Accessibility links

Ақтөбеде «байланысы мықты» қаңғыбастар ғана қалды


Қыркүйектің 21-22 күндері Ақтөбеде өтетін қазақ-ресей шекаралас облыстарының басқосуына дайындық мәресіне жетті. Маусымнан бері қала көшелері тазаланып, жолдар жөнделіп, абыр-сабыр болған еді.

Енді міне көше тазаланып біткен соң, адамдарды «тазалау» операциясы басталды. Бұл жолы Ішкі істер қызметкерлері аса белсенділік көрсетуде. Мәселен, Н. Назарбаев пен Д. Медведев бастаған екі мемлекеттің президенттері кеңес өткізетін С. Бәйішев атындағы облыстық кітапхана ғимаратының сыртқы жөндеуі аяқталып, құрылысшылар соңғы кесектерді қалап жатыр. Жұмыс істеп жатқан әр құрылысшының жанында полицейлер тұр.

Ғимарат ішіне сырттан тасылып жатқан құрылыс материалдары қатаң бақылаудан өткізіліп барып, ішке кіргізіледі. Табалдырығынан Назарбаев пен Медведев бірге аттайды деп жоспарланған жаңа орталық мешіттің төңірегінде де әлгіндей жайттарды аңғардық. Құжынаған құрылысшылардың арасында Ішкі істер қызметкерлері күні-түні кезекте тұр. Айтпақшы, Ресей мемлекет басшысымен бірге Татарстан Президенті М. Шаймиев те Ақтөбеге келіп қайтуға ықыласты болып отыр екен.

Ақтөбе полицейлерінің тағы бір жаңалығы – қала көшелерін қаңғыбастар мен кездейсоқ адамдардан ерекше түрде тазартуға кіріскендігі.

«Қаңғыбастарды келген жағына қайтардық, - дейді қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Есен Есмаханов. - Тәжікстаннан келген кезбелерді де пойызға салып жібердік. Бұл үшін мемлекет қазынасынан арнайы қаражат бөлінді. Аудандардан келген кезбелерді ел-жұртына апарып тастадық. Ақтөбе қаласының қаңғыбастары туралы сөз басқа. Олар қайда барады? Саммит аяқталғанша, көзден тасалай тұрамыз».

Қару сататын дүкендердің жұмыстары да уақытша тоқтатылады. Қолдарында тіркелген қарулары бар жеке азаматтар суық қаруларын Ішкі істер органына апарып тапсыруға міндетті екен. 21-22 қыркүйек күндері қарумен жұмыс істейтін күзет фирмаларының қызметі де шектеледі.

Қаңғыбастарға байланысты қызық жағдай қалыптасты. Ақтөбе қаласының бас полицейі Есен Есмаханов қала көшелеріндегі қаңғыбастар саны – 200 адамнан аспайды деп айтқан еді. Біздің есебімізше, олардың саны мың адамға жетіп жығылады.

«Локомотив» кинотеатры жанындағы қоқыс жәшігінен темекі тұқылдары мен бос шөлмектерді теріп жүрген Василий есімді қаңғыбасты сөзге тарттық. Оның айтуынша, қалаға келгеніне көп болмаған әрі «нүктелерде» байланысы жоқ, күні-түні арақ ішіп, төбелесетін кезбелер ғана қаладан кетіріліп жатыр екен. Керісінше, учаскелік полицейлердің жақсы танысы, «майлы нүктелерде» бірнеше жылдан бері қоқыс жинайтындар өз орындарында қалған. Тек оларға «ала қаптарыңды арқалап, көзге түспеңдер» деген нұсқау түсіпті полицейлер тарапынан. Жергілікті кезбе Василий саммит аяқталғанша, теміржол вокзалы төңірегіндегі қоқыс жәшіктерін күніне бірнеше мәрте келіп қарай алмайтынына өкініш білдірді.

Василий Ақтөбенің маңдайалды мейрамханалары мен қонақ үйлері ресейлік қонақтарды күтіп алуға дайындалып жатқанынан да хабардар. «Сәтін салса, қалған-құтқанға қарық боламыз» дейді ол. Ол вокзалды төңіректейтін келімсек бәсекелесінің қаладан шығарылғанына өте қуанышты.
Есен Есмаханов саммит кезінде Ақтөбеге күмәнді шетелдіктердің келуіне қатаң бақылау жасалынады деп айтып қалды. Бұл жайт, әсіресе, жүріс-тұрысы күдік туғызатын жекелеген топтарға қатысты деп шегеледі. Ақтөбе елдің оңтүстігі мен батысын жалғастырып жатқан тоғыз жолдың торабында орналасқан. Әрлі-берлі ағылып жатқан адамдарды қалай тізгіндемек?

Саммит кезінде қалада көлік қозғалысы шектеліп, жергілікті тұрғындардың көліктері көшеге жіберілмейді деген ақпарат тарады. Мұнымен бір кезде, жанармай бекеттерінде жанармай сатуға тыйым салынады деп жергілікті басылымдар жарыса жазды. Іле-шала облыс әкімінің орынбасарлары ондай бұйрықтың болмағандығын айтып, ақпарат құралдары арқылы кезек-кезек ақталды. Әйтеуір, Мәскеуден қонақтар келер күн жақындаған сайын, Ақтөбеде күнде жаңалық. Әзірше, Атырау мен Оралдан 60 Ішкі істер қызметкері ақтөбелік әріптестеріне көмекке келді.
XS
SM
MD
LG