Accessibility links

«Эйр Астана» мен Алматы әуежайы арасындағы дау


Жанар май бағасының қымбаттауы «Эйр Астана» әуе компаниясы мен Алматы халықаралық әуежайы арасында дау туғызды.

Тамыздың 6-сы күні Алматы – Ақтау бағыты бойынша ұшатын ұшақ белгіленген уақыттан 2 сағатқа кешігіп жетті. «Эйр Астана» авиакомпаниясының өкілдері бұған аяқ астынан жанар-жағар маймен қамтамасыз етуден бас тартты деп, Алматы халықаралық әуежайын кінәлап отыр.
- Осының салдарынан 137 жолаушы зардап шекті. Рейстің кешігуі сондай ақ, Ақтаудан Алматыға ұшатын ұшақтың да кешігуіне алып келді, - дейді «Эйр Астана» компаниясының жедел басқару орталығының менеджері Бердіхан Агнуров.
Әуе компаниясы өкілдері Алматы әуежайының алдын-ала ескертпей, жанар май бағасын қымбаттатып жібергенін өздеріне жасалған қысым деп бағалайды.
"Эйр Астана" компаниясының президенті Питер Фостер.
- Біздің рейсті кешіктірген Алматы аэропортының жүргізіп отырған саясатымен келіспейміз. Ұшақтың сапарын кешіктіру арқылы Алматы әуежайы авиакомпанияның көтерілген тарифпен келісуге мәжбүрлеп отыр, - деді «Эйр Астана» акционерлік қоғамының президенті Питер Фостер.
Осыған дейін белгіленген келісім бойынша, «Эйр Астана» авиакомпаниясы жанар-жағар маймен өзін-өзі қамтамасыз етіп келген. Алайда, оған жанар май жеткізуші «ПетроҚазақстан» зауытында жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты, шілде айында авиакомпанияға жанар-жағар май тиісті мөлшерде жеткізілмепті. Енді керек жанар майды Алматы әуежайынан қымбат бағаға сатып алуға тура келеді дейді «Эйр Астана» компаниясының жабдықтау жөніндегі вице-президенті Галина Умарова:
- Олар бізге екі шарт қойып отыр: Алматы әуежайы бізге тек 14-тамыздан бастап күшіне енуі тиіс баға бойынша жанар май ұсынып отыр, яғни біздің ішкі әуе бағыты бойынша бір тонна үшін 161700 теңге, халықаралық әуе бағыты үшін 165200 теңге төлеуіміз қажет. Бұл өзге авикомпаниялар сатып алатын бағадан 10 пайыз, «ПетроҚазақстан» зауытынан алып жүрген жанар май бағасынан 20 пайыз және Қазақстанның өзге аэропорттарындағы бағадан 30 пайызға қымбат.
«Алматы халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының вице-президенті Александр Гордеев әуежайдың авиакомпанияға ешқандай қысым жасамағанын айтып, рейстің кешігуі авикомпанияға жанар майдың уақытында жеткізілмеуінен деп түсіндірді тамыздың 7-күні Азаттық радиосына:
- Біз авиакомпанияға 6000 тоннаға дейін жанар май сақтауына мүмкіндік берсек те, оларда үнемі бұл мөлшердегі жанар май болмайды. Сондықтан оларға біздің беруімізге тура келеді. Ал бізде жанар май мөлшері болса өте шектеулі. Олар «өзімізді-өзіміз қамтамасыз етеміз» деген соң біз «Эйр Астана» үшін жанар майға тапсырыс бермейміз. Ал бірақ, бәрі керісінше болып шығады. Оларға жетпеген жанар майды өзге авиакомпаниялардан алуға тура келеді. Жанар майдың бағасына келсек, қазіргі таңда ұшақ жанар майы бүкіл әлемде қымбаттады. Біз ұшақ жанар майының 85 пайызын Ресейден сатып аламыз. Олардан жанар майды қымбат күйде сатып алып жатқандықтан олардың бағасын қымбаттатуға тура келді.
«Эйр Астана» авикомпаниясы Қазақстанда 2002 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Аталған компания Еуропа, Азия елдері бойынша сапарлар жасайды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG