Accessibility links

Иран көп әйел алуды заңдастырмақшы


Ирандық әйел "Әділетсіз заңды өзгерту үшін миллион қол жина!" деген плакаттың қасынан өтіп барады. Тегеран, 27 тамыз 2007 жыл
Ирандық әйел "Әділетсіз заңды өзгерту үшін миллион қол жина!" деген плакаттың қасынан өтіп барады. Тегеран, 27 тамыз 2007 жыл

Иран парламенті “Отбасын қорғау туралы” заң жобасын талқылауға шығарып отыр. Ол заң қабылданса, ирандық ер азаматтарға бірінші әйелінің келісімінсіз тағы әйел алуға жол ашылады. Құқық қорғаушылар бұл заң ирандық әйелдердің құқығын аяқасты етеді деп сынап жатыр. Осы заңға 2008 жылы қарсы шыққандар түрмеге жабылды, кейбірі кепіл ақшамен шетелге кетіп қалған.



ЗАҢДЫ ҚОЛДАУШЫЛАР МЕН ҚАРСЫЛАР


«Отбасын қорғау туралы» заң жобасы деп аталғанымен, бұл жоба Иранда керісінше «Отбасына қарсы заң» деген тұрғыда көпке мәлім.

Әйелдер құқығын қорғаушы белсенділердің айтуынша алғаш рет бұл заң жобасын президент Махмуд Ахмадинежад үкіметі 2007 жылы ұсынған. Бұл заң көп әйел алуды үрдіске айналдырып, отбасының құрылымын өзгертіп, әйелдер құқығын бұзады дейді олар.

Аталған заңды қолдаушылар болса, бұл заң Ислам негіздерін қайта күшіне енгізеді деп отыр. Депутат Мохаммад Дегхан бұл заң жобасы қыздар мен әйелдер құқығын қорғайды дейді.

Ирандағы шариғат заңдары бойынша ер адамның төрт әйел алуына болады. Алайда бұл елде көп әйел алушылық кең таралмаған.

2008 жылы парламент бұл заңды қабылдамақ болғанда, құқық қорғаушы топтардың бастауымен жаппай наразылық туып, сын көбейген соң ол заң жобасы комитеттің қарауына қайта жіберілген.
Ирандық оппозицияны қолдаушы әйелдің қолында "Ер мен әйел тең" деп жазылған. 30 мамыр 2009 жыл

Сол кезде бұл әрекет әйелдер құқығын қорғаушылардың жеңісі сияқты көрінген. Енді консервативтер үстемдік құрып отырған Иран парламенті ондай қарсылықтарға тап бола қоймауы мүмкін. Себебі ол заңды қатты сынайтындардың көбісі абақтыға жабылған немесе елден тыс жерде жүр. Сын айтушылар бұл заң жобасының бастапқы нұсқасына аз ғана өзгерістер енгізілгенін, кейбір тұстарында тіпті шектеулер көбейе түскенін айтады.


ЗАҢ ЕР АДАМ ҮШІН ТИІМДІ ЖАЗЫЛҒАН...


Иранның оппозициялық тұлғасы Захра Рахнавард тамыздың 19-ында парламентке "отбасы мүддесі үшін бұл заң жобасын кері қайтарылсын" деді. Оппозиция жетекшісі Мир Хоссейн Мусавидің әйелі Рахнавардтың айтуынша, бұл заң жобасында көп әйел алушылыққа қатысты Құран қағидаттары қате қолданылып кеткен.

Заң жобасының ең дау туғызып отырған тұсы – әйел үстінен әйел алу еркектің қаржылық мүмкіндігі мен әйелдерін теңдей ұстайтын әділетті жағдайына қарай сотта реттеледі делінген.

Норвегиядағы ирандық әйелдер құқығын қорғаушы белсенді Асие Амини Фарда радиосына берген сұхбатында, заң жобасындағы 23 бапқа әйелдер құқығын шектей түсетін онға жуық қосымша түзету енгізілген деді.

Ол өзгерістерге тоқталсақ, егер ер адамның бірінші әйелі отбасы бірлігіне зиян тигізетін қандай да бір халге душар болса, жаңадан әйел ала алады. Әйелі ауру болып қалса, я үйінен алты айдай уақыт шетте жүрсе немесе бедеу болса деген толықтырулар енгізілген. Амини заң жобасындағы барлық баптар Ирандағы әйелдердің құқығын шектеуді заңмен бекітпекші деп алаңдап отыр:

«Егер отағасы бір нәрсеге тәуелді болса, онда отбасына не болады деген мәселе бар ғой. Не себепті заңда бұл жайлы айтылмай қалған. Егер ер адамның бел қабілеті, ынтықтығы болмаса, еркек үйінен кетсе, оның бала-шағасына не болады? Шындығында, бұл заң жобасындағы барлық баптар отбасындағы ер адамдар үшін тиімді жазылған».

ЗАҢ ҚАЙТАДАН ТАЛҚЫЛАУҒА ШЫҚТЫ

Иранның Нобель бейбітшілік сыйлығының иегері Ширин Ебади де 2008 жылы бұл заң жобасына қарсы күрескендердің бірі. Ол қазіргі заң жобасы ерлер мен әйелдердің ажырасудағы құқығын теңестірмейді, керісінше көп әйел алушылыққа бастап отыр дейді.

«Бұл заң әйелдердің сезімдері мен күйеулерін басқа әйелмен бөлісуге мәжбүрлейді, тіпті күйеуінен ажырасуға мүмкіндік те бермейді. Осы жағдай - ирандық әйелдердің бірігуіне түрткі болатын көріністердің бірі.»

Әйелдер құқығын қорғаушылар заң жобасының басқа да қырларына қарсы шығып отыр. Олар әйелдің қалыңмал-жасауына салық салу мен уақытша некеге біржола тыйым салудың орнына ондай некенің шарттарын ғана алған.

Бұл заңға байланысты осыған дейін наразылық танытқандар түрмеге тоғытылса, Амини мен Ебади сияқты белсенділер елден қуылған. Тағы біразы кепіл ақшамен босатылған.

Сол себепті даулы заң қайтадан парламенттің талқылауына шығып отыр дейді Теһрандағы әйелдер құқығын жақтаушы Фатиме Говараи:

«Осыдан бір жыл бұрынғы даулы президенттік сайлауға қарсы шыққандар басып-жаншылды. Иран билігі жаппай қудалау ұйымдастырды. Енді парламент пен басқа құрылымдар 2008 жылдағыдай ұйымдасқан наразылық мен қарсылық бола қоймайды деп, бұл заң жобасын қабылдауды мақсат тұтып отыр».

ИРАНДЫҚ ӘЙЕЛДЕР ҮНСІЗ ҚАЛМАЙДЫ...

Адам құқығын қорғаушы заңгер Насрин Сотоуденің пікірінше, Ирандағы немесе елден жырақта жүрген әйелдер өз құқықтарын шектейтін заңға байланысты үнсіз қалмайды:

«Соңғы жылдағы наразылық шараларында, оның ішінде сайлаудан кейінгі көшеге шыққан шерушілер қатарында ерлерден гөрі әйелдер көп болды. Егер иран билігі ойланып әрекет етсе, ирандық әйелдердің жүрегіндегі талай жылдардан бері жазылмай келе жатқан жараның аузын ашып, әйелдер ашуын тудырмас еді».

Теһрандағы әлеуметтанушы Шала Езази бұл заң жобасы Иран үкіметінің елдегі әйелдерді қатаң бақылауда ұстау үшін жасап отырған әрекеті деп біледі.
XS
SM
MD
LG