Accessibility links

Алматыда ауа тапшылығы сезілуде


Эколог мамандар Алматы қаласындағы ауадағы оттегі құрамының сын көтермейтін деңгейге жақындап қалғандығын айтып, дабыл қағып отыр. Олар оны қаладағы көлік санының көптігімен байланыстырады.

Статистикалық талдау нәтижелерiнің қорытындысына сүйенсек, жыл өткен сайын Алматыда ауаның ластанып бара жатқандығы байқалады. Қаладағы көліктерден ғана жылына ауаға 180 мың тонна улы заттар тарайды. Мұны Алматы қаласының тұрғындары да қатты сезінуде.
Сондай алматылықтардың бірі Ерлан Рамазанов қала ауасының ластануына көліктің көптігі ғана емес, тоқтаусыз салынып жатқан құрылыс нысандары да шаш-етектен зиян келтіріп отыр деп есептейді:
- Ауаның ластануына көліктің тигізер зияны аз. Мәселен, Алматыда көлік қатынасын жақсарту үшін бірнеше жол айрықтары салынды. Көліктер газбен немесе басқа қуат көздерімен жүрсе де ауаның ластануына әсер етпейді. Мәселен Мехико, Нью-Йорк, Мәскеу сынды қалаларда 25 миллион халық тұрады. Соның өзінде оларда ауаны көлік ластап жатыр деген мәселе жоқ. Керісінше оның есесіне қаладағы құрылыс жұмыстарының дұрыс жүргізілуін қадағалау керек. Сондықтан көшенің кең болуы, үйлердің дұрыс салынуы да ауаны тазартудың дұрыс жолға қойылуының бірден-бір себебі.
Ал, біз әңгімеге тартқан Бекболат есімді көлік жүргізушісі болса Алматы көшелерінде күніне 600 мың автокөлік жүретіндігін айтып, ауаның ластануын солардың көптігімен байланыстырды:
- Көктөбенің үстіне шығып қарайтын болсаңыз, Алматы көк түтіннен көрінбейді. Қарағанды т.б. қалалар сияқты бұл жерде көмір шығаратын зауыт жоқ. Бұның өзі көліктің көптігінен деп жатыр ғой. Баяғыда біз Алматының көшелерімен жүргенде көлік саны аз болатын, баратын жерімізге тез жететінбіз. Қазір қаладағы көліктер табындағы сиыр сияқты бір-біріне жанасып, сүйкеніп жүреді. Мен өзім адам тасумен айналысам. Ерте шығам деп ойлаймын, бірақ таңғы сағат 6- да шықсаңыз да кептемеге ұрынасыз.
Көлік жүргізушісі Бекболаттың пікірін эколог-маман Мэлс Елеусізов те қоштап отыр:
- Алматының жолдары көп көліктің жүруіне лайықты етіп жасалынбаған. Қаланың 700 мың адамды ғана сыйғыза алатын мүмкіншілігі бар. Қазір 2 миллионға жетіп қалды. Қазір осы мәселелерді шешпесек, болашақта өмір сүру қиын болады. Алматының ауасын жақсарту үшін бізге электр транспорттар өте қажет. Көліктердің жанар маймен жүруі ауаға үлкен зиянды әсерін беріп жатыр. Метро іске қосылса, оның да пайдасы болар еді.
«Қазгидромет» мәліметі бойынша Алматыда шаң-тозаң индексі 2001 жылғы 1,17-ден 2006 жылы 1,95-ке дейін артқан. Мамандардың айтуынша, шаң-тозаң деңгейіне кері әсер етіп отырған бір фактор - қала орталығында жұмыс істеп жатқан құрылыс алаңдары. Сондай-ақ мамандар желдің, күн сәулесінің энергиясын пайдалану арқылы көптеген жетістіктерге қол жеткізуге болады деп отыр.
- Алматыда ауа ауыспайды. Жел жоқ. Ауаны көліктер құртып жатыр. Зәулім үйлер көптеп салынып жатыр. Біз желдің күшін, күннің сәулесін пайдалануымыз керек. Қазір ақша бар кезде осыларды экономикаға енгізген дұрыс. Алматыда үнемі күн ашық. Күн сәулесін пайдаланса, көмір мол көлемде жағылмайтын еді, - дейді «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэльс Елеусізов.
Өткен жылы Алматы қаласында тіркелген автокөліктердің саны жарты миллион болса, биылғы жылдың басынан бері олардың қатарына тағы 19 650 автокөлік қосылған. Сондай-ақ қалаға күн сайын көрші облыстардан 150-200 мың автокөлік қатынайды..
XS
SM
MD
LG