды.
Мейрамбектің отбасы суды ауылдың ортасындағы ескі темір құдықтан тасып әкеледі. Осы құдықтан бүкіл ауыл жұрты су ішіп отыр деді ол.
Мейрамбек қысы-жазы су алатын құдық үйінен алыста екенін, әсіресе өзі жоқта су әкелу балаларына ауыр соғатынын айтты.
– Өзім 15 күн жұмыстамын. Өзім барда көлікпен, ал мен жұмысқа кеткенімде бала-шағам арбамен тасиды суды. Құдық пен үйдің арасы – 2,5 шақырым. Міне, күн салқындай бастады. Құдық басында ең болмағанда ықтасын болар күрке де жоқ. Балаларым үсіп-тоңып суды осы жерден алады, ауыр арбаға салып үйге сүйреп қайтады, – деді Мейрамбек Елеуішев.
Жұбайының жеңіл көлігіне үйіндегі бос ыдыстың бәрін тиеп, су алуға құдық басына келген Мейрамкүл Мұқәбілова өз отбасы төрт шақырымдай жердегі құдыққа күніне үш рет қатынайтынын айтты.
– Біз сияқты балалы-шағалы үйлерге су шақ келмейді, – деді Мейрамкүл.
– Ауылдағы үйлердің бәрі жалғыз құдықтан су ішіп отыр. Жаңбыр жауса ол құдыққа да жете алмай қаламыз, – деді шилісайлық Жадыра Қасым.
Қазір Шилісайдағы мыңнан астам жер учаскесінің 90-ында ғана қысы-жазы тұрып жатқан отбасылар бар. Ауыз су азабын тартып келе жатқанына он жылға жуықтаған олар осы мәселелерді шешіп беруді сұрап, Шилісай қарайтын қала әкімдігі мен облыс әкімдігіне талай рет барған. Бірақ әзірге одан нәтиже жоқ.
"ЖЕТІ АЙДА ДЕГЕНІ ОН ЖЕТІ АЙ ӨТСЕ ДЕ БІТПЕДІ"
Биыл жазда кезекті рет барған тұрғындарға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров "Шилісайға 2024 жылғы желтоқсанға дейін ауыз су беріледі" деп уәде етіпті. Бірақ Шилісайдың іргесінен салынып жатқан сумен қамту кешені құрылысындағы сылбыр қимыл ауыл халқының көңілінен шықпайды.
Шилісайға Азаттық тілшісі келгенін естіп жиырма шақты тұрғын жиналды.
Ауылдағы ең көкейкесті мәселелердің бірі – ауыз су проблемасын айтқан олар жағдайды көзбен көргенің дұрыс деп, мені құрылыс басына бастап барды. Өздері мінген 4-5 көліктің алдыңғы әйнегіне "Су, су, су!", "Шилісайға жол керек!", "Шилісайға мектеп керек!" деп талап жазылған қағаз жапсырып алыпты.
Олар жылдар бойы қордаланып, шешімін таппаған ауыз су, мектеп, автобус пен жол мәселесіне БАҚ арқылы биліктің назарын аударғысы келетінін айтты.
Біз барғанда ауыз су кешені құрылысының басында күзетшіні қоса санағанда үш адам жүр екен.
– Осында шұбырып жиі келеміз. Қашан келсек те құрылыс басында екі-үш адам ғана жүреді. Міне, жалғыз трактордың өзі тоқтап тұр. Мынау биыл желтоқсанда тапсырылатын құрылыс емес, – деген Шилісай тұрғыны Жадыра Қасымды өзге ауылдастары жан-жақтан қостады.
Су жинағыш және сорғы станциясы бар кешеннің құрылысы 2023 жылы мамырда басталыпты. Құны 1,5 млрд теңгеге жуық жоба жеті айда салынып бітуге тиіс болған. Бірақ он жеті ай өтсе де құрылыс әлі аяқталмай созылып кетті деп шағынды тұрғындар.
– Су тартатын ұңғыма салынатын жер жеке тұлғаның иелігінде болып шықты. Ол құрылысты бастауға рұқсат бермей қойды. Қала халқына қажет учаскені мемлекет иелігіне қайтарып алу жұмысы біраз уақытқа созылды. Қайтарып алынды. Осыған байланысты жұмыс уақытша тоқтап қалды. Мердігер жыл аяғына дейін тапсыруға тиіс, – деп түсіндірді кейін Ақтөбе қаласының әкімдігі өкілдері Азаттыққа.
"БАЛАЛАРЫМЫЗ ҮЙІРМЕ ДЕГЕНДІ БІЛМЕЙ ӨСТІ"
Шилісай ауылында мектеп жасындағы 101 бала бар. Олар көршілес Садовое, Украинка, Пригородное, Кеңес Нокин атындағы ауылдарға қатынап оқиды. Өйткені осыдан жеті жыл бұрын басталған Шилісай орта мектебінің құрылысы әлі күнге аяқталған жоқ.
