Accessibility links

Экологияға биліктің басы ауырмайды


Ақтөбе облысындағы Ілек өзені. Қазан, 2008 ж.
Ақтөбе облысындағы Ілек өзені. Қазан, 2008 ж.

Ақтөбе – Қазақстандағы ауасы ең лас бес қаланың ішінен ойып орын алады дейді жергілікті экологтар. Ауада формальдегид, азот, күкірт қышқылы жылма-жыл көбейіп келе жатқандығы соншалық, осы қауіпті газдардың жиынтығы қалыптағыдан 4 есеге ұлғайып кеткен.

Сондықтан да экологиялық қалыпсыз жағдай ауру түрлерінің көбеюіне тікелей себепші болып отыр. Қазақстандағы адам өлімінің 20 пайызы осы экологияның нашарлығынан деді экологиялық жағдайды талқылауға бас қосқан жиында биология ғылымдарының докторы, академик Андрей Корчевский.

Биыл ғана Тобыл-Торғай экология департаменті болып атауын өзгерткен мекеме жыл сайын осы уақытта облыстағы экологиялық жағдайды сараптайтын жиын өткізеді. Қоршаған ортаның ластануы жөнінде талай мәселе қозғалады да, артынша құр әңгіме күйінде қалып қояды. Айналаға зиян тигізген қандай да бір алып кәсіпорын осыған дейін жұмысын тоқтатқан емес.

Ақтөбе облысы экологиясын ең бірінші бүлдіруші кәсіпорын – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы дейді жергілікті табиғат қорғаушылар. Мұнай кәсіпорыны жиырма жылдан бері ауаға зиянды қалдықтар шығарып, Мұғалжар ауданының экологиясын құртып бітті. Бұл жақта мұнай шығаратын кеніштер және ең бастысы газ өңдейтін зауыттары орналасқан. Ауаға таралатын зиянды қалдықтардың 60 пайызын «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» лақтырады дейді жергілікті экологтар.

Экология министрлігі 2010 жылдан бастап елдегі барлық мұнай кәсіпорындарына мұнаймен бірге шығатын ілеспе газды босқа жағуға тыйым салатындығын мәлімдеді. Оның орнына төңіректегі елдімекендерге газ жүргізіп, газ өңдеуші зауыттар салуды міндеттеді.

Экология министрлігінің экологиялық тұрақтандыру және бақылау комитетінің төрағасы Мұрат Рахымбергенов қоршаған ортаға өрескел зиян келтірушімен қатаң сөйлесетіндігін тағы бір мәрте еске салғанымен, іс жүзінде жағдай басқаша қалыптасуда. Экологтардың қара тізімінде тұрған «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» кәсіпорыны 2009 жылы ауаға шығаратын қалдықтар мөлшерін 50 пайызға одан әрі ұлғайтуға дәл сол Астанадағы министрліктің рұқсатын алып келді.

Осыған дейін қытайлықтар үлесіндегі әлгі кәсіпорын ауаға рұқсат етілген мөлшерден 30 пайыз артық қалдық шығаратын. Экология министрлігінің сөзі бір бөлек те, ісі бір бөлек. Биыл мұнай өндіру көлемі былтырғыдан артық емес. Ендеше, қытайлық кәсіпорын қалдық шығаруды қандай негізге сүйеніп арттыратындығы тағы белгісіз.

Мәселенің екінші жағы бар. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» Жаңажолдағы мұнай өңдеуші зауытты жөндеп, үшінші кезектегі жаңа зауыттың құрылысын да аяқтады. Тіпті, құны 800 миллион доллар тұратын үшіншісі зауыт корпоративті көшбасшы жобасына да енді. Жергілікті билік экономиканы алға сүйреушілердің қатарына енген осы газ зауыттың арқасында ауада босқа жанып жатқан газ өңделіп, кәдеге жаратылады деп жар салды.

Кеше ғана болып өткен облыстық мәслихаттың сессиясында «СНПС-Ақтөбемұнайгаздың» қалдық шығаруды былтырғыдан екі есе арттыратындығы айтылып өтті. Алайда, ешбір депутатты осы жайт алаңдатпады, бастарын шұлғып отыра берді.

«Соңғы 8 жыл ішінде әлгі қытайлық кәсіпорын 6,33 миллиард кубометр газды ауада босқа жаққан, - дейді Тобыл-Торғай экология департаментінің бастығы Ақылбек Дадин. - Салыстырмалы түрде айтқанда, қалаға жылу беретін «Ақтөбе ТЭЦ» кәсіпорнының 20 жыл ішінде пайдаланатын мөлшерін босқа құртып жіберген».

Шикізат шығаратын қай кәсіпорын болмасын, экологиялық төлемдермен-ақ құтылғысы келеді. Сөйтеді де, экологиялық сауықтыру шараларына бас ауыртпайды. Жергілікті тұрғындардың, депутаттардың экологиялық мәселелерге селқостық танытуы да, шикізат кәсіпорындары үшін өте ыңғайлы.

Мұнымен бір кезде Мұғалжар ауданында адам өлімі жиілеп барады. Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндердің арасында жүрек-қан тамыры, демікпе аурулары күрт көбейді. Аяқ астынан жүрегі тоқтап қалып, о дүниелік болып жатқандар көбейді.

Мұнай өңдеуші зауыттар орналасқан Жаңажол елдімекені бірнеше жылдан бері күкіртпен демалып отыр. Ақтөбе мұнайы құрамында күкірт мол. Әрі тұзды қабаттың астындағы мұнайды жердің бетіне шығару үшін, қытайлықтар жер астына тұз қышқылын айдайды. Бұл ең оңай, әрі көп қаржы жұмсауды қажет етпейтін тәсіл.

Тұз қышқылының ыдырамайтын және басқаға қосылмайтын қасиетін ескерсек, жер асты су көздеріне қауіп осыдан болар деген ой да алаңдатады. Оның адам денесіне тисе, барлық мүшелерді бірден күйдіріп жіберетіні тағы бар.

Бірақ қытайлықтардың тұз қышқылымен мұнай өндіріп жатқандығы жөнінде жергілікті билік ауыз ашпайды. Қысқасы, мұнай өндіруден тапқан пайдадан гөрі, шеккен зиянның әлі қанша ұрпаққа жететіндігін көзге елестету тым қорқынышты деп отыр жергілікті экологтар.

XS
SM
MD
LG