"Украина үшін әрі сынақ, әрі мүмкіндік болмақ"
Мәскеудің басқыншылық соғысында Ресей әскерінен қорғанған Украина АҚШ-тың әскери және қаржылай қолдауына арқа сүйеп келген. Сол себепті АҚШ-тағы президент сайлауын Киев те мұқият бақылап отыр.
Осыған дейін Дональд Трамп АҚШ-тың Украинаға көмегін даулап, жүктің бір бөлігін Еуропа көтеруге тиіс деген. Ол сондай-ақ соғысты дереу аяқтайтынын мәлімдеген, бірақ оны қалай жүзеге асыратынын нақтыламаған.
Украина парламентіндегі халықаралық істер комитетінің жетекшісі Александр Мережко Азаттыққа берген сұхбатында Трамптың жеңісі Украина үшін "әрі сынақ, әрі мүмкіндік" екенін айтқан.
"Трамп өз түсінігіндегі АҚШ мүддесін нұсқаулық етпек. Демек біз Украинаға көмектесу АҚШ мүддесіне жататынын дәлелдеуіміз қажет" деді Мережко.
Мережконың айтуынша, Украина бұрынғы президенттің Ақ үйге оралуына дайындала беруі керек. Бірақ ол Трамптың Украина жөнінде саясаты әлі анық емес дейді.
"Мысалы, ол ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшіні тағайындағанда, көп мәселе анықтала түседі. Трамптың айналасында АҚШ-тың Украина жөнінде саясаты жөнінде көзқарасы әртүрлі адамдар бар. Олардың арасында АҚШ Украинаны не себепті қолдай беру керегін түсінетіндер бар" деді ол.
Украина президенті Владимир Зеленский Трампты құттықтады
Украина президенті Владимир Зеленский Дональд Трампты "тамсанарлық жеңісімен" жеңісімен құттықтап, қыркүйектегі кездесуін еске алды.
"Мен президент Трамптың ғаламдық мәселелерде «бейбітшілікті күшпен орнату» тәсілін бағалаймын. Дәл осы қағида Украинадағы бейбітшілікті іс жүзінде жақындата алады. Біз оны бірге жүзеге асырамыз деп үміттенемін» деді Зеленский қос партияның қолдауына да сенетінін мәлімдеп.
Трампты Грузия президенті де құттықтады
Грузия президенті Саломе Зурабишвили Дональд Трампты жеңісімен құттықтады.
"Құрметті президент, жеңісіңіз құтты болсын! "Стратегиялық әріптестеріңіз әрі 33 жылдан бергі достарыңыз" қазір Еуро-Атлантика интеграциясына, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа және біздің еркіндігіміз бен тәуелсіздігімізді қорғауға бұрынғыдан да қатты мұқтаж" деп жазды ол Х-тегі парақшасында.
Трампты құттықтаушылар қатарына Румыния президенті қосылды
"Сайланған президент Дональд Трампты жеңісімен құттықтаймын. Румыния – АҚШ-тың қуатты әрі адал стратегиялық одақтасы. Румын-АҚШ ортақ қимылдарымыз арқылы осы екі елдің ішінде және сыртта ортақ мүдделерімізді қорғай отырып, бейбітшілік пен өркендеуге қол жеткіземіз" деді Румыния президенті Клаус Йоханнис.
ПІКІРЛЕР