Ауылға кірген кезде сырты қою қызыл түспен боялған үш қабатты үлкен ғимарат алыстан менмұндалайды. Екі мың шаршы метр жерді алып жатқан мектеп 600 оқушыға шақталып салынып жатыр.
– Мына мектеп көзімізге әбден күйік болды. Кішкентай ауылға дағарадай етіп мектеп салудың қажеті шамалы еді. Шағындау мектеп болғанда құрылысы баяғыда бітер ме еді? Осы жерге көшіп келген жылы бірінші сыныпқа барған балам биыл жетіншіге көшті. Пригородное ауылына мектеп автобусымен қатынап оқиды. Мектеп жасындағы үш баламның ешқайсысы туғалы үйірме көрмеген. Тіл үйреніп, спортпен айналысқанын қалаймын. Бірақ 25 шақырым жердегі Ақтөбеге қайдан тасисың? – деп ренішін айтты ауыл тұрғыны Динара Бақытжанова.
Жеті баланың анасы Динара Бақытжанова ұл-қыздары үйірме ғана емес, балабақша да көрмей өсіп жатқанын қынжыла айтты.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы құрылысы аяқталған соң жаңа мектептің бір бөлігі балабақша, тағы бір бөлігі түзету тобына берілетінін айтады. Басқарма есебінше, мектеп құрылысы 2024 жылдың аяғына дейін бітуге тиіс.
Ауыл халқы Шилісай мектебінің құрылысы басталған жеті жыл мен ауыз су құбыры тартыла бастаған екі жыл аралығында шенеуніктердің құрғақ уәдесіне әбден тойдық деп отыр. Әрі ауыз суы жоқ ауыл мектебінің жуық арада ашыла қоярына да күмәнмен қарайды.
– Сонда бұл қалай? Шилісайдың суы да, мектебі де, халқы да біреулердің жемтігі ме сонда?! Олай болмаса, жұмыс нәтижесін қашан, қай уақытта көреміз? – деп ашуланды ауыл ақсақалы Төлеу Шектібаев.
Мектепті салып жатқаy "НСК Строй баланс" компаниясының директоры Батырхан Болатов "құрылыстың 90 пайызы дайын" деп ауыл адамдарын сендіруге тырысты. Оның айтуынша, "НСК Строй баланс" компаниясы Шилісайдағы мектепке 2021 жылдың аяғында, пандемиядан кейін келген. Ол кезде мектеп ғимаратының қабырғалары ғана тұрған еді деді компания басшысы.
– Пандемиядан соң құрылыс материалдары күрт қымбаттап кетті. Жоба-сметалық құжаттарға түзету жасау керек болды. Оған бір жылға жуық уақыт кетті. Кейін бюджеттен қаржы бөлініп болмады. Мойныма жауапкершілік алғаннан кейін өз қаржымнан 150 млн теңге жұмсадым. Біз келгенде мектептің төрт қабырғасы ғана бар еді. Бізге дейінгі компания бюджеттің жартысын яғни, 700 млн теңгені игерген болып шықты. Биыл коммуникациялардың бәрін тартып қойдық. Алдағы аптада бюджеттен тағы 35 млн теңге түсуі керек, – деді Батырхан Болатов.
Компанияның есепшотына қаржы уақтылы түскен жағдайда кәсіпкер мектеп құрылысының бір бөлігін жаңа жылға дейін тапсырмақ ойы бар. Айтуынша, салынып бітпеген құрылыстың жарығы, жылуы мен күзеті үшін айына 3-4 млн теңге жұмсап отыр. "Бұл – сметаға енбеген қаржы. Сондықтан құрылысты созу маған да тиімсіз" деп түсіндірді ол кезекті уәдеге күмән келтірген тұрғындарға.
– Шилісай облыс орталығы Ақтөбеден небәрі 25 шақырым жерде. Бірақ қой ауылда тұрып жатқан сияқтымыз. Мектептің сиқы мынау, судың сиқы анау. Жол туралы тіпті армандауды да қойдық. Халықты ойлайтын біреу бар ма өзі? Жоғарыдағы басшылардың не ойы бар?! – деді Шилісай тұрғыны Мейрамбек Елеуішев өкпе-ренішін айтып.
Оны қостай жөнелген жұрт басшылардың кабинетіне барудан да, таусылмайтын уәдеден де жалыққанын айтып, шулап кетті. Ауыл тұрғындары Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың өзі Шилісайға келіп, жағдайды көзімен көріп, жағдайды шешсін деген талап айтты. "Егер билік талабымызды орындамаса, наразылық білдіріп шығудан басқа амалымыз қалмады" десті олар.
ПІКІРЛЕР