Ұлыбританиялық «The Economist» журналының жанындағы «Экономистің» барлау тобы» (The Economist Intelligence Unit -EIU) Қазақстанның алдағы бес жылдағы саяси-экономикалық ахуалына осындай болжам жасады. «Экономистің» барлау тобы» (ЭБТ) - алпыс жылдан бері әлемнің әр еліндегі бизнес ахуалы, экономикалық жағдай, саяси өзгерістер туралы талдау әзірлеу болжам жасаумен айналысатын сарапшылар тобы.
«НАЗАРБАЕВ БИЛІГІНЕ ТӨНГЕН ҚАУІП БҰЛТЫ СЕЙІЛЕДІ»
«Назарбаев биліктен кетуді ұйғарса, оның орнына кім келеді?» деген сұрақ саяси тұрақсыздыққа негіз болып тұр. 2007 жылдың ортасынан бергі ауыс-түйістер бұл сұрақтың әлі де жауапсыз қала беретінін аңғартты», - деп жазады сарапшылар. Рахат Әлиевтің шетел асуы, экономикалық дағдарыс кезінде банктердің жекешеленуі, парламент пен үкіметтің президентке құлай берілген адамдардан жасақталуы – осының бәрі билікті бір қолға шоғырландыру процесі аяқталмағанын, дегенмен Н.Назарбаев билігіне төнген қауіп бұлтының біршама сейілгенін айғақтайды.
Экономикалық қиындық кесірінен әлеуметтік қарсылық күшейеді деген болжамдар негізсіз болып шықты.
ЭБТ мамандарының топшылауына қарағанда, дағдарыс кезінде президенттің билігіне біраз қатер төнген тұста әлеуметтік салаға ақшаны көбірек жұмсау арқылы үкімет бұл қатердің бетін қайтарды, сөйтіп 2009 жылдың ортасынан бері жағдай оңалды.
«Экономикалық қиындық кесірінен әлеуметтік қарсылық күшейеді деген болжамдар негізсіз болып шықты. Дағдарыстың алдындағы кезеңдегідей қарқынды болмағанымен, алдағы бірнеше жылда елде экономикалық өсім жалғасады. Бұл Назарбаевқа қалыптасқан билік тетіктерін ұстап тұруы үшін жеткілікті», - дейді сарапшылар.
Десе де, жеке адамның билігін нығайтуды діттеген шаралардың бәрі бірдей сәтті шығып жатқан жоқ. Америкалық сарапшылар Қазақстанда 2008 жылдан бастап қолға алынған жемқорлықпен күрес шарасына тоқтала келе, билікке жақын элиталық топтардың бұл науқанды қарсыластарын тақ маңайынан аластау мақсаты үшін қолданып жатқанын айтады. Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің төңірегіндегі дау-дамайды соның айқын бір мысалы ретінде келтіреді.
ПАРЛАМЕНТКЕ ЕКІ ПАРТИЯ ӨТЕДІ
2012 жылы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік қызметке басым дауыспен қайта сайланады. Оған авторитарлық саяси жүйе мен көпшілік халықтың қолдауы себеп болады. Ал келесі парламентте «Нұр-Отанның» көптеген өкілдерінің арасында «Азат» ЖСДП-ның бірнеше өкілі отыруы ғажап емес. Себебі 2007 жылы қабылданған сайлау туралы заң бойынша қанша пайыз дауыс алса да, екінші орын алған партияға парламенттен орын берілуі тиіс.
2012 жылы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік қызметке басым дауыспен қайта сайланады. Оған авторитарлық саяси жүйе мен көпшілік халықтың қолдауы себеп болады.
ЭБТ сарапшыларының айтуынша, «Нұр-Отанның» адуынды күшіне қарамастан, үкімет екі ірі оппозициялық партияның бірігуінен құралған «Азат» ЖСДП-ны тіркемей отыр, сөйтіп оны «бұрынғы ЖСДП-ның тіркеу құжатымен заңсыз жұмыс істеп отыр» деп айыптауға мүмкіндік берілген. Үкімет «Азат» ЖСДП-ны тіркейтін болса, онда олар парламенттен бірнеше орын алуы мүмкін», – деп болжайды америкалық сарапшылар.
РЕСЕЙДІ РЕНЖІТПЕЙ ҚЫТАЙҒА ЖАҚЫНДАУ
Қазақстанның Қытайдың қолтығына кіре түсуіне экономикалық дағдарыс түрткі болды. Таяудағы жылдары бұл ел Қазақстанның басты энергетикалық әріптесіне айналмақ, себебі олар осы арқылы Орталық Азиядағы қара алтынға қол жеткізуге мүдделі.
Ал Қазақстан болса, экспорт амалдарын кеңейту арқылы Ресей арқылы тасымалданатын өз мұнайының транзиттік құнын түсіре алатындай жағдайға жетуді қалайды. Қытай жағы Қазақстандағы өндірістік емес салаларға көбірек араласуға ынталы. Қазақстанның Ресеймен де экономикалық қарым-қатынасы берік күйінде қалады.
ТӨРАҒАЛЫҚТАН ТАПҚАН ЕШТЕҢЕ ЖОҚ
Америкалық зерттеушілер Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аяқталмай жатып оның бағасын беріп үлгеріпті. Олардың пікірінше, төрағалық ету барысында Қазақстан басқалардың жіті бақылауында болды, дегенмен бұл оның шет елдермен қарым-қатынасына бәлендей әсер ете қойған жоқ.
Елді демократияландыру процесі де аса көп ілгерілей қоймады. «Мұндағы себеп – саяси режимнің тамырын терең жайғандығы және оппозицияның осалдығы. Басқа мемлекеттер де, ЕҚЫҰ ұйымының өзі де бұған аса ынтызар бола қоймады», - деп санайды «Экономистің» барлаушылар тобы».
ДОЛЛАР 141 ТЕҢГЕ ТҰРМАҚ
Үкімет банк секторындағы жағдайды реттеуді жалғастыра береді, әрі қаржылық тұрақтылықты сақтап тұру – күн тәртібіндегі басты мәселе болып қалады. Үкімет тіпті бұл үшін қосымша қаржы көздеріне, айталық, Халықаралық валюта қорына қайырылуды да көздеп отыруы мүмкін. «Қазақстанның бұған дейін 2009 жылы Қытайдан 10 миллиард доллар, Дүниежүзілік банктен 2 миллиард доллар қарыз алғанын және Ұлттық банк пен Ұлттық қорда 57 миллиард доллар бар екенін ескерсек, ХВҚ-дан қарыз алудың еш қажеттігі жоқ», - деп жазылған есепте.
Ұлттық қордан тек өндірісті дамыту мақсатына қаржы алуға болады және ол жалпы сомасы 8 миллиард доллардан аспауы керек. Қазірдің өзінде үкімет сол шектеулі мөшердің 80 пайызын алып қойған.
Сарапшылар әлемдегі мұнай бағасының артуы қазақ үкіметін «бюджет тапшылығынан» құтқарып, Ұлттық қорға қол сала беруді азайтады деп отыр. Оның үстіне үкіметтің салық саласындағы әрекеттері де бюджетті толтыруға жәрдемдеспек. «Ұлттық қордан тек өндірісті дамыту мақсатына қаржы алуға болады және ол жалпы сомасы 8 миллиард доллардан аспауы керек. Қазірдің өзінде үкімет сол шектеулі мөшердің 80 пайызын алып қойған. Экономикалық жағдай қалыпқа түскендіктен, алдыңғы жылдары мұнда қосымша көмекке қажеттілік бола қоймайды», - дейді сарапшылар.
Мұнайға салынатын инвестиция көлемінің артуы есебінен 2011 жылдан бастап теңгенің долларға шаққандағы құны біртіндеп нығая бастамақ. Келер жылы бір доллар 141,2 теңге тұратын болса, одан кейінгі жылдары да бұл үрдіс сақталады. Ұлттық банк мұнай өндірісіне қатысы жоқ жергілікті компанияларды шығыннан қорғау үшін теңгенің жедел күшеюіне жол бермейміз деп сендіріп отыр.
ДАМУ ДА, ҚҰЛДИЛАУ ДА МҰНАЙҒА ТӘУЕЛДІ
Былтыр жалпы ішкі өнім көлемі 1998 жылдан бергі ең төмен көрсеткішке құлдырады. Бар болғаны 1,2 пайыз өсім болды. Қазақстан биыл бұдан жоғары көрсеткіш – 5,5 пайыз дәрежесіне көтеріліп, сол межеде тоқтайды. 2011-де тіпті 4,6 пайызға кері сырғиды. Ал 2015 жылға қарай жалпы ішкі өнім көлемі 6,1 пайыз болмақ. Бұл – ресми үкімет айтып отырған болжамдардан әлдеқайда төмен көрсеткіш. Болжаушылар аса қарқынды дамуға кедергі келтіретін басты фактор - Қазақстанның өніміне (мұнайға) сыртқы сұраныстың азаюы деп отыр.
Елдегі өнеркәсіп өндірісі биылғы 9,2 пайыздан 2015 жылы 7,2 пайызға дейін құлдырайды.
Елдегі өнеркәсіп өндірісі биылғы 9,2 пайыздан 2015 жылы 7,2 пайызға дейін құлдырайды дейді АҚШ сарапшылары. Мамандар жарнамасы көп индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасынан көп үміт күтпейді. «Экономиканы әртараптандырып, оның бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған бұл бағдарлама экономикадағы мемлекеттік рөлін күшейтеді», - деп көрсетеді олар.
Ел үкіметі биылғы бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 4,6 пайызындай болады деп болжап отыр. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш 2,8 пайызға төмендеуі тиіс. Бұған мұнай экспортына салынатын салықтың екі есе өсуі және жеке табыс салығын шкала бойынша төлеу әдісінің енгізілуі сеп болмақ. Сөйтіп, 2015 жылға қарай бюджет тапшылығы өте төмен көрсеткішке жетуі бек мүмкін. Бір қызығы бұл шама шикі мұнайдың ең төменгі ықтимал бағасына (бір баррель – 65 АҚШ доллары) негізделіп алынып отыр. Қара алтын бағасы бұдан жоғары болса, әрине, табыс та бұдан жоғары болмақ.
Қазақстан үкіметі бюджеттің пошымын жасағанда мұнай бағасын ең төменгі шекпен есептейді де, бюджет тапшылығымен қоса, барлық әлеуметтік шығындарды сол қалыппен қарастырады.
Алдағы бес жылға жасалған болжам бойынша, бір баррель мұнайдың орташа бағасы 77,6 АҚШ доллары болмақ, бұл - алдыңғы бесжылдықпен салыстырғанда (75,5) біраз жоғары көрсеткіш. Мұнайға салынатын инвестиция, оның бағасының артуы – экономикалық өсімнің негізгі алғышарттары болмақ.
Қазақстан үкіметі бюджеттің пошымын жасағанда мұнай бағасын ең төменгі шекпен есептейді де, бюджет тапшылығымен қоса, барлық әлеуметтік шығындарды сол қалыппен қарастырады. Шын мәнісінде мұнай бағасы одан әлдеқайда жоғары болып шығады да, үкімет халық алдында ауызтолтырарлық жетістіктерін айтып есеп береді. Бұл жайтты да «Экономистің» барлау тобы назарынан тыс қалдырмаған.
Құжаттың толық нұсқасын мына жерден оқуға болады